«Қазақ полкіндегі» қаһарман
«Қазақ полкіндегі» қаһарман
«Сәлем қымбаттым, құрметті Еркеш, Болат, Таня, Зауре, Дүйсебай, Қантай! Мен тірімін, бірақ мен сендерден хат алмағандықтан, үйде қалай отырғандарыңды білмеймін, қатты уайымдап жүрмін.
20 ақпанда тағы да майданға жібермек. Құдай сендердің көз жастарыңды көрсе, мен соғыста тірі қалармын. Егер бәрі жақсы болса, кейінірек кездескенше! Жылама, көп уайымдама, малды бақ, өзіңді күт. Қош бол, жаным! Бәріне сәлем. Мені ұмытпа. Қош-сау бол! Болат, Таня, мен сендерді сағындым. Мен жауды жеңгеннен кейін ораламын. Қызыл Армия күзетшісі А.Мәмиевтен».
Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы соққыларын қабылдаған тарихи орындардың бірі Брест бекінісі болғаны тарихтан белгілі. 1941 жылғы 22 маусымда дәл осы бекініске жойқын шабуыл жасалады. Қорғаушылар жертөлелер мен бекіністердің қалтарыс жерлеріне жасырынып, 1941 жылдың күзіне дейін фашистермен күресті жалғастыра береді... Әртүрлі мәліметтер бойынша, Брестте бес жүзден мыңға дейін қазақстандық жауынгер болған. Солардың қатарында Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы, Түрген педагогикалық училищесінің түлегі, мектептің жас мұғалімі Әбдіразақ Мәмиев те ерен ерлігімен ел есінде қалды. Әбдіразақ Мәмиев «қазақ полкі» атанып кеткен 125-атқыштар полкінің 2-батальонының 4-бригадасының 3-взводында мерген болған. 1941 жылы 22 маусымда, сағат 10:00-де оның бір бөлігі демобилизацияға дайындалады. Бірақ нацистік шабуыл жоспарларын өзгертіп жіберіп, оның бір бөлігі Брест қамалын қорғауға қалады. Мұны өз естеліктерінде Ә.Мәмиев: «Сол түні сарбаздар ұзақ ұйықтай алмап еді, барлығы да жақын-жуықтарымен ендігі кездесу бола ма, жоқ па деп алдын ала алаңдаушылық білдірді. Әңгімелер түн ортасына дейін жалғасқан еді» деп жазады.
Түн жарымында, ел шырт ұйқыда жатқанда қаланы атқылау басталады. Қорғаушылар болса бекіністен шығуға бірден шешім қабылдайды. Ұрыс кезінде Мәмиев жараланып жатқанына қарамай, өзімен бірге командирі Григорий Ландышевті от пен оқтың арасынан шығарып алады. Командир өзін атып тастауды бұйырғанымен, Әбдіразақ Мәмиев бұл бұйрықты орындаудан бас тартады. Мәмиев сол бір қан майданнан аман қалған Григорий Александровичтің соғыс аяқталған соң ұзақ өмір сүріп, 1984 жылы ғана қайтыс болғанын кейінгі ұрпақтың есіне салады. Бекіністен шыққаннан кейін де кейбір сарбаздар тұтқынға түседі, олардың арасында біздің кейіпкеріміз де бар. «Біз немістермен алғашқы соғысты осы Брест қамалында қарсы алдық», – деп Ә.Мәмиев оны өз естеліктерінде де жазған-ды.
Араға біраз уақыт салып, ол Польшадағы Белоподлязка неміс концлагерінде есін жияды. Брест бекінісін қорғаған басқа 112 жауынгердің арасында тірі қалу бақыты тек оған ғана бұйырғанын көріп, өзі де таңғалады. Тарих ғылымдарының кандидаты, Әбдіразақ Мәмиевтің ұлы Еркеш Мәмиев әкесінің естеліктері мектеп мұражайында сақтаулы тұрғанын, онда жауынгердің майдан даласындағы әрбір күні жазулы екенін айтады. Майдангер Әбдіразақ Мәмиев бұл кезде лагерьде көптеген тұтқындар болғанын және немістер оларды қынадай қырғанына да өз естеліктерінде арнайы тоқталған. «Лагерьде ауызсуы бар бір құдық бар еді. Тек белгілі бір уақытта ғана су алуға рұқсат етілетін. Алуға үлгермегендер сол жерден оққа ұшатын еді. Күніне 100 мәйіт арнайы шұңқырға көміліп жататын. Осылайша тұтқында да бір жылым өтіпті. Бірде бізді орманға отын жинауға алып кетті. Осы кезде бізді күзеткен немістер поляк партизандарының шабуылына ұшырады. Солардың арқасында мен аман қалып едім» деп еске алған екен Ә.Мәмиев. Партизан отрядтарымен бірге ол бір жылға жуық тағы күрескен.
