Адвокаттық фирманың құзырындағы 11 млн құжат кімдер үшін қауіпті?

«Панама құжаттары» деп аталған мәліметтердің жария болуы барша әлемді дүр сілкіндірді десе, артық айтқандық емес. Оффшорлық есепшоттарға қатысты әлемдік қаржылық жанжалды «Панама дауылы» демеске шара жоқ. Бұл дауыл әуелі Исландия премьер-министрі Сигмюндюр Гюннлейгссонді қызметінен айырып, өз еркімен отставкаға кетуге мәжбүр етті. Одан соң Украина президенті Петр Порошенконың басына бұлт үйірді. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон басқарып отырған үкіметке наразылық туындатып, мыңдаған адамды көшедегі шеруге шығуға итермеледі. Ал Францияның бюджет министрі Жер Каюзак Сейшел аралдарында оффшорлық компаниясы бар екені әшкере болғаннан кейін қызметінен кетуге мәжбүр болды. «Petrobus» компаниясына қатысты жанжал тұтас Бразилияны шарпыды, соның кесірінен ел президенті Дилма Русефтің билік басындағы күндері санаулы деседі. Әйтсе де, «Панама дауылының» бұл алғашқы соққыларының бірі ғана. «Қуырдақтың көкесі» әлі алда, шамасы.

СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Панама мемлекетінде тіркелген «Mossack Fonseca» атты адвокаттық фирманың құзырындағы құпия құжаттар былтырғы жылдың басында журналистер қолына түскен. Германияның «Süddeutsche Zeitung» газетінің редакциясына белгісіз біреулер жеткізіп берген құжаттардың көптігі сонша, мәліметтерді қорытудан тайсақтаған редакция Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумын көмекке шақырды. Ақыры, 80 елдегі 100-ден аса ақпарат құралында жұмыс істейтін журналистер қауымы 11 миллион құжатты бір жылдан бері ақтарып, бірқатар әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен танымал тұлғаларға қатысты сенсациялық деректерді жарыққа шығарды. Шындығында, жарыққа шыққан деректер – қолда бар мәліметтердің аз ғана бөлігі екеніне күмән жоқ. Бұл – ғаламдық деңгейдегі әшкерелеудің басы ғана деуге болар. Бар қызық алда…

Оффшорлық есепшоттарда қаражат жасыр­ған­дарды екі топқа бөліп қарастыруға болады: бірі – танымал спортшы, әнші, әртіс, яғни өз өнерімен қомақты табыс тауып жүрген жеке тұлғалар. Мысалы, белгілі спортшылар Мишель Платини мен Лио­нель Месси, киноактер әрі продюсер Джеки Чан.

Екінші топ – мемлекет басшылары, лауазымды тұл­ғалар мен олардың жақын-жуығы. Әлемдік деңгейдегі наразылықты тудырушы осы екінші топ. Себебі алғашқы топтың байлығы таланты мен өнерін саудалаған келісім-шарттар мен қомақты қаламақылар арқылы