Әлемдік БАҚ әлеуметтік желіге иек артып отыр

Әлемдік БАҚ әлеуметтік желіге иек артып отыр

Әлемдік БАҚ әлеуметтік желіге иек артып отыр
ашық дереккөзі
Ақпараттық технологияның күн санап жаңарып, жетіліп отыруы адамдардың өмір сүру салтына үлкен өзгеріс жасады. Кезінде ақпаратты даярлау, тарату жұмыстары ұжымдық еңбектің қуатына сүйенетін болса, қазір жекелеген адамдар бір ғана смартфоны арқылы жаңалықты бірінші болып таратуға қол жеткізе алады. Сол сияқты дәстүрлі медиа саласы да аудитория сұранысын қанағаттандырудың жолында барлық мүмкіндікті пайдалануға бет алды. Соңғы кездері дәстүрлі БАҚ иелері өзінің аудиториясын жоғалтып алмау үшін және оның ауқымын ұлғайту мақсатында әлеуметтік желіні кеңінен пайдаланатын болған.  Мәселен әлемдік БАҚ-тың кейбірінің әлеуметтік желідегі белсенділігі төмендегідей.
Әлемдік БАҚ Facebook желісіндегі оқырмандар саны Instagram желісіндегі оқырмандар саны Youtube желісіндегі оқырмандар саны
BBC News 51 млн. 12.5 млн. 7.3 млн.
CNN 32 млн. 11 млн. 9.4 млн.
NYTimes 17 млн. 8.6 млн. 2.7 млн.
The Guardian 8.6 млн. 3 млн. 1 млн.
Financial Times 3.9 млн. 1.9 млн. 434 мың
Ал біздің отандық БАҚ өкілдерінің де кейбірі өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді түрде жүргізіп келеді.
Отандық БАҚ Facebook желісіндегі оқырмандар саны Instagram желісіндегі оқырмандар саны Youtube желісіндегі оқырмандар саны
Nur.kz 307 мың 765 мың 22.6 мың
Tengrinews 86 мың 1.5 мың 450 мың
Zakon.kz 72 мың 335 мың -
Седьмой канал 14 мың 306 мың 1.8 млн.
Qazaqstan 80 мың 459 мың 1.5 млн.
Informburo.kz 55 мың 123 мың 1.23 млн.
КТК 47 мың 332 мың 434 мың
Хабар 24 20 мың 233 мың 676 мың
Kazakh TV 8 мың 11 мың 110 мың
Әлемдік БАҚ-тың әлеуметтік желілерде ақпарат өнімдерін насихаттаудың негізгі әдістері мынадай:
  • Әлеуметтік желілердің ерекшелігіне қарай контентті бейімдеу;
  • Сауалнама жүргізу және аудиториямен кері байланыс жасау;
  • Мультимедиялық өнімдерге баса назар аудару;
  • Контентке оқырмандардың географиясы, жас ерекшелігі мен қызығушылығы бойынша таргет жүргізу;
  • Жаңалықтар лентасында шығарылымдарды бекіту және олардың іздеу функциясын оңтайландыру.
Енді осы аталған тәсілдердің әрқайсына жеке-жеке тоқталсақ.

Әлеуметтік желілердің ерекшелігіне қарай контентті бейімдеу

Әлемдік БАҚ әлеуметтік желілерді негізінен «шұғыл және маңызды жаңалықтарды» тарату үшін пайдаланады. Дәлел ретінде, «шұғыл және маңызды» белгісі бар жаңалықтардың оқылымы 57 пайыз көрсеткішін көрсетсе, бұл басқа жаңалықтар категориясымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің бір ерекшелігі жаңалықтарды жариялаған кезде оның одан әрі таралуына даму тарихы функциясын қосуға мүмкіндігінің болуы. Facebook мәліметтеріне сүйенсек ақпарат редакциялары аз уақыт аралығында бірнеше жаңалықтар тізбегін жариялауы мүмкін. Бұл уақытта аудиторияның белсенділігі 10 пайызға артады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері әлеуметтік желілерде ресми ресурстарда жарыққа шықпайтын «эксклюзивті» өнімдерін жариялайды.

