Белгілі футболшы 5 жасар ұлын тұншықтырып өлтіргенін мойындады

Түркиялық «Бурса Йилдирим Спор» әуесқой футбол клубының ойыншысы Цевхер Токташ өзінің 5 жасар ұлын өлтіргенін мойындады. Бұл туралы Daily Sabah басылымы хабарлады.

Футболшы өзінің қылмысы жайлы арада 11 күн өткен соң айтты. Токташтың ұлын COVID-19 індетін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызған. 32 жастағы спортшы баласында қатты жөтел пайда болған соң, дәрігерлерді шақырыпты.  Баласымен бірге өзі де ауруханаға жатқан.

23 сәуірде Цевхер Токташ баласының тыныс алуы қиындағандықтан дәрігерлерді дереу палатаға шақырған. Алайда ақ халаттылар оның ұлын құтқара алмапты. Коронавирусқа тән белгілер болғандықтан, дәрігерлер баланың өлімін індеттің салдары деп ұққан. Алайда арада біраз уақыт өткен соң футболшы полицияға жүгініп, қылмысын мойындады.

Цевхер Токташтың айтуынша, палатада екеуі оңаша қалған кезде ол өз ұлын жастықпен тұншықтырып өлтірген. Спортшы мұны баласын ешқашан жақсы көрмегендігімен түсіндірді. Токташ өзінің ешқандай психикалық ауруға шалдықпағанын алға тартқан.

Полиция футболшыны тұтқынға алды. Ол баласын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Back to top button