Жаңалықтар

Қазақ хандығы тарихын зерттеп, «қазақ» сөзінің мәнін ашқан

ашық дереккөзі

Қазақ хандығы тарихын зерттеп, «қазақ» сөзінің мәнін ашқан

«Тарихты жасаудан оны жазу қиын» дегендей, өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын қазақ тарихының Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірлерінің өзекті мәселелеріне арнап, бүгінгі күндері осы тақырыптар бойынша ең жетекші маманға айналған тарихшымыз – Тұрсын Сұлтанов. Т.Сұлтановтың есімін тарихшылардан басқа қазіргі қазақ еліндегі қоғамтанушы ғалымдармен қатар, барлық көзі ашық, көкірегі ояу, ел тарихын жақсы көретін оқырмандардың бәрі біледі десем, артық айтқандық емес. Оның Қазақ хандығы тарихының маңызды мәселелері, хандардың шығу тегі, қазақ этногенезі, «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны және тағы басқа мәселелері бойынша жасаған ғылыми тұжырымдары қазіргі таңда отандық тарихнамамыздың осы кезеңдерді зерттеудегі жеткен жетістіктерін көрсетеді. Тұрсын Икрамұлы 1940 жылы 7 ма­мыр­да Алматы облысы Қарасай ау­даны Шамалған ауылында дүниеге кел­ген. 12-13 жасына дейінгі балалық шағы Ша­­­­малғанда өтеді. 6-сыныптан бастап әке­сінің жұмысына байланысты Алматы қа­ласындағы мектептердің бірінде оқуын жал­ғастырады. 1959-1962 жылдары Кеңес әс­кері қатарында Әскери-әуе күштерінің де­сант бөлімінде борышын өтеп келіп, сол кез­дегі Ленинград мемлекеттік уни­вер­ситетінің Шығыс факультетіне түседі. Ма­ман­дануы Таяу және Орта Шығыс елдерінің та­рихы кафедрасында өтіп, есімдері бүкіл әлемге аян шығыстанушы ғалымдар  И.Петрушевский, С.Иванов, А.Желтяков, А.Та­гирджанов секілді ірі мамандардан бі­лі­мін алып, тәрбиесін көреді. Университетте қа­зақ, орыс тілдерінен басқа түрік, парсы, ша­ғатай, ағылшын тілдерін жетік меңгереді. 1967 жылы оқуын бітірген жас талантқа ұстаз­дары мен маманданған кафедрасы ғы­лыммен айналысуға кеңес береді. Сөйтіп, ол сол жылы КСРО ҒА Шығыстану инсти­туты­ның Ленинград бөлімі жанындағы ас­пирантураға қабылданады да, атақты шы­ғыстанушы, Ауғанстан мен Орталық Азия тарихының жетік білгірі В.Ромодин­нің жетекшілігімен ортағасырлық Қазақ­стан тарихымен айналысады. 1971 жылы «Пар­сы-тәжік және түрік тілдеріндегі де­рек­тер бойынша XVI-XVII ғғ. қазақ халқы та­­рихының негізгі мәселелері» атты та­қырып­та кандидаттық диссертациясын қор­ғайды. Одан кейін Алматыға оралып, 1971-1974 жылдары Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология жә­не этнография институтында ғылыми қыз­меткер болып жұмысын жалғастырады. Ғы­лым­мен одан әрі терең айналысу үшін Тұр­сын Икрамұлы 1974 жылы дүние­жү­зін­дегі Шығыстану ғылымының орта­лық­тарының бірі саналатын Ленинград қа­ла­сына қайта оралып, ондағы ҒА Шығыстану институтының бөліміне қызметке тұрады. 1988 жылы Деректану және тарихнама мамандықтары бойынша «XV-XIX ғғ. Орта Азия мен Шығыс Түркістанның тарихи әде­биетінің ескерткіштері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шы­ғады. 2002 жылдан бері профессор атағын алған. 1997 жылға дейін Санкт-Петербор қа­ла­сындағы Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтының бөлімінде жұмыс істеп, осы жылы өзі оқыған уни­вер­ситеттің Орталық Азия және Кавказ та­ри­хы кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауы­сады. Ұзақ жылдар бойы аталған кафед­ра­ның меңгерушісі болып қызмет атқара­ды. Бүгінгі күндері сол кафедраның про­фес­соры ретінде қызметін жалғас­тыру­да. Жер­ле­сіміздің қысқаша ғылыми жолы осындай. Т.