Лукашенко коронавирусты бір айда жеңуге уәде берді

Лукашенко коронавирусты бір айда жеңуге уәде берді

Лукашенко коронавирусты бір айда жеңуге уәде берді
ашық дереккөзі
Белоруссия президенті  Александр Лукашенко коронавирусты бір ай ішінде жеңетінін мәлімдеді, деп хабарлайды БЕЛТА. Лукашенко коронавируспен күресте Беларусь елі таңдаған тәсілдің тиімділігіне шүбә келтірмейтінін тағы да қайталады. «Біз өз жолымызды таңдадық. Дұрыс істегенімізге көзім анық жетеді. Біз төтенше жағдай режимін енгізген жоқпыз», – деді ол. Белоруссия басшысы әр адамның өмірі үшін күресудің маңызына тоқталып, мемлекет дәл сол бағытта әрекет етіп жатқанын жеткізді. «Біз бұдан әрі қарай да осы жолмен жүретін болсақ, бір айдан соң коронавирус туралы ұмытамыз», – деп сендірді президент. Елде індет жұқтырғандар саны артқанына қарамастан, Белоруссияда әлі күнге дейін карантин шаралары енгізілген жоқ. Лукашенко мұны экономикалық қауіп-қатерлермен түсіндіріп, әлемнің эпидемияға көзқарасын бірнеше мәрте психоз деп атады. 9 мамырда Минскте Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад өтеді. «Егер біз үрейленіп, інімізге тығылатын болсақ, адамдар бұл әрекетімізді құптамайды», – деді әскери шеруді өткізбеудің мүмкін еместігін түсіндірген Белоруссия басшысы. Соңғы дерек бойынша, бұл елде 20 168 адамнан коронавирус анықталған. Індет жұқтырғандардың 116-сы көз жұмды. Еске сала кетейік, бұған дейін ДДСҰ Белоруссияда індеттің өршуіне алаңдаушылық білдірген болатын.