1943 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына оралған ол 3-майданның әскерлері құрамында Украинаны азат етуге қатысты. 1944 жылғы 18 ақпанда жауынгер отбасына хат жолдайды. Майдангер соғыс басталмай тұрып үйленген, балалы-шағалы болған. Жұбайы мектепте еңбек ететін. Бұл хаттың күні бүгінге дейін сақталып отырғандығы жайлы деректі майдангердің қызы Татьяна Мәмиевадан біле алдық. Хатта: «Сәлем қымбаттым, құрметті Еркеш, Болат, Таня, Зауре, Дүйсебай, Қантай! Мен тірімін, бірақ мен сендерден хат алмағандықтан, үйде қалай отырғандарыңды білмеймін, қатты уайымдап жүрмін. 20 ақпанда тағы да майданға жібермек. Құдай сендердің көз жастарыңды көрсе, мен соғыста тірі қалармын. Егер бәрі жақсы болса, кейінірек кездескенше! Жылама, көп уайымдама, малды бақ, өзіңді күт. Қош бол, жаным! Бәріне сәлем. Мені ұмытпа. Қош-сау бол! Болат, Таня, мен сендерді сағындым. Мен жауды жеңгеннен кейін ораламын. Қызыл Армия күзетшісі А.Мәмиевтен» делінген екен. 1944 жылдың қазан айында Одессаны азат ету кезінде жарақат алып, жауынгер Тбилиси қаласындағы әскери госпитальға жеткізіледі. Дәрігерлер оның оң аяғын кесуге мәжбүр болады. 1944 жылы қарашада Әбдіразақ Мәмиев Алматы облысындағы туған ауылына оралды. Украинаны азат етуге қатысқаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1975 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» (1918-1968), «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің жиырма жылдығы» (1945-1965), «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің отыз жылдығы» (1945-1975) медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін ол педагогикалық жұмысын жалғастырып, 1951 жылдан бастап Алматы облысы, Қызыләскер ауылындағы бастауыш мектептің директоры болады. Бүгінде бұл мектеп даңқты жерлестерінің есімімен аталады. Әбдіразақ Мәмиев 1977 жылы 60 жасында дүниеден озды.
«Әкем поэзияны жақсы көрді, Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін аударуға қатысты, Пушкинді сүйіп оқитын. Маған Татьяна деген есім беруі де сондықтан еді. Менің үлкен ағам Еркеш екеуіміз ұстаздық жолды таңдадық. Тағдыр тауқыметін қанша арқалағанымен, бар ғұмырын саналы ұрпақтың тәрбиесі жолына арнаған әкем сияқты ардагер жандардың рухына мәңгілік басымызды иеміз. Олар жасаған ерліктің қайталануы мүмкін емес, енді қайталатпасын да», – дейді майдангер ұрпағы, қызы Татьяна Мәмиева.
Ә.Мәмиевтің Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын да қанқұйлы сәтін бастан кешкен, жүрегіне өшпестей жара салған Брест қамалы тарихи ғұмырын мәңгілікке жалғап тұр. Әскери борышын өтеген кездегі, яғни соғыс басталар алдында түскен фотосуреті, өмірбаяны, Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін алған орден-медальдары, өзге де құжаттары «Батыр қала – Брест қамалындағы» мемориалдық кешенінің музейіне қойылған. Ер есімінің ел есінде осылай мәңгі сақталуы тарих толқынында ешқашан жойылмайтыны да қуантады.
Бүгінгі таңда Брест қамалының мұражайында Қызыл Армия жауынгері Әбдіразақ Мәмиевтің фотосуреті тұрса, оның астына «Ерекше ерлігі – коман-дирді құтқаруы» деп жазылған.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә Ахметова өз еңбектерінде: «Қазір бұлай болуы мүмкін емес сияқты, бірақ бұл біздің өткеніміз. Брест батырларының барлығы, жүз пайыздың 90 пайызы тексерулерден, түрмелерден, неміс және Кеңес лагерьлерінен өтті. Партизандар ретінде тергеуде болды. Соғыстан кейін Брест қамалын үй салу үшін кірпішпен бөліп тастады. Алайда кейіннен 1949 жылы лейтенант Наганов және оның жауынгерлерінің мүрделері табылды. Бақытымызға орай, лейтенанттың қалтасында комсомол билеті болған. Лейтенант Нагановтың взводында көптеген отандастарымыз, қазақтар мен ұйғырлар болған. Өкінішке қарай, олардың есімдері әлі де белгісіз. Бірақ сол сұрапыл шақтарда олар сол жерде болды, майдан даласында кеудесін оққа төсеп соғысты» деп жазады.
Брест қамалы алынған тұста, көп жауынгерлердің құжаттары өздерімен бірге табылмаған. Мәселен, бастапқы деректерде Мәмиев басқа полкте болды деп жазылып, оның Брест бекінісінің қорғаушысы болғаны бірден анықталмаған болатын. Бірақ мұрағаттық құжаттар оның дәл сол батальонда екенін кейіннен анықтап көрсеткен. Тағы бір ескеретін жайт, соғыс кезінде есімдер, тегі және әкесінің есімдері жиі бұрмаланғандықтан, жауынгерлердің бәрін бірдей нақтылау және дәлелдеу тіпті бірнеше жылдарды қажет етті. Абырой болғанда, Мәскеуде сақталған құжаттар көптеген деректер беріп келеді. Күні бүгінге дейін ресейлік іздеу жүйелері Әбдіразақ Мәмиев қатысқан полкті «қазақ» немесе «Алматы» полкі деп атайды екен. Мұның өзі дәл сол майдан төсінде көптеген қазақстандық жауынгер болғанын аңғартып тұр.
Әсел Жақсыбай