Ағайынды қолдайтын арнайы бағдарлама қажет

Ағайынды қолдайтын арнайы бағдарлама қажет

Ағайынды қолдайтын арнайы бағдарлама қажет
ашық дереккөзі
Парламент Сенатының отырысында депу­таттар «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне көші-қон процестерін рет­теу мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тыру­лар енгізу тура­лы» заң жобасын екі оқылымда қа­рап, қабылдады. Бұл заң жобасына байланысты Пар­ламент Сенатының депу­таты, Әлеуметтік-мә­дени даму және ғылым комитетінің төра­ғасы Мұрат Бақтиярұлының Сенатта сөйлеген сө­зінде көші-қон саласына қатысты біраз мәселелерді атап өтті. «Отандастар қоры» тапсыр­ма­сына сәйкес жүргізілген әлеу­мет­тік сауалнамалардың нәти­же­сінде, Қазақстанға шетелден 1,5 млн этникалық қазақ тұрақ­ты қоныс аударғысы келеді. Со­лай бола тұра, соңғы 8 жылда (2012-2019жылдары) репат­риант­тар легі жылына небәрі 10 000 адам­ды ғана қамтыған. 2020 жы­лы Қазақстанда елге ора­ламын деген қандастарымызға берілген квота 1 378 орын көле­мін­де ғана белгіленген. Сондық­тан да елдегі халық санын арт­тыруда шетелдегі қандастары­мыз­ды қолдаудың ынталандыру бағ­дарламасын, яғни репат­риант­­тарды әлеуметтік-эко­но­микалық қолдаудың Кешенді ша­раларын қамтыған арнайы мем­лекеттік бағдарлама қабыл­дауын талап етеді. Көрші Ресейде өз отан­дас­тарын ерікті көшірудің мерзімі шек­телмеген Мемлекеттік бағ­дар­ламасын қабылдады. Қазақ­стан Үкіметі жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты қарас­тырып, этностық көші-қон жұ­мыстары өркениетті елдер­де­гі­дей нақты бір жүйеге түсірсе де­ген ұсыныс-тілек білдіреміз», – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Алайда алқалы жиында Кө­ші-қон заңнамалық актілеріне кө­ші-қон процестерін реттеу мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу толық аяқталған жоқ. Кейбір өзгерістер мен толықтырулар кейінге ше­герілді.