Соғыс және құндылық

Соғыс және құндылық

Соғыс және құндылық
ашық дереккөзі
Екінші дүниежүзілік соғыстың кешегі коммунистік Кеңес Одағы мен нацистік Германия текетіресіне  қатысты бөлігі Ұлы Отан соғысы деп аталғаны белгілі. Сол соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 75 жыл толады. Соғыс өрті тікелей өз жерін шар­пы­мағанымен, қазақ халқы екі дүние­жүзілік соғыстан да сырт қалмаған. Өйт­кені жаһандық айқастардың алғашқысында Ресей империясының, екіншісінде кеңестік империяның құрамында еді. Сондықтан да сол кездердегі соғысқан империялардың екеуі­нің де қорғаныс шараларына мал-жа­нымен атсалысқан. Алғашқысының соғыс мұқ­таждықтары үшін қазақ елі қора-қора ұсақ тұяқ, үйір-үйір жылқысын, қорғаныс құ­рылыстарын салуға мыңдаған жігітін берді. Екіншісіне де, бұл дәуірде «одақ құру­шы тәуелсіз социалистік мемлекет» сана­тын­дағы кеңестік қазақ республикасы атан­ған еліміз тап сондай сала-сала үлесін Отан қорғау ісіне артығымен қоса отырып, жы­лы орнынан соғыс өрті қуған жұртқа жо­март көңілмен құшағын ашты, күллі жер-суын майданның еңбек тылына ай­налдырды. Бүгіндері екінші жаһандық соғысқа республикадан 1 миллион 200 мың­дай адам қатысқаны, елге оның жартысы ғана аман оралғаны айтылады. Яғни Отан қорғауға жіберілгендердің 600 мыңдайы опат болған. Көрнекті демограф Мақаш Тә­ті­мовтің зерттеулерінен мәлім, 1931–1933 жылдары өткен соңғы сұрапыл ашар­шылық апатынан селдіреп тірі қалған қа­зақ­тың соғыс алдындағы мөлшері екі жа­рым миллиондай ғана еді. Майдан да­ла­ларына солардың жарты миллионға жуығы аттаныпты, яғни шамамен барлық әскерге алынған қазақстандықтың 39-40 пайыз­дайы. Осындай мөлшерде Отан қорғауға алын­ған қазақтардың үштен екісінен аста­мы соғыс құрбаны болды. Бұл барлық қа­зақ­­стандықтың соғыстағы жалпы шы­ғынының тең жартысы. Басқыншылармен шайқастарда қаза тапқан сол боздақтардың жалпы қазақ санына шаққандағы пайыз­дық мөлшері өзге халық өкілдерінің тап сондай шығындық көрсеткіштерімен са­лыс­тырғанда, майдан далаларында пайыз­дық үлес жағынан ең көп қан төккен бело­рус­тардан кейінгі екінші орынды алады екен. Тарихи еңбектерден, әдебиеттен, соғыс кезіндегі майдан жазбала­ры­нан, әскери публицистикадан баршаға мә­лім, қазақтар ерлікпен шайқасты. Мың­да­ған жауынгер ұл-қыздарымыз түрлі ор­ден-медальдармен марапатталды, жүзден астамына батыр атағы берілді. Қаза тапқан боздақтардың жерленген орындары анықталып, ескерткіш қойылды, есімдері ардақталып келеді. Соғыстың ұмыт қалған деректері әлі де табылып, ашылуда. Кейбір бұрмаланған ащы шындықтары, жасырыл­ған ақиқаттары айқындалуда. Дұшпанның тұтқиылдан басқыншылық шабуыл жасауы, Кеңес жауынгерлерінің әскери дайындық­сыз соғысқа қатыстырылуы, нашар қару­лануы, тағы басқа толып жатқан жағдай сал­дары­нан басқыншының жойқын соқ­қысына ә дегенде төтеп беру мүмкін бол­ма­ды. Соғыс­тың алғашқы айында миллионнан астам Кеңес жауынгерінің тұтқынға түскені, екі-үш айдың ішінде бұл