Сауалнама жүргізу және аудиториямен кері байланыс

БАҚ өз аудиториясымен кері байланыс орнату үшін және сауалнама жүргізу мақсатында әлеуметтік желіні кеңінен пайдаланады. Мысалы, әр түрлі оқиғалар туралы пікірлер жинап,  жарияланған материалдардың сапасы туралы пікірді білу мақсатында сауалнама жүргізеді. Сонымен қатар, оқырмандар тікелей эфир арқылы немесе пікір қалдыру арқылы БАҚ редакциясына сұрақ қоя алады. Facebook ұсынған мәліметтерге сүйенсек, БАҚ парақшаларындағы оқырмандар сұрақтарына жауаптар берген посттар, басқа посттарға қарағанда 14 пайыз көп пікір жинап,  кері байланыс орната алады.

Мультимедиялық өнімдерге баса назар аудару

Бағдарламалық қамту қызметімен айналысатын америкалық HubSpot компаниясының мәліметіне сүйенсек фотосуреті бар посттар фотосыз посттарға қарағанда 50 пайызға артық  «ұнайды» белгісін жинай алады. Әлемдік бұқаралық медиа стандартты кескіндемелермен қатар, графиканы, карикатураны және аудитория назарын аударту үшін анонстық қысқа видеоларды да пайдаланады. Ескере кететін жайт, видеолар ұялы телефондар арқылы көруге негізделген. Мысалы, «сторис» үшін фотолар мен видеолар толықэкранды вертикалды форматқа түрлендіріледі.

Контентке оқырмандардың географиясы, жас ерекшелігі мен қызығушылықтары бойынша таргет жүргізу

БАҚ-та мақала жариялаудың тиімділігі – жарияланған материалдың оқырмандар қызығушылығын қаншалықты тудыра алғанына тікелей байланысты. Сол себепті БАҚ жарияланған мақалаға парақшаның оқырмандары болып саналмайтын пайдаланушылардың елі, қаласы, жас ерекшелігі мен кәсіби, жеке қызығушылығына қарай таргет жүргізеді. Жаңалықтар лентасына қызығушылық танытатын аудитория үшін арнайы жарнамалық пост жарияланады. Мысалы, БАҚ өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазылмаған Нью-Йорк қаласының жас тұрғындарының әлеуметтік парақшаларына жарнама ретінде белгілі бір пост келуі мүмкін. Жазылған пікірлер сараптамасы негізінде («ұнайды» белгілеулері, пікір алмасудың көлемі) мақаланың мазмұны бейімделіп, оқырмандар пікірін аз жинаған материалдар жаңалықтар лентасынан алынып тасталады. Жаңалықтар лентасында шығарылымдарды бекіту және олардың іздеу функциясын оңтайландыру Әлеуметтік желідегі парақшаның танымалдылығын арттырудың ең тиімді тәсілі – іздеу функциясын оңтайландыру. Сол себепті, профильде БАҚ парақшасына сипаттама болу керек. Бұл сипаттама оқырмандардың ең жиі сұрау салатын сұрақтарына жауап беретін болу қажет.    Көптеген БАҚ маңызды мақалаларды жаңалықтар лентасында бекіту мүмкіндігін жиі қолданады. Бұл оқырмандар тарапынан парақшаға деген қызығушылықты өсіреді. Қорыта айтар болсақ қазіргі таңда БАҚ аудиториясын сақтап қалу және кеңейту үшін әлеуметтік желіні пайдалану ең тиімді тәсіл болып саналады. Шетелдік БАҚ-тағы жаңалық пен техногоиялық серпіліс отандық медиа саласын да айналып өтіп жатқан жоқ. Әлемдік медиа нарықтағы өзгерістер жайлы «Медиа дамыту қоры» мамандары негізгі дереккөздер арқылы сараптама жасап келеді. Қазақстандық БАҚ-тың жан-жақты жаңару  үшін өзгелердегі озық үлгілер әрқашанда артық болған емес.

Б.Балықбай