Жаңалықтар

Карантин кімге кедергі, кімге қыруар пайда...

ашық дереккөзі

Карантин кімге кедергі, кімге қыруар пайда...

Әлем елдерінде жарияланған карантин кино әлеміне де өз әсерін тигізіп отыр. Абыр-сабыр, у-шу болып жататын түсі­рілім алаңдары бүгінде қаңырап бос қалған. Ал кинотеатрлар есігін тарс жауып, көрерменмен ұзақ уақытқа қоштасуға мәжбүр болды. Universal Pictures студиясы өзінің бо­ла­шақ жобаларын ендігі жер­де VoD фор­матында және үлкен экран арқылы қа­тар шығаратынын мәлімдеді. Студия өкіл­дерінің мұндай мәлімдеме жасауына жа­қында «Тролльдер. Әлемдік тур»  мульт­фильмінің онлайн форматта кө­рер­­менге сәтті жол тартып, прокаттан үш апта ішінде 100 млн доллар пайда табуы себеп болып отыр. Universal Pictures студиясының бұл әрекеті әлем бойынша кино көрсетуші компания иелерінің нара­зылығын ту­ды­рып отыр. АҚШ кино­театр иелерінің Ұлт­тық ассоциациясы  (NATO) мен UNIC Ев­ропа кинотеатр­лары­ның ассоциа­циясы,  AMC және Cineworld ірі желілері мұн­дай шешімді айыптап, Universal ком­паниясымен әріп­тестікті тоқтататын­дарын мәлім­деді. Ал Қытай билігі кинотеатрларды қо­л­дау мақсатында үлкен экран ар­қылы көр­сетілуі тиіс фильмдердің он­лайн фор­матта көрсетілуіне тиым салып, атал­­ған фильмдердің бірнеше күн ки­нозалдарда көрсетілген соң ғана онлайн нұсқада шығатынын айтты. Біздің елімізде де кинотеатрлар мен студиялар арасындағы ке­ліс­пеушілік қы­лаң бере бастады. Қазақ­стандағы Kinopark-Kinoplexx Theatres ірі ки­нотеатрлар желісі отандық кей­бір продю­сер­лер фильмдерін жаз ай­ларында көр­сетуге дайын болса ки­но­театрларға үлкен қолдау екенін айтады. Құралай Анар­бекова мен Тимур Бақты­баев қана фильмдерінің тұсаукесерін шілде айының басына қоюға дайын болған. Егер осы екі кино өндіруші бол­ма­ғанда қа­зақстандық кинотеатрлар жаз ай­ларында көрермендерге ұсынар еш­теңе тап­пас еді. Ал өзге кино түсі­ру­шілер өз мүд­делерін ойлай отырып, мәмілеге кел­местен, кинотеатрларды кон­тенттен ажыратып, фильмдерінің тұ­саукесерін күз-қыс айларына ауыс­тырған. Осыған дейін отандық кино түсірушілерді қолдап келген Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясы алдағы уақытта еліміздегі кино өндірушілермен қарым-қатынасын қайта қарайтынын, тіпті кейбір картиналардың тізімде аз көрініп, ал қалғандарының көрсетілімге шықпайтынын мәлімдеді. Алпауыт компаниялар мен кино түсірушілер бір мәмілеге келе алмай жатқанда қарапайым халықтың ки­нотеатрға баруға ынтасы бола қояр ма екен деген заңды сауал туындайды. Ки­нотеатрлар есігін айқара ашқанның өзін­де халық жапа-тармағай кино­зал­дарға асығады дей алмаймыз. Өйткені кө­рермен COVID-19 инфекциясын жұқ­тырудан қорқады. Оның үстіне каран­тин жағдайында халық табысынан айы­рылғандықтан, алдағы уақытта көңіл көтеруге жұмсайтын қаржы кө­лемін қысқартуы да мүмкін. Карантин жарияланғалы бері еліміздегі театрлар да қашық­тық­тан жұмыс істеуге көшіп, қойы­лым­дарды онлайн нұсқада ұсынып отыр. Ка­рантин режимі біткенше қойылым­дарды залда отырып көруге рұқсат жоқ. Театр­лар күнделікті жұмысқа кіріс­кен күннің өзінде, 1 шілдеге дейін кө­рер­мен қабылдай алмайды. Сонымен қа­тар ойын-сауық және сауда орта­лық­тары, кинотеатрлар, мейрамханалар, сая­бақтар мен адам көп жиналатын бас­қа да орындар әзірге жабық болады.