Қазақстан Президенті Ереванға бармады
Қазақстан Президенті Ереванға бармады
Таулы Қарабақ мәселесінде Қазақстан Бакудің ұстанымын қолдайды. Өйткені Қазақ елі үшін Әзірбайжанның территориялық тұтастығы қымбат. Екі ел арасындағы жер дауын бейбіт жолмен және халықаралық заңнамалар шеңберінде шешуді ұсынған Астанаға Ереван наразы. Әзірбайжандарды емес, өздерін қолдауды қалайды. Әлбетте, Астананың оларға айтар уәжі бар.
Тарихы мен тамыры бауырлас Әзірбайжан – Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыда стратегиялық серіктесі. Ұзақмерзімдік келісімшарттармен қатар арада рухани байланыс та бар. Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыстан кейін іле-шала Ереванда өткізілген Еуразиялық экономикалық одақтың отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысқан жоқ. Оның себебі, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауына қатысты мәселеде қазақ және беларусь басшы әзірбайжандарды қолдайды. Лукашенко тіпті, Бакуге әскери көмек берілетінін ашық мәлімдеді. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі екі мемлекет жер дауын бейбіт жолмен шешуі керектігін айтты. Отырыстан бас тартқан Назарбаев пен Лукашенконың үстінен Ресей премьері Медведевке шағымданған Армения президенті Серж Саргсян: «Еуразиялық экономикалық одақ бойынша біздің серіктесіміз саналатын кейбір әріптесіміз Еревандағы алдын ала жоспарланған отырысқа келуден бас тартты. Олар ЕАЭО отырысына немқұрайды қарады. Бұл әрекеттері арқылы Әзірбайжанға қаншалықты көмектескенін білмеймін, бірақ Одақтың беделіне нұқсан келтіргені анық», – деді. Әлбетте, Серж Саргсянның сөзінің астарында «Таулы Қарабақ мәселесінде ЕАЭО мүшелері түгел бізді қолдауы тиіс» деген дөңайбат жатыр. Бірақ әзірбайжандар жерін күштеп басып алған армяндарды қолдамайтынын, керісінше, Әзірбайжанның территориялық тұтастығының сақталуына мүдделі екенін Қазақстан бірнеше жыл бұрын айқын аңғартқан. Тіпті, 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойған отырыста Нұрсұлтан Назарбаев Армения Таулы Қарабаққа қатысты даулы мәселені шешіп алмайынша, ЕАЭО мен Кедендік Одаққа мүше бола алмайтынын, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бекітілген талаптарды орындағаннан кейін ғана аталған ұйымдарға мүшелікке өту құқы барын ашық мәлімдеді: «Әзірбайжанның наразылығына қалмас үшін сіздер Дүниежүзілік сауда ұйымына осылай (Таулы Қарабақсыз – Н.Ж.) кірдіңіздер. Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына да Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен шарттар бойынша мүше болуларыңыз керек». Сол жиында Арменияның Одаққа мүше болу мерзімін 2014 жылдың 15 маусымына белгілеуді өтінген Саргсянның меселі қайтты. Елбасының «екі Одаққа Таулы Қарабақсыз кел», – деген талабына Саргсян үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұған әсіресе, армяндардың оппозициясы қатты наразы болды. Өкінішке қарай, Кремльдің тізеге басуымен, Армения Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке қабылданды. Алайда Қазақстан Таулы Қарабаққа қатысты ұстанған бағытынан тайған жоқ. Ереванда өткен ЕАЭО отырысына Назарбаевтың бармай қалуы – соның дәлелі.
Армяндар бейбіт келісімді бұзды
Негізі Қазақстан Президенті Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауында Бакуді қолдайтынын 2013 жылдың желтоқсанында да ашық білдірген болатын. Арменияның Кедендік одаққа кіру мүмкіндігі мен жол картасының дайындалып қойғанына тоқталған Елбасы Таулы Қарабақтағы түйткілдер түбегейлі шешілмейінше, яғни, Армения құрамындағы Таулы Қарабақ республикасының ресми мәртебесі халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалмайынша, Арменияның Кедендік одаққа қабылдануы мүмкін еместігін ескертті. Бірақ армян билігі Армения мен Таулы Қарабақтың егіз ұғым екенін, Қарабақтан ешқашан бас тартпайтынын жеткізді. Баку мен Ереван арасында аяқ астынан бұрқ ете қалған таяудағы қарулы қақтығыста Қазақстан Арменияны қолдамағаннан кейін армяндардың ақпарат құралдары «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мүше болса да, Қазақстан қолдамады. Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісін Армениядан қуып шығу керек», – деп аттанға басты. Негізі тарихи деректерге сүйенсек, Қазақ елі о бастан Әзірбайжандардың территориялық тұтастығының сақталуын қалайды. 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін-ақ тәуелсіздікке ұмтылған Әзірбайжан мен Арменияны халықаралық қауымдастық егемен ел ретінде 1992 жылдың басында таныды. Көршілес жатқан екі мемлекет арасындағы Қарабақ дауы да сол кезде өрши түсті. Кеңестер үкіметінің құрамында болған әр республика шекара сызығын сол КСРО тұсындағы белгілер бойынша сызып алған болатын. Жерінің тұтастығын көздеген әзірбайжандар да 1988 жылы армяндар күштеп басып алған Таулы Қарабақты 1992 жылы өздеріне қайтарып алуға тырысқан. Тәуелсіз мемлекеттің жеріне қол салу әлемдік қауымдастықтың наразылығын тудыруы мүмкін болғандықтан, армяндар айлаға басты: Таулы Қарабақты Ереванға бағынбайтын тәуелсіз республика деп жариялады. Степанакерттегі 1988 жылы құрылған Таулы Қарабақ автономиялық облыстың аймақтық кеңесі кеңестік заңдар бойынша автономиялық облыстар жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттердің құрамынан шығып кетуге құқылы екенін көлденең тартты. Іле-шала Таулы Қарабақ республикасының құрылғанын мәлімдеді. Әлбетте, жер дауынан көз ашпаған Қарабақты әлемдік қауымдастық егемен ел ретінде таныған жоқ. Тек Оңтүстік Осетия, Абхазия сияқты Кремль қолтығына су бүріккен әрі ресми тұрғыда мойындалмаған аймақтар ғана Таулы Қарабақ республикасына қолдау көрсетті. 1992 жылы тұрғындар саны 100 мыңнан сәл-ақ асатын Таулы Қарабақтың «егемендік алуы» шын мәнісінде армяндардың саяси ойыны. «Олар бізге бағынбайтын тәуелсіз аймақ», – дегенді сылтауратқан Ереван сырттай бақылаушы ретінде көрінгісі келгенмен, жер дауына тікелей себепкер сияқты. Қарабақта 1992 жылы құрылған парламенттің жаңа спикері әрі аймақ басшысы саналатын Артур Мкртчян мен оның жақтастары «Дашнакцутюн» ұлттық партиясының мүшелері еді. 1992 жылдың сәуірінде Мкртчян жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Ресми хабарламаларда «қару тазалап отырып, байқамай өзін өзі атып алған», – десе, «ұзынқұлақ» керісінше, экс-спикерге қастандық жасалғанын айтады. Мемлекетаралық деңгейге көтерілген жер дауын шешуге, анығында, араағайындық етуге мүдделі топ 1991 жылы Степанакертке келеді. Борис Ельцин бастап барған топ құрамында Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Одан кейінгі келіссөз ресейлік Железноводск шипажайында өткен. Осы жиында өзара тиімді бейбітшілік келісімін анықтайтын Железноводск декларациясы қабылданады. Бірақ бұл келісім көп ұзамай бұзылады. 1992 жылдың 20 қарашасында 22 жолаушысы бар әзірбайжандық тікұшақты Қарабақтың оңтүстік бөлігінде армяндар атып түсіреді. Қаза тапқандар арасында әзірбайжандардың жоғары лауазымды тұлғалары мен бейбіт келісім жасауды жалғастыру мақсатында келген қазақстандық, ресейлік ресми өкілдер бар еді. ҚР Ішкі істер министрінің сол кездегі орынбасары, генерал-майор С.Серіков те тікұшақта ажал құшқандар қатарынан табылды.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