Дау неге көбейді, шешудің жолы қандай?

Дау неге көбейді, шешудің жолы қандай?

Дау неге көбейді, шешудің жолы қандай?
ашық дереккөзі
Қазір бүкіл әлем адамзатқа қатер төндірген пандемиямен күресіп жатыр. Бұл індет елімізге де таралып, аудан асып, түкпірдегі ауылдарға дейін жеткені бәрімізді қатты алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменді Жарлығымен ел тұр­ғындарының денсаулығына маңыз бе­ріліп, Үкімет тарапынан барлық жағ­дай жасалғанын көріп, біліп отырмыз. Елбасымыздың мақаласында да панде­мия­­мен күрес шаралары нақты көр­се­тілген. Биыл 25 жылдығын атап өткелі отыр­ған Қазақстан Конституциясының 1-бабында мемлекеттің  «ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құ­қықтары мен бостандықтары» деп жа­зылған. Осы құндылықтар ел басшылығы та­рапынан қорғалуда. Ал қазақстан­дық­тар­дың денсаулығын сақтау шараларын қа­былдау үшін,  құқықтары мен бостан­дық­тарының сотта қорғалуын басты на­зарға алған Қазақстан Жоғарғы соты карантин жағдайындағы жұмысын қа­шықтықтан жүргізуде. Қазіргі уақытта рес­публика соттары сот отырысын онлайн қарауға көшті. Ол нәтижесін беруде. Бұған қоса айтарымыз, төтенше жағ­дай режимінде кейбір дау-дамайдың, әсіресе ағайын арасындағы даулардың татуласу арқылы шешімін табуына да мүм­кіндіктер бар. Неге соған назар ау­дармасқа?! Осы орайда, Қазақстан Жо­ғарғы сотының Төрағасы Жақып Аса­новтың татуластыру рәсімдеріне қатысты үндеуін назарларыңызға ұсы­на­мыз. Онда «Жау мен дау – егіз»  дейді хал­қымыз. Дауласу кез келген, тіпті дамыған ел­дерге де тән құбылыс. Бірақ сол дау-жан­жалды ушықтырмай шеше аламыз ба? Сол дауды шешу мәдениетіміз қан­дай? Бізде кез келген дауды сот шешеді дег­ен көзқарас қалыптасқан. Дегенмен  мынаны білген жөн. Бі­рін­шіден, істі қарау ұзаққа созылуы мүм­кін. Ол аяқталғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Аппеляция, тіпті кас­сация шешімі де көңілден шықпауы мүм­кін. Екіншіден, бұл үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шы­ғынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз. Жол­ға, қонақ үйге шашыласыз. Үшіншіден, ашу­ға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Не­ге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда ай­ты­­сып, тартысуға мәжбүрсіз. Отбасы, дос­тар, жұмыс, бизнес – бәрі шетте қала­ды. Бұл бергі жағы. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер де айтып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңырақтан береке қашады. Ал дос, қызметтес болса, арадағы сыйластық бұзылады. Жалпы, елімізде дау-дамай саны жыл­дан-жылға артуда. 2014 жылы сот­тар­да 1,6 млн іс қаралса, 2019 жылы 3,3 млн  немесе 2 есе көп. Әр судья бір ме­зетте 100-ден аса азаматтық іс пен мате­риал қарайды. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күту­ге болады? Оның үстіне, ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, ағайын арасындағы дауды сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Ба­баларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90%-ы сотсыз, бітіммен аяқталады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл – мем­лекет өркендеуінің алғышарты. Менің үндеуімнің негізгі себебі де осында. Біз елімізде дау-дамайдың барынша аз болғанын қалаймыз. Татуласу үшін жан-жақты жағдай жасаудамыз. Өңірлерде Татуласу орталықтарын аштық. Онда медиаторлар, психологтар, басқа да ма­мандар жұмыс істеуде. Бізге Кә­сіп­одақ­тар федерациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы көмектесіп жатыр. Орталықтың міндеті – екі жаққа да қо­л­айлы шешім ұсыну. Осы арқылы дау­ды реттеп қана қоймай, қарым-қатынасты да сақтаймыз. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келуде. Медиаторды әр адам өзі таңдайды, біз тек олардың тізімін ұсынамыз. Жергілікті соттар осының барлығын түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті. Құрметті оқырман! Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-ба­ба­мыз­дан қалған асыл мұра. Осы құн­ды­лы­қ­тың қадірін білейік! – делінген. Иә, халқымызда «Бірлігі жоқ ел тоза­ды, бірлігі күшті ел озады» деген мақал бар. Қазіргідей жаман індетпен халық болып күресіп жатқан кезде, бір-біріміз­бен соттаспай, бір-бірімізбен татуласып, достасайық демекпіз. Оған негіз бар. Біз бірауыз сөзге тоқтаған дана халықтың ұрпағы екенімізді бір сәт есімізге алайық­шы, ағайын!  

Нұрлан ҚАЛҚА,

   журналист