көрсеткіш­тің 3,8 миллиондай болғаны бүгінде көп­шілікке мәлім. Зерттеушілер неміс қолына түскен соғыс тұтқындары санының 5,7 миллионға дейін жеткенін айтады. Бас қолбасшының оларды «біз үшін тұтқын емес, Отанын сат­қандар» деп жариялағаны, әйгілі қол­басының да солдат қауіпсіздігін ойлап бас қатыра қоймағаны белгілі. Шайқасқа кірген бөлімшелер соңынан бөгет-жасақтар қойып отырған. Олар шабуылға шыққан­дар­ды кері шегінген жағдайда өздері-ақ қырып салудан тайын­баған. Қоршауда қалғандардың соңғы оғы қалғанша атысып жатқанына куә бола тұра, алдағы жоспары үшін оларға көмек жібер­меген деректер де орын алған. Не керек, жауынгерлерінің күші артық дұшпаннан көз алдында қаза табуына қиналмаған. Атақ­ты әскербасы «солдаттарды аямау керек, қатындар тағы туып береді» деп айт­қан тұжырым-жұбату көпшілікке Кеңес за­манындағы атышулы фильмнен жетті... Турасын айтқанда, Кеңес өкіметі соғыста тұтқынға түскен мың-сан аза­маттарынан үзілді-кесілді бас тартты. Со­ғыс тұтқындарының құқықтарын, белгі­ле­ген халықаралық конвенцияларды мойын­дамады. Осылай басты құндылық- ты – жауынгер өмірін, адам өмірін мей­лінше сақтауға, қорғауға тырысуды Кеңестік әскери жүйе ойына да алмаған еді. Сондықтан да соғысуды ұйымдастырудағы орашолақтықтары салдарынан дұшпан тұтқынға түсіргендердің бәрін сатқын деп есептеп, фашистік лагерьлердегі мил­лиондаған аш-жалаңаш, ауру-сырқау сол­даттарына қандай да бір гуманитарлық, санитарлық жәрдем беру желілерін пайдалануға бармады. Сонда оларға көмек қолын созған саяси эмигрант Мұстафа Шоқай болды. Ол 1941 жылғы тамыздан желтоқсанға дейін концентрациялық ла­герьлерді аралап, тұтқындардың жағ­дайын зерттеген, түркістандықтарға да, өзге ұлт өкілдеріне де мүмкіндігінше түрлі жәрдем берген. Бұл мәселені қарастыруға көрнекті зерттеуші-ғалым Көшім Есмағамбетов (1938–2016) ерекше көңіл бөлді. (Ол Мұс­тафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне терең зерттеу жүргізген, он екі томға жинақтап, шығармаларының толық жинағын шығар­ған тарихшы). Арнайы кітап дайындады, бірақ жариялап үлгермеді. Бұл жұмысты шәкірттері (ғылым докторлары Аққали Ахмет, Ғарифолла Әнес) аяқтап, 2019 жылы «Арыс» баспасынан оның «Түркістандық әскери тұтқындар. Туркестанские воен­нопленные» атты құжаттар мен ма­териал­дар жинағын бастырды. Міне, осы жинақ­тан Мұстафаның Польша жеріндегі концла­герьлерге барғаны, Кеңес армиясына Түр­кістан (Орта Азия мен Дала өлкесі) аума­ғынан алынып, Қызыл армияның мил­лиондаған солдаты қатарында соғыстың алғашқы айларында-ақ тұтқынға түскен қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік жауынгерлердің жағдайымен танысқаны, көп материал жинағаны жайындағы маңыз­ды деректермен танысуға болады. Ол лагерьлер бойынша түркістандық соғыс тұтқындарының тізімін жасап, онда олардың ұлтын, туған жылын, армияға шақырылған уақытын, білімін, мамандығын көрсеткен. Кітапта бұлардың бірқатарының қолмен жазған түпнұсқасының ксерокө­шірмесі де келтірілген. Тұтқындар ашық аспан астындағы лагерьлерде (оларды өте төмен көріп, кемсіту өз алдына, адамшы­лықпен тамақтандыру да ойластырылмай) іс жүзінде аштан-аш қамалып жатқан. Тек бір ғана Дебис концлагерінде Кеңес солдат­тарының ауру мен аштықтан шыбынша қырылғандары сондай, 40 мың түркістан­дықтың 1941 жылғы қазанда (Мұстафа келген кезде) 25 мыңдайы ғана тірі болған екен. К.