Сұлтановтың ортағасырлық Қазақ­стан тарихын зерттеуде қосқан үлесі жө­нін­де әңгімелесек, ғалымның негізгі зерттеу ба­ғыты – XIII-XVII ғасырлардағы Орталық Азияның тарихы, тарихнамасы және де­ректемелік мәселелері. Оның ішінде ор­тағасырлық Қазақстан тарихы басты бір жеке зерттеу бағыты болады десек, қате­леспейміз. Өйткені профессор Т.Сұлта­нов­тың 200-ден аса жарық көрген ғылыми жұмыстары ішіндегі жеке өзі және әріптесі, ерте түрік дәуірінің көрнекті маманы  С.Кляшторныймен бірлесіп жазған он шақты монографияларының көбі тек Қазақстан тарихына арналған. Профессор Т.Сұл­танов­тың есімі әлемдік ғылыми ортада та­ны­мал. Ол көптеген халықаралық кон­фе­ренция­лар­да ортағасырдағы Орталық Азия тари­хына арналған баяндамалар жасады. Оның С.Кляшторныймен бірігіп жазған «Казах­стан летопись трехтысячелетий» атты еңбегі Германияда, Жапонияда, түрік елінде сол елдердің тіліне аударылып, тарих ма­мандығын даярлайтын жоғары оқу орын­дарының бағдарламасына негізгі пәндердің қатарына енгізілген. Тұрсын Сұлтановтың ортағасырлық Қазақстан тарихындағы ерекше ден қойып зерттеген мәселелерінің бірі – Қазақ хан­дығының тарихы, оның ішінде хан­дықтың алғашқы кезеңдеріндегі этно­тарихи мәселесі болды. Соғыстан кейінгі және 60-80-жылдардағы тарихнамада қазақ эт­ногенезі, «қазақ» сөзі, хандықтың құ­рылуы мәселелері зерттеуші мамандар ара­сында қызығушылық тудыр­ға­ны белгілі. Бел­гілі шығыстанушылар А.Семенов, С.Иб­ра­гимов, В.Юдин, К.Пищулина, Б.Ахмедов жә­не тағы басқалары Қазақ хандығының құрылған уақыты жөнінде өз пікірлері мен тұжырымдарын зерттеулерінде негіздеуге тырысады. Олардың пікірінше, қазақ мем­лекеттілігі XV ғасырдың 50-жылдарының ортасы мен XVI ғасырдың 40-жылдары аралығында қалыптасқан. Сол жылдардағы жас ғалым Т.Сұлтанов та бұл мәселе бойын­ша өз тұжырымын 1971 жылы ҚазССР ҒА Хабаршысында жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің басталуы туралы кейбір ескертпелер» атты мақаласында жариялай­ды. Көлемі жағынан аз болса да ғылыми құндылығы өте жоғары бұл мақалада ол Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, көшіп кетуі мен одан кейінгі он шақты жылдан кейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына қайтып келіп, шибанилық әулетті ығыстырғаннан кейін Қазақ хандығы дүниеге келді деген тұ­жырымды ұсынады. Автор бұл ойынан әлі күнге дейін бас тартпай, керісінше, кейінгі зерттеулерінде бұл ойын одан әрі негіздей түсуде. Біз өзіміздің осы мәселеге қатысты зерттеуімізді жүргізу барысында ол бізге «Бір қазанға екі қошқардың басы сый­майтыны» сияқты, бір елде екі әулет өкілдері хан бола алмайды. 1470-ші жылдар басында ордаежендік әулеттің шибанилық әулетті жеңуімен қазақ мемлекеттілігі басталады», – деп кеңес берген еді. Сөйтіп, біз Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі еңбегімізде осы тұжырымды негізге алдық. Осылайша, Тұрсын Сұлтановтың осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ мемлекеттілігінің басталуы жөніндегі жасаған тұжырымы әлі күнге дейін өміршең болып, өз маңызын жойған жоқ деп есептейміз. Қазақ тарихындағы ең көп пікірлер тудырған мәселелердің бірі – «қа­зақ» сөзі жөніндегі мәселе болды деуге бо­лады. Әсіресе, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары, кейбір тарихшылар бұл сұрақ туралы небір қисынға келмейтін пікірлер білдірді. Тіпті, олар қазақ атауын қазақ этно­генезінен бөліп қарастырып, ғылыми әдістемелік жағынан теріс жолға бұрады. Бұл жөнінде де Т.