Cоғыссыз 20 күн: Юрий Никулин жамбылдықтарға не үшін рақмет айтты?

Cоғыссыз 20 күн: Юрий Никулин жамбылдықтарға не үшін рақмет айтты?

Cоғыссыз 20 күн: Юрий Никулин жамбылдықтарға не үшін рақмет айтты?
ашық дереккөзі
1977 жылы Францияда өткен Жоржа Садуля атындағы сый­лыққа, араға он жыл салып 1987 жылы Роттердамдағы ха­лық­ара­лық кинофестивальде сыншылардың арнайы тағайындалған сый­лығына ие болған  «Соғыссыз өткен жиырма күн» («Двадцать д­ней без войны») кинотуындысының алғашқы эпизодтары 1975 жылы қаңтар-ақпан айларында Жамбыл жерінде түсіріліпті. Бұған облыстық архив қойнауында сақ­талған 1975 жылғы 6 ақпанда Шо­қан Уәлиханов атындағы кинотеат­рын­да түсірілген фотосурет айғақ. Ол су­рет­те және облыстық газетте жарияланған ма­қалада фильмнің басты кейіпкерле­рін сомдаған Никулин мен Гурченко, «Ленфильм» киностудиясының ұжымы жам­былдықтармен кездесу өткізіп, фи­льм және оның кейіпкерлері туралы ал­ғаш рет ашық әңгіме жүргізгені си­пат­талған. Константин Симоновтың өтіні­ші­мен фильмнің режиссері Алексей Гер­ман басты кейіпкерді сомдауға май­дан­ды көрген СССР  Халық әртісі Юрий Ни­кулинді шақырған. Ал оның ғашы­ғын бұл фильмде СССР-дің еңбек сіңір­ген әртісі Людмила Гурченко ойнады. Белгілі майдангер-жазушы Констан­тин Симоновтың сценарийі бойынша түсірілген фильмде 1942 жылдың соңы мен 1943 жылдың басы сипатталған. Фильмнің басты кейіпкері майдангер-журналист Василий Лопатин Ста­линград түбіндегі шайқастан кейін 20 күн­дік демалыспен Ташкентте тұрып жатқан туыстарымен қауышуға жол тар­тады. Жол-жөнекей ол қазақ жері­мен де танысып, сол жерден тіпті жа­нына жылу сыйлаған адамды да жо­лық­тырады. Қан майданның бел ортасында жүрген жауынгер, тылдағы бейбіт өмір­ге алғаш үйренісе алмағанымен, қай­тарға уақыт жақындағанда ол өзінің махаббатын тапқанын ұғады. Жамбылдағы кездесу кешінде бас режиссер Алексей Герман «фильмнің «Соғыссыз жиырма күн» деп аталу се­бебі – фильм соғыс жылдарындағы бей­біт күнді сипаттайды»  деп түсін­діріпті. Ал басты рөлді сомдаған Юрий Ни­кулин өзінің шығармашылығы туралы жамбылдықтарға былай әңгімеледі: «Мен көбіне комедиялық фильмдерге түсу арқылы белгілі болғанымды мақ­таныш етемін... Бұл жолы мен аса күр­делі драмалық рөлді атқарамын. Бай­қауымша, ол жаман болып шықпайтын секілді. Өйткені солдат өмірі маған бейтаныс емес. Өзім соғыс кезінде небір айқастарға шыққан адаммын. Оның үстіне қауіп-қатерлі майдан даласында жүргенде-ақ қаруластардың көрке­мөнерпаздар ұжымын  ұйымдастырған болатынмын. Сол тұста жұрт мені бол­ма­шы нәрседен күлкі тудыратын артист, клоун ретінде тани бастаған еді», – дей келе, сықақтарын оқыды. Әртіс сөзінің соңын былай қорытын­дылапты: «Бізді жамбылдықтар үлкен қошеметпен қарсы алды. Тіпті, кино­фильміміздің өзіне белсене қатыса бастады. Оларды көп кешікпей экран­дар­дан, біздің жанымыздан көретін бо­ласыздар. Біздің ұжым аса мейман­достығы үшін қазақ жеріне, Жамбыл жеріне үлкен рақметін айтады». Бұл кез­десу кеші әртістерге қошемет көр­сетумен және «Кавказ тұтқыны» фи­ль­мін тамашалаумен аяқталыпты.  

Назым ҚОЖАМАРОВА