Есмағамбетовтің зерттеулеріне қарағанда, екі-үш айдың ішінде ол қыруар жұмыс атқарды, жүздеген түркістандық тұтқындардың жағдайын жақсартуға көмектесті. Тұтқын Қарес Қанатбайдың естелігінен мәлім, Мұстафа Шоқай Сувалки лагерінде жерлестері алдында толқып сөйлеген сөзінде: «Сендердің әрқайсыңды біздің болашақ Отанымыз Түркістанның құрылысына қажет мамандық алу үшін түрлі арнайы жұмыстарға орналастыру – менің ең қажетті, ең кезек күттірмейтін маңызды шаруам болады», – деген еді. Ол уәдесінде тұруға тырысты. 1941 жылдың 9 қарашасында 80 түркістандық түрлі мамандықтар алу үшін Люкенвальд қала­сына жіберілді. Мұстафа Польша аумағын­дағы оккупациялық режим жетекшілерінің бірі штурмбанфюрер Пауль Отто Гейбель комиссиясына 471 адамның тізімін маман­дықтары бойынша түрлі жұмыстарға орналастыру үшін 1941 жылғы 10 қарашада тапсырды. Зерттеуі барысында К.Есмағам­бетов оның Лемберг, Ярослау, Дебица-Кочановка, Деба-Майдан, Офлаг-325 лагерьлерінен 1 592 тұтқынды мамандық­тары бойынша бөлек-бөлек тізім жасап, жұмысқа орналастыруға ұсынғанын анық­таған. Мұстафа Шоқай лагерьлердің әрқай­сысындағы білімді тұтқындарды жеке есепке алған екен. «Жиырма шақты адам на­сихатшылар тобын құрайды, – деп қо­рытты бұл орайдағы зерттеуін К.Есма­ғамбетов. – Олар 1942 жылдан бастап қа­зақ, өзбек және басқа да ортаазиялық халықтардың тарихы мен мәдениеті жө­нінде материалдарды жариялаумен айналысқан «Милли Туркестан», «Туркестан адабиети» деген журналдар шығарды. Қысқаша айтқанда, М.Шоқай тұтқындарды бейбіт мамандықтарға ғана ұсынады, ол бірде-бір адамды әскерге ұсынған жоқ. Түркістан легионына тұтқындарды іріктеу 1942 жылы басталады, ол кезде Мұстафа Шоқай тірілер қатарында болмайтын». Мұстафаның бірқатар лагерьден жасаған тізімдері мұрағаттағы қағаздары арасында сақталмаған болып шықты. Ол өкінішке қарай, лагерьлерді аралағанда жинаған материалдарын өзінің сүзек ауруына шалдығуына байланысты толық қорыта алмады, жүзеге асырмақ жоспарын аяқтап үлгермеді (1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлинде ауруханада қайтыс болды). Соғыс тұтқындарын Түркістан ле­гионына алу 1942 жылдан бастап ерікті сипат берілген мәжбүрлеу жолымен жүзеге асырылды. Бұл ретте зерттеуші К.