Қандастар ғылымға қаншалықты үлес қосты?
Қандастар ғылымға қаншалықты үлес қосты?
1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи Отанына оралған екен. Бұл тек «оралман мәртебесі» құжатын алғандардың саны. Ал Көші-қон комитетінің мәліметіне сәйкес, қандастар Қытайдан – 41,5 пайыз (7 326 адам), Өзбекстаннан – 40,1 пайыз (7 074 адам), Түркіменстаннан – 6,5 пайыз (1 152 адам), Моңғолиядан – 6,2 пайыз (1 095 адам), Ресейден – 1,8 пайыз (313 адам) және 3,9 пайыз (701 адам) басқа елдерден келген. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың білім деңгейіне келсек, 13,6 пайызы – жоғары білімді, 25,2 пайызы – орта арнаулы білімді, 46,7 пайызы жалпы орта білімді екен. Ал тарихи Отанына оралған 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты өз саласындағы ізденістерін жалғастырып, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуда. Бұл тек шетелден ғылыми дәрежесімен келгендердің саны. Ал көшіп келген соң қаншама қандастар ғылыммен айналысып, ғылыми дәреже қорғады. Әрине, олардың нақты қанша екені белгісіз. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып, білімін жетілдіріп жатқандары да бар.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және Алтай ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және тағы да осы оқу орнының Шығыстану факультеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы қатарлы ғалымдар ел үшін елеулі қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар Дөрбетхан Сұраған, Әлібек Ыдырысұлы секілді жас ғалымдар да нақты ғылым саласының дамуына өз үлесін қосуда.
Түркология. Түркология ғылымы Моңғолия қазақтарына етене жақын. Оның басты себептерінің бірі Түркінің көне мұраларының көбі бітік жазулары және балбал тастар Моңғолия жерінде сақталуымен де байланысты болса керек. Сондықтан да түркология десе бірінші белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы еске түседі. Қазақтың белгілі ғалымы Әлкей Марғұлан батасын берсе, академик ғалым Рымғали Нұрғали: «Мен қазір М.Өтелбай мен Қ.Сартқожаұлын ғана ғалым деп айтамын», – депті бір сұхбатында.
Қаржаубай Сартқожаұлы Орхон бойындағы көптеген тарихи мұраларды қайта жаңғыртқан ғалым. Көптеген ғылыми монографиялар мен атластардың авторы.
Сонымен қатар Нәпіл Бәзілхан да Түркі мұрасын, ежелгі көшпенділердің тарихы мен археологиялық мұраларды зерттеген көрнекті түрколог ғалым.
Қытайтану. Бұл да еліміз үшін ең қажетті салалардың бірі. Кез келген көршілес елдердің тарихын, мәдениетін, ұлттық ерекшелігін зерттейтін ғалымдары болмай, еліміз ол елдермен саяси қарым-қатынас жасауы қиын. Осы ретте қытайтану саласымен айналысып келе жатқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі, 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлын айрықша атауға болады.
Сонымен қатар белгілі жазушы, қытайтанушы Тұрсынхан Зәкенұлы және Бақыт Еженхан, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұқаметхан секілді қытайтанушы ғалымдармен қатар Шығыс Түркістан тарихын терең зерттеп жүрген жас шығыстанушы Елдес Орданның да ғылыми ізденістері Қазақстан тарихы үшін маңызы зор.
Нақты ғылымдар
Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Дөрбетхан Сұрағанұлы халықаралық The Ferran Sunyeri Balaguer Prize марапатына ие болған. Аталған сыйлықты Азия елдерінен тұңғыш рет алып отырған ең жас ғалым. PhD, қауымдастырылған профессор (доцент). БҒМ ҒК «Математика және математикалық модельдеу институты» РМК бас директорының орынбасары, жетекші ғылыми қызметкері болып қызмет істейді. Математик Дөрбетхан Сұрағанұлы PhD дәрежесін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2013 жылы қорғаған. Сонымен бірге Лондон Корольдік колледжінің теориялық физика магистрі (үздік белгімен) дәрежесі бар. Назарбаев университетіне келгенге дейін ол Лондон Империал колледжінде математика кафедрасында ғылыми қызметкер, Математика және математикалық модельдеу институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Оның қазіргі ғылыми қызығушылығына Ли топтарындағы талдау, қолданбалы математика (математикалық физика), дербес туындылы теңдеулер, потенциалдар теориясы және спектрлік геометрия кіреді. 2013 жылы жаратылыстану ғылымдары саласындағы ең үздік жұмысы үшін жас ғалымдарға арналған (Қазақстанда) Қонаев атындағы сыйлықпен марапатталды. 2018 жылы Ferran Sunyer i Balaguer Prize сыйлығын жеңіп алды. Сыйлық математикадағы белсенді зерттеліп жатқан заманауи салалар бойынша көрнекі сипатқа ие математикалық монографияға маңызды үлес қосқаны үшін берілген. Дөрбетхан Сұрағанұлы (Лондон Империал колледжі профессоры Михаил Ружанскиймен бірге) «Біртекті Ли топтарындағы Харди теңсіздігі (Харди теңсіздігіне 100 жыл)» атты монографиясы үшін осы сыйлыққа ие болды. Жас ғалым Дөрбетхан Сұрағанұлы жайлы және басқа да шетелден көшіп келген ғылыммен айналысып жүрген жастар туралы қазақтың әлемге әйгілі математигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев Turkіstan газетіне берген сұхбатында өз пікірін білдірген болатын. «Қандастарымыз орысша жақсы білмейді, сондықтан компанияларға жұмысқа кіре алмайды-ау деймін. Сосын ғылыммен айналысып жүр. Қытайдан келген бір шәкіртім де тәп-тәуір математик болып жүр, бұйыртса жақсы жұмыс істейтін сияқты. Дөрбетхан Сұрағанұлы деген Моңғолиядан келген математик жігіт бар. Ал Қазақстанның оңтүстігінен, Өзбекстаннан келген балалардың да біразы өте жақсы математик болып өсіп келеді. 1990 жылы Қытайда өткен математиктердің Дүниежүзілік конгресінде әлем бойынша көрнекті математиктердің тізімі жасалды. Сол тізімге қазақтың 15-20 математигі енген болатын. Бұл деген біз үшін өте жоғары көрсеткіш. Адам басына шаққанда біз Еуропаның талай халықтарынан, орыстардан да озып кеттік. Ал қазір кенжелеп қалдық. Математикамен айналысатын Дөрбетхан сияқты жастарымыз көбеймей жатыр», – дейді математик ғалым Мұхтарбай Өтелбаев.Бақытбек ҚАДЫР