Birgemiz қорына қайырымдылық көмек аударуға ниеттілер қатары артты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоры коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған дағдарыспен күреске және қиындыққа тап болған тұрғындарды қолдауға өлшеусіз үлес қосуда.

Бүгінде Birgemiz қорына 20 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Қор қаржысы есебінен халықтың әлеуметтік әлсіз санатына кіретін 150 мыңнан астам отбасыға  50 мың теңгеден аударылды.  Мұқтаж отбасыларға көмек көрсету жүйелі түрде және ашық жүргізілді.

Елбасы тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қолдау шараларының екінші кезеңі басталды. 23 қалада 50 мың теңге көлеміндегі біржолғы төлем бұрын көмек алмаған 210 мың мұқтаж отбасына қолдау ретінде берілетін болады. Отбасылық коэффициентті ескерсек, осы жолы берілетін көмек 1 миллионға жуық адамды қамтымақ.

Қолдау шараларын жүзеге асыру алгоритмі жасалды. Өңірлерде қажетті инфрақұрылым – жедел штаб және аймақтық қорлар құрылды. Жауапты басшылар мен атқарушы менеджерлер бекітілді. Екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл да жолға қойылған.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер Қордың ашық та айқын қызметіне көз жеткізіп, қайырымдылық көмек аударуға ниеттілердің қатары артуда.

Birgemiz қоры аз қамтылған отбасыларды ғана емес, індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлерді қолдауға және ардагерлерге қамқорлық көрсетуге де айрықша көңіл бөліп келеді.

 

Back to top button