Ес­мағамбетов 1978 жылы Түркияның Измир қаласында кездескенінде легионда болған Атабек есімді қазақтан естігенін еске түсіреді: «22 жасыңда өліп кету оңай ма?! Тұт­қындарды қатарластыра тұрғызып қойып, бас тартқандарды көзімізше атып тастап жатты немістер», – деген еді ол. Шы­нында да, түркістандық соғыс тұтқындары легионерлер қатарына лагерь азабынан құтылу үшін, тірі қалу үшін барды, яғни легион атты әскери құрылымға өз еріктері­мен кірген жоқ. Олар Кеңес армиясына қар­сы шайқастарға қатыспаған да. Бер­линдегі бір ғимараттың екі қабатына орналасқан «Түркістан» және «Еділ-Орал» («Идель-Урал») ұлттық комитеттерінің қызметкерлері неміс әскери басшылығы пұрсат берген ауқымда Түркістан және Еділ-Орал легиондарында «өз халқының ұлтшылдық сезімін өрістетумен» шұғылдана жүріп, әр қаладағы бөлімдерді, лагерьлерді аралағанда, комитет ішінен құпия жағдайда құрылған Қарсылық ұйымдарының антифашистік пікірлерін таратты. Еділ-Орал комитетіндегі қазақ­стандық (Петропавлда туған) татар жігіті Ғайнан Құрмашев басқарған жасырын ұйымға кірген татар ақыны Муса Мус­тафович Залилов (Джалилов Мұса Жәлил) өзіне тапсырылған мәдени-ағарту бағытын­дағы міндеттері бойынша лагерьлерді ара­лап, белсенді түрде астыртын үгіт жүр­гізді. Түркістан комитетіндегі жасырын ұйымды қазақ ақыны Мәжит Айтбаев басқарған. Мәжит Қызылорда облысының тумасы еді. Қазақ педагогика институтын бітіріп, 1937-1939 жылдары Қызылорда педагогика инс­титутында оқытушы, студенттер даярлау курсының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметтерін атқарған. Өлең, әңгі­мелері мерзімдік баспасөздерде, жи­нақтарда жарияланып тұрған. Көркем ау­дармамен айналысқан. 1939 жылы әскери қызметке шақырылып, батыс шекарада қызмет етті. Германдықтардың тұтқиылдан жасаған жойқын шабуылы барысында тұтқынға түсті. 1918 жылы большевизмнің қарулы күшімен құлатылған Түркістан автономиясының премьер-министрі, жиырма жылдан бері бөтен жерде азаттық үшін күрес жүргізіп келе жатқан эмигрант, өздерін концлагерьдегі өлімші тіршіліктен құтқарған Мұстафа Шоқайды бұл да бар­лық легионерлер секілді ұлы адам, ұлт кө­семі санады. Түркістан ұлттық комитетінің әдеби-іліми бөлімінде қызмет етіп, шығар­машылықпен және астыртын саяси жұмыс­тармен шұғылданды. Легионерлердің орайы келген сәтте Кеңес әскері жағына өтіп кетуге әрекеттенуіне осындай жігіт­тердің құпия насихаттарының әсер еткені күмәнсіз... Түркістан комитетінің соғыс кезін­дегі Үшінші рейх астанасынан шы­ғып тұрған баспасөзін жүргізушілер неміс команда беру тапсырмасын өз ұғымымен кеңейтіп, газет-журналдар мен кітаптары­ның беттерінде қазақ тарихы мен мәде­ниеті жайынан көп жазды. К.Есмағам­бетов­тің зерттеуіне қарағанда, қазақтың ұлттық мүддесіне жауап беретін туындыларды «Мил­ли әдебиет» журналының редакторы Қо­бызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), «Мил­ли Түркістан» журналының редакторы Ғали Алтай (Хакім Тыныбеков), «Янги Түркістан» газетінің қызметкері Сайран (Хамза Абдуллин) және Үсен Қошалақов, Саттар Әлмәмбетов, Мәулікеш Қайбалдин (Асан Қайғы), Ғайпен Бейісов (Б.Ғайып) секілді ақын, жазушы, журналистер, басқа да өнер­паздар беріп жатты. «Қобызшы Қор­қыт» деген әдеби лақап аты болған Мә­жит Айт­баев Абылай хан туралы дастан (бүгінде Абылай ханның баршаға мәлім портреті тұңғыш рет сол дастанмен бірге дұшпан астанасында жария болған деседі), Абай өлең­дерінің құрылысы мен көркемдік ерекшеліктері жайлы зерттеу жазды. 