Сұлтановтың тұжырым­дары тағы да ғылыми негіздегі шынайы­лығымен ерекшеленеді. Ол мәселенің деректік негіздері мен тарихнамалық же­тістіктеріне сүйене отыра, қазақ атауы­ның бірнеше ғасыр ішіндегі эволюциялық мәніне талдау жасап, алғашында ол сөздің әлеуметтік мәні болғанын және соған сай маз­мұнын ашып көрсетеді. Одан кейін тарихи даму барысында қазақ сөзінің уақытша саяси-әлеуметтік мәнге ие бол­ғанын, соған сай мазмұнын көрсетіп, «қа­зақ­таш» термині арқылы дәлелдейді. Одан кейін қазақ атауының мәні саяси-этни­калық сипатқа ие болып, оған Керей мен Жәнібек хандарды қолдаған ру-тайпаларды жатқызады да, оның дәлеліне «өзбек-қазақ» атауын келтіреді. Ал «қазақ» сөзінің толық этникалық мәнде қолданыла бастауын Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақ­та толық жеңіске жетуімен байланыс­тырады. Т.Сұлтановтың XIV-XVII ғасырларда Қазақстан аумағында болған этни­калық үдерістерді зерттеуде қосқан үлесі зор. Ол алғашқы болып, XV-XVII ғасыр­лар­да Арал теңізіне іргелес аймақтарда өмір сүрген тайпалардың тарихына терең үңі­ліп, қазақ этносының негізін қалаған тай­паларды анықтауға күш салады. Осы ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аума­ғында өмір сүрген «92 баулы көшпелі өзбек тайпаларының» әр кезеңдерде қағазға түсірілген тізімдерін табады, оларды бір-бірімен салыстырады, олардың шынайы­лығын анықтайды. Тіпті, сол тізімдердегі тайпалар атауының реттік берілуінің бір­неше себебін көрсетіп береді. Сондай себеп­тердің біріне экономикалық жағынан қуатты, әскери жағынан мықты, сан жағы­нан көп тайпалар атауының жалпы тізімнің алдыңғы жағынан орын алғанын дәлел­дейді. Сондай-ақ жалпы тізімдегі қазақ этно­сының құрамына енген ру-тайпа­лардың тарихына сипаттамалар береді. Біз өз кезегінде осы мәселемен айналысу барысында Т.Сұлтанов ұсынған қағидаға сай ізденістер жүргізгенімізде «92 баулы тайпалар» тізімнің алғашқы ондығында қазақ этносының негізін қалаған алты ірі тайпаның тұрғанын анықтадық. Т.Сұлтановтың ғылыми тұжы­рым­дарының ерекшелігі, оның деректік негіздерінің мықтылығы мен алдыңғы қатардағы тарихнамалық жетістіктермен сабақтастығында болса керек. Ол қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде ғылыми мәселені шешудің ең дұрыс жолын талдап береді. Тарихнамада қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде «тұқайтемірлік» және «ордаежендік» нұсқалардың бар екені белгілі. Жерлесіміз қарама-қарсы нұсқалар­дың әрқайсысына негіз болған жазба дерек мәліметтеріне талдаулар жүргізіп, олардағы субъективті тұстарды ашып көрсетеді. Сол арқылы қазақ хандары Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен таралатынын дә­лелдеп береді. Біз бұл мақалада Т.Сұлтановтың ора­ғасырлық Қазақстан тарихын зерт­теу барысында қол жеткізген барлық жаңа­лық­тарын тізбелеуден аулақпыз. Ол жө­нінде арнайы ғылыми зерттеулер керек. Біз тек ең негізгі және басты деген тұжырым­дарды ғана айтып өттік. Ғалымның қазақ тарихын зерттеу барысында ашқан жаңа­лықтары мен жасаған тұжырымдары отан­дық тарихнаманың қол жеткізген биік шыңы десе, артық айтқандық емес. Сол арқылы біз Т.Сұлтановты дамыған және кейінгі ортағасырлардағы Қазақстан тарихының ең көрнекті зерттеушісі деп білеміз.

Берекет КӘРІБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы