Таулы Қарабақтағы қақтығыстың артында кімдер тұр?

 Таулы Қарабақтағы қақтығыстың артында кімдер тұр?

 Таулы Қарабақтағы қақтығыстың артында кімдер тұр?
ашық дереккөзі

Жер дауы – бағзыдан бері жа­найқайға айналатын ауыр мәселе. Туыр­лықтай жер үшін құдайы көр­шілер күнде қырқысып, бұрынғы одақтастар өзара қырғи-қабақ болып жататыны үйреншікті жағдайға айналып барады. Ресей мен Украина арасындағы Қырым дауына қатысты халықаралық қауымдастық ешқандай ортақ тоқтамға келе алмады. Өзара экономикалық санкциялар алмасып, қайшылас саяси мәлімдемелер жасап, бір-біріне доқ көрсетуден аса алмай жүргенде, бұл кикілжіңнің шежіресі екі жылды толтырды. Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын Таулы Қарабақтың Армения мен Әзірбайжан арасында талас-тартысқа себепші болып, содан бері аузы бітпеген жараға айналғаны сияқты. Әні, ширек ғасырдан бері емі табылмаған жара қайтадан асқынып, аймақтық тұрақсыздық туғызуға шақ қалды. Ғаламдық және аймақтық көшбасшылар үшін тағы бір бас ауруы пайда болды. Сәуір айы Таулы Қарабақтағы тыныштықты бұзып, армян-әзірбайжан әскери күштері арасындағы атыс-шабыспен басталды. Екі елдің арасындағы халықаралық келісімді қайсысының бірінші болып бұзғаны анық емес, екі жақ бірін-бірі айыптап жатыр. Таулы Қарабақ жанжалының қайтадан ушығуы қазіргі сәтте ТМД мүшелері үшін түгел залалды. ТМД не, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарт ұйымына да, кеше ғана құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа да салқынын тигізбек. Әзірбайжан біріншісіне, ал Армения үшеуіне де мүше. Егер екі көрші ашық соғыс қимылдарына көшер болса, түрлі ұйымдардағы одақтастары екеуінің бірін жақтап, қолдау білдіруге мәжбүр болады. Бұл дегеніңіз, не Бакумен, не Ереванмен қарым-қатынасты үзу деген сөз. Ресей үшін Таулы Қарабақтағы кикілжіңнің тигізер әсері екіжақты. Бір жағынан, Армения мен Әзірбайжанның арасында бітімгершілік миссиясын атқару арқылы Ресей халықаралық саясаттағы беделін жақсарта алады. «Қырымға аннексия жасады» деп қырын қараған Батыс аймақтық кикілжіңдерді шешудегі Кремльдің әсіребелсенділігімен санасуға мәжбүр. Жарты жыл бұрын Сириядағы «экстремизм ошағын жою» желеуімен әуеден әскери шабуыл жасаған Ресейден тағы не күтуге болатынын ешкім болжап біле алмайды. Бірақ қит етсе тоқпағын ала жүгіру Кремльдің өзіне де тиімді емес. Әрі халықаралық имиджін құртып болды. Сондықтан Таулы Қарабақ жанжалын неғұрлым бейбіт, яғни дипломатиялық жолмен шешуге тырысып бақты. Кремль Бакуге сыртқы істер министрі Сергей Лавровты, ал Ереванға премьер-министр Дмитрий Медведевті жұмсап, атыс-шабысты тезірек тоқтатуға күш салды. Президент Владимир Путиннің өзі телефон арқылы екі тараппен де қайта-қайта сөйлесіп, жауласқан көршілерді мәмілеге шақыруы тегін емес. Екінші жағынан, бұл кикілжіңнің қызуын қоламта кезінде өшірмесе, күрт өсіп, екі елдің емес, өзара дүрдараз біраз мемлекеттердің арасындағы күш сынасуға әкеп соғуы мүмкін. Мысалы, Ресеймен қарым-қатынасы суыған Түркия бұл жағдайдың арты неге соғарын жіті бақылап, көз алмай қадағалап отыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ашықтан-ашық «Біз Әзірбайжанды ақырына дейін қолдаймыз» деп мәлімдеді. Мәскеу мен Анкараның арасын онсыз да үскірік шалып тұрғанда, Ереванмен егестің соңы нендей дауылға себеп боларын кім білсін. Сондықтан Мәскеу Таулы Қарабақ жанжалын өз беделімен басуға мүдделі. Иә, атыс тоқтады, қақтығыс уақытша саябыр тапты. Төрт күндік соғыс екі жақтан ондаған, ал бейресми деректерге қарағанда, жүздеген боздақтардың өмірін қиды. Қарабақтың талас төркіні болуы ширек ғасырдан бері ешкімге жаңалық емес дедік. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қарулы қақтығыстар кезінде екі жақтан 30 мыңдай адам көз жұмған. Ақыры, 1994 жылы АҚШ, Ресей мен Франция кіретін ЕҚЫҰ Минск тобының араласуымен Таулы Қарабақ Армения ықпалында қалып, өз-өзіне дербестік жариялады. Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас он үш аудан Арменияның ықпалында қалды. Бұл – Әзірбайжан территориясының 14 пайызы. Бірақ сол уақыттан бері ЕҚЫҰ Минск тобы қанша кездесулер мен келіссөздер өткізсе де, екі елдің арасындағы территориялық дауды шешудің анық та нақты шешімін таба алмағандары қынжылтады. Ресей мен Украина қарым-қатынасын реттеу үшін де «Норманд төрттігі» деп аталатын топ құрылғаны мәлім. Бұл топ екі жылдан бері талай кездесу ұйымдастырғанымен, Украинаның шығысында тыныштық орнауына оның ықпал-әсері шамалы. Мұның бәрі БҰҰ бастаған халықаралық бітімгершілік топтарының аймақтық қақтығыстарды шешуде әлде қауқарсыздығын, әлде құлықсыздығын, әлде біліксіздігін көрсетеді. Соның кесірінен «күштінің арты диірмен тартадының» кері келіп тұр. Бүгінге дейін жасаған мәлім­де­мелеріне қарағанда, Түркия мен Грузия Әзірбайжанды қолдауға әзір. Мұндай жағдайда Армения шекараның кем дегенде үш тұсынан қыспаққа қалмақ. Ендеше, Ереван Ресеймен әскери әріптестігін пайдаланып, Кремльдің көмегіне жүгінеді. Мұның арты насырға шабатыны сөзсіз. Ресей Бакуді де, Ереванды да қару-жарақпен қамтамасыз етіп келеді. Басқаша айтқанда, құдайы көршілерді мұздай қаруландырып, қаласа – бір-біріне айдап салып, қаласа – бітімге шақырарлықтай қауқары бар. Сондықтан болса керек, Таулы Қарабақ мәселесінің аяқ астынан ушығуын батыстық ақпарат құралдары Мәскеуден көреді. Кешегі аптада Әзірбайжанның «Haqqin.az» сайтында «Әзірбайжанға гибридті соғыс жарияланды» деген мақала жарық көрді. Украиндық сая­саттанушы Евгений Магда Армения мен Әзірбайжан арасындағы жиырма жылдан бері бықсып жатқан оттың өршуіне Ресей кінәлі деп мәлімдеген. Ол «Қарабақтағы оқиғалар Кремль жоспарының бір бөлшегі» дейді. Бұған қоса, саясаттанушының айтуынша, ендігі соғыс тек қарумен емес, қаламмен де жүргізіліп жатыр. Ал Арменияның «Lragir» порталында «Армян-ресей одағының ақыры» деген мақала жарияланды. Мұнда Ресейді Әзірбайжанға әскери қару-жарақ беріп отырғанын хабарлап, «Армения Ресейден қару-жарақ жеткізіп беруді сұрамауы тиіс, оның орнына қару-жарақты несиеге сатып алу туралы келісімнің күшін жойып, Зымыранға қарсы қорғаныс (ПРО) шығаратын мемлекеттерден қорғаныс құралдарын беру жөнінде өтініш жасауы керек» делінген. Материалдың мазмұны армян-ресей достығы мен әріптестігінің бұдан әрі сақталуы күмәнді дегенге саяды. Оңтүстік Кавказдағы кикілжіңнің салқыны Қазақстанға да тиюі мүмкін. Ресми түрде Астана «Тараптарды ұстамдылық танытуға және атыс-шабысты тоқтату туралы келісімдерді қатаң ұстануға шақырамыз» деген мазмұндағы мәлімдеме жасады. Бірақ осы уақытқа дейін Таулы Қарабақты Арменияның күшпен басып алғаны ашық айтылып келді. Оның үстіне, Түркі тілдес елдер одағы аясындағы серіктесі Әзірбайжанға бүйрегі бұратыны жасырын емес. Ал Армения Еуразия экономикалық одағы бойынша серіктес әрі одақтас. Мұндай жағдайда арағайындық жасап, бітімге келуге шақыру – жауапкершілігі ауыр, мәні зор іс. Себебі екі көршіні татуластырып, ауқымды аймақтық қақтығыстың алдын алу – Еуразиядағы тұрақтылықтың мәселесі болмақ. Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға дейін Ереванда өтеді деп жоспарланған Еуразиялық экономикалық ода­ғы басқосуының аяқ астынан Мәскеуге ауыс­тырылуы Армения бас­­шы­лығының наразылығын тудыр­ға­нын байқау қиын емес. Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарт ұйымы әрі Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі ретінде Армения өз серіктестерінен толықтай қолдау таппайтынын сезген тәрізді. Оның үстіне, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Армения Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке қабылданар алдында Әзірбайжанға тиесілі жерлерді қайтарып беру керектігін қадап айтқан еді. Екі ел арасындағы жер дауының барынша бейбіт жолмен шешілуін құптайтын Астананың ұстанымы осыдан жиырма екі жыл бұрын қабылданған БҰҰ резолюцияларымен үндес. Атап айтқанда, 1993 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрт бірдей резолюция қабылдап, Армения Әзірбайжаннан басып алған территорияларды қайтарып беруі тиіс деп мәлімдеген болатын. Бірақ президент Серж Саргсян бұл талаптарға құлақ асатын емес. Жалпы, Серж Саргсянның 1988 жылы Таулы Қарабақ парламентінің Әзірбайжан құрамынан шығып, Арменияға қосылу туралы шешім шығаруына тікелей қатысы бар деседі. Америкалық «Bloomberg» сайты Серж Саргсянның сол тұста Таулы Қарабақты бөліп әкетуді қолдаған жергілікті белсенділердің бірі болғанын жазады. Таулы Қарабақта оқ атылып, оқшантайға қайта салынды. Әупіріммен соғыс өрті тұтанбай қалды. Бірақ кикілжіңнің түбегейлі шешімі табылмағандықтан, бұл тыныштықтың уақытша екені әмбеге аян. Жылт еткен оттан тұтануға даяр қоламтадай іштей қыз-қыз қайнап жата бермек. Біздіңше, ғаламдық саясаттың мозаикасында барлық кикілжіңдер мен қақтығыстар бір-бірімен шырмауықша шатысып, астасып жатыр. АҚШ пен Ресей арасындағы біріншілікке бәсекелестік, Мәскеу мен Анкараның ымырасыздығы, Сириядағы бітпес соғыс, Еуропадағы миграциялық дағдарыс, Украинадағы тұрақсыздық пен Таулы Қарабақтағы қақтығыстардың арасында көзге көрінбес желі бар. Себебі қай-қайсысында да негізгі қатысушы кімдер екені белгілі. Ендеше, көптеген қақтығыстардың артында солар тұр деу қисынды.

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания