Жаңалықтар

Қарағандыда Жеңістің 75 жылдығын 64 ардагер қарсы алды

ашық дереккөзі

Қарағандыда Жеңістің 75 жылдығын 64 ардагер қарсы алды

Тарихи деректерге үңілсек, соғысқа Қарағанды аймағынан 45 мың адам аттанып, соның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған. 33 адам Кеңес Одағының батыры атанса, 7-еуі Даңқ орденінің толық иегері болды. Өкінішке қарай, Отан үшін от кешіп, қанды қырғыннан аман оралған батыр аталарымыздың қатары жыл санап сиреп келеді. Қазір облыста 64 ардагер бар. Биыл мереке қарсаңында әрқайсына 1 миллион теңгеден көмек берілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Жалпы Қарағанды өңірінің Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Аз уақыт ішінде 28 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелткен. Қарағанды, Жезқазған, Қоңырат кеншілері мен Балқаш, Қарсақпай металлургтері, колхоз еңбеккерлері тылда тынымсыз еңбек етіп, әскерді қамтамасыз етті. Мұрағат құжаттарында 22 мың пұт астық, 55 трактор, 40 соқа, 11 мың ірі қара, 40 мың ұсақ мал, 2 миллион сом ақша жіберілгені айтылады. Майдан сұранысын мүлтіксіз орындау үшін өндірісті өңір қаншама оқ-дәрі де жөнелткен. Соның бірі – Қарсақбай зауыты. Сол кезде темір жоныған станоктар мұнда әлі жұмыс істеп тұр. "Шамалы жерлері бұзылып жатса өзіміз жөндеп аламыз. Бұл соғыс уақытында да істеген станоктар дейді. Ол уақытта біз жоқпыз ғой, ата-бабаларымыз істеген дейді. Снарядқа дейін жонған дейді осы станоктарда", - дейді зауыт жұмыскері Әбдімәлік Пракенов.