Мақтаарал: Су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі
Мақтаарал: Су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі
Мемлекеттік комиссия Түркістан облысында Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан зардап шеккен әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады.
6 мамыр күні Мақтаарал ауданына премьер-министр орынбасары Роман Скляр бастаған үкіметтік комиссия барды, деп хабарлайды Үкімет басшысының ресми сайты.
Түркістан облысы әкімінің ұсынысымен мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.
Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады. Жаңа тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер тұрғызылады.
Су астында қалған екі ауыл — Фирдоуси және Өргебас тұрғындарына баспана мәселесін шешудің үш жолы ұсынылды:
басқа елді мекенде үйлер салып, сол жаққа көшіру;
суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру;
баспанасын өзі қалпына келтіруге ниет білдірсе, тиісті қаражат аударылады.
Тұрғындар өздері таңдау жасап, ауыл жиынында бір шешімге келуі тиіс.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мал ұстайтындардың шығынын өтеу мәселесі де шешілді. Шығын ТЖ жою жөніндегі шұғыл штаб комиссиясы жүргізген ревизия қорытындысы бойынша үкіметтік резервтен өтеледі.
Ауыл шаруашылығы несиелері бойынша фермерлерге төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.
Ауыл шаруашылығы алқаптарын қалпына келтіру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы ҒЗИ-мен бірге жерлерді қалпына келтіреді және биыл қандай дақылдарды отырғызуға болатыны туралы ұсыныстар беріледі.
Еске сала кетейік, 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды.
Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Қазақстанның оңтүстігінде 7 639 гектар егіс алқабы су астында қалды, оның көп бөлігіне мақта егілген. 2 мамырдан бастап 31606 тұрғын эвакуацияланды.