1943 жылы Берлинде дастандары, бір топ өлеңі, Гете мен Шиллер туындыларынан жасаған аудармалары топтастырылған «Абылай хан» деген жинағы жеке кітап болып басылып шықты. «Милли әдебиеттің» 1944 жылғы бір саны түгелдей оның отыз жыл­дығына арналды. Шерлі ақын шығарма­ларын­да Қорқыт болып күңіреніп, алыста қалған елін сағынды, туған жерге тәуел­сіздік туын тігуді армандады. Сағыны­шын сарнаумен сездіріп, тәуелсіздік жолында қан төгуді қасиет деп білді. Ақын Хамза Абдул­лин туған жерге деген сағынышты жыр­лар жазды, Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қа­зақшаға аударды. Хакім Тыныбековті қазақ тілінің тағдыры толғандырды. Легионер-өнерпаздар күшімен Австрия астанасы Вена қаласында 1944 жылғы 10 мамыр күні ірі мәдени шара жасалды. Вена опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты екі актілі пьесасы ойналды. Бұл бір аса маңызды оқиға болған-тын. Қазақтың атақты ұлт батыры Сырым Датұлы бастаған азаттық күресін арқау еткен спектакльді сахнаға Мәжит Жақсылықов қойыпты. Музыкасын Вена консерваториясында оқитын Ғалым Әбсәләмов пен Түркістан легионында көр­кемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп жүрген скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев жазған екен. Сырым батыр рөлін әнші Мұхамбетқали Батыргереев ойнаған көрі­неді. Түркістан легионының фототілшісі ретінде спектакльді Венаға арнайы барып көрген Ғайпен Бейісов сахнаға бір жас қыздың көзі көрмейтін қарияны жетектеп шыққанын, қарттың: «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Сәулесіз меңіреу қара түн. Қара түнді қақ жарып, Қазақтан шығар енді кім?!.» – деп күңіренген сәтін есінде ерекше сақтағанын жазыпты. Соғыс тұтқындары­ның жат елде еңсе түсірмей, елінің азат­тығын армандауы, болашағына сенуі те­бірентерлік құбылыс еді. Б.Ғайып (Ғайпен Бейісов) сол кезеңде жарық көрген «Жауын­гердің күнделік дәптері» деген кітабында: «Ері өлсе, елі жоқтайды, елі жоқ ерді кім жоқтайды?» деп жазған екен. Туған жерінен жырақтағы соғысқа алынып, дұшпан қолы­на, тағдыр тәлкегіне түскен жігіттердің жал­пы көңіл күйін білдіретін, көкіректерін қарс айыра күрсіндіретін қайғылы тұжы­рым. Осы сөздерді Сайран (Хамза Абдул­лин) өзінің «Жолтай» деген поэмасына эпиграф етіп алыпты... Сол қорқынышты соғыс аяқталғалы да 75 жыл болыпты. Соғысқа үлкен империяның бір бөлшегі ретінде қатысқан республикамыз тәуелсіз ел атанғалы отыз жыл­ға айналып барады. Майдангер қазақ­тың ажал құшар алдында тірі қалған жол­дасы арқылы егер ұлы сұраса, «Түр­кістан­ның жолында майданда шейіт болды де», «елі үшін өлді дегейсің» деп еліне жол­даған ама­натына терең мән беріп қарауға, елі­міздің басты құндылығын айқын ажыра­тып, әділ бағалай білуге жеткілікті уақыт. Татар ақыны Мұса Жә­лилдің Еділ-Орал ле­гио­нындағы астыртын қызметі әшкереленіп, «Құрмашев және басқа он адам» ісі бойынша 3-ші рейхтің Екінші Им­пе­риялық соты шешіміне сәй­кес 1944 жы­лы гильо­тина қолдану тәсілімен басы кесілсе де, жауынгер серіктері өлеңдері жа­зыл­ған қолжазбаларын соғыстан кейін елге жеткізгеннен соң, қаза тапқаннан кейінгі мәңгілік екінші өмірі басталған-ды: әскери және әдеби қызметтері лайықты бағаланып, 1956 жылы Кеңес Одағының Батыры, 1957 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атақтары берілген. Ал Түркістан легионерлерінің басты міндеттерін ұғындыру жолында күрескен азаматтардың ешқайсысы елінде құрметтеле қоймады. Мәжит Айтбаев 1945 жылы одақтастар бомбасынан қаза тапты, елге оралған басқалары түрлі мерзімге сотталып кете барды. Дегенмен Түркістан легионында болғандарға 1947 жылы үкім Қазақстанның Кеңес империясының отары жағдайында шығарылғанын есте ұстау керегіне назар аударғымыз келеді. Ал тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында сол кезгі парламент қабыр­ғасында дүниеге келген заң да, Кеңес им­периясының отары ахуалынан құтылып, тәуелсіз аталған елдің Бас прокуратурасы қайта қарағандағы қорытынды да қазақ елінің мүддесін түбегейлі көздейтіндей әділ шықпағанына қазіргі отыз жыл тәуелсіз даму биігінен қалтқысыз көз жеткізуге болады. Яғни олар қайта қаралуы тиіс. Жалпы, мына жайтқа да жіті назар аударғанымыз жөн: Кеңес өкіметі ұлт мүддесіне қиғаш қарайды деп есепте­гендіктен, саналы ғұмырын эмиграцияда өткізіп, шетелде дүние салған мұсылман қозғалысының атақты қайраткерлері Мәмед-Әмин Расулзаде мен Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған бүгінде ресми түрде әзер­бай­жан және башқұрт халықтарының ұлттық батырлары деп мойындалғаны әлемге мәшһүр. Тап сондай ресми мойындауға ешқашан Кеңес мемлекеті құзырында болмаған, шетелдегі жиырма жыл ғұмыры бой­ғы күресінде кеңестік жаңа империя құр­сауындағы халықтардың азаттығын көксеген саяси эмигрант, 2-ші жаһандық соғыстың аса ауыр шағында әскери тұтқындарға көмек қолын созып, сол жолға жанын пида еткен ұлы ұлттық қайраткер Мұстафа Шоқай да күні бүгінге дейін мұқтаж. Күні бүгінге дейін ресми мойындау, лайықты құрмет көрсетілмегендіктен де, пиғылы таза емес түрлі тоғышарлар тара­пынан «Шоқаев немістерге, бөтен елдердің барлау қызметтеріне қызмет еткен сатқын» делінетін, мәселенің байыбына бармайтын жалалы ғайбат сөздер айтылып жүр. Мұн­дай­ларға үзілді-кесілді тосқауыл қоюдың жолы – оған жоғары дәрежеде саяси баға беру, алыс елде тыншу тапқан сүйегін туған еліне қаралы-салтанатты түрде алып келіп, өз топырағы қойнауына беру. Бұл – Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс аяқталғалы бері оны ардақтайтын азаматтар күн тәртібінен түсірмей айтып келе жатқан мәселе. Бірнеше ұрпақ мойнындағы қарыз, енді соны бұдан әрі де соза бермей, тездетіп орындау – бүгінгі буынның парызы...  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

 жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты