Дәрігер еңбегі ескерусіз қалмайды

Дәрігер еңбегі ескерусіз қалмайды

Дәрігер еңбегі ескерусіз қалмайды
ашық дереккөзі
Елімізде COVID-19 пандемиясына  қарсы күреске қатысып,  науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Індеттің күн сайын өршіп бара жатқандығын ескеріп отырған мемлекет  халықтың денсаулығымен қатар әлеуметтік жағдайын да басты назарда ұстап отыр. Әсіресе, коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тынымсыз еңбек атқарып жүрген ақ халаттыларға барынша қолдау қарастырылған. Бүгінгі таңда «Біргеміз» қоры медициналық қызметкерлер арасында 2500 дәрігерге 50 мың теңге көлемінде үстемеақы төлеген.  Адам жанының арашасы болар аса жауапты мамандық иелерінің еңбегі шынымен де зор. Қазір көптеген дәрігерлер мен мейірбикелер үйлеріне бармастан ауруханада тапжылмай еңбек етіп жатыр. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін қолдауға барлық ресурстарды жұмылдыру үстінде. Президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша пандемиямен күрес бағытында елімізде  26 мыңнан астам медицина қызметкеріне жалпы сомасы 33,8 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, медициналық қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтандыру аясында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлемдер де  қарастырылған. Жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігін болдырмау үшін қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындар мен тігін цехтары күніне 800 мыңға жуық медициналық бетперде шығаруды қолға алған. Мұндай игі бастамаға елде  75-ке жуық тігін кәсіпорны жұмылдырылған. Дәл бүгінгі күні елімізде 20 мыңнан астам медицина қызметкері ақысыз байланыс пен интернет пакеттерін тегін тұтынуға мүмкіндік  алды. Көптеген мейрамханалар мен дәмханалар  дәрігерлерге тегін түскі ас ұсыну қызметіне кірісті. Дәл қазіргі таңдағы қиын шақтарда  дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болып қана қоймай, оларды жан-жақты қолдай білуіміз де – ауызбіршіліктің белгісі.   Оларды  адам өміріне араша түсіп жатқан «бүгінгі күннің батырлары» десек те болатындай.  Президент бұған дейін індетке  қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген маман иелеріне қосымша қолдау көрсету жөнінде нақты шешім қабылдағанын, дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемақы төленетінін жеткізген еді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдаулар дәрігер мамандарға қосымша күш-жігермен қатар  азаматтық жауапкершілікті де еселей  түсетіні айтпаса да түсінікті. Ел билігі ақ халаттылардың амандығына  аса алаңдаулы.

Әсел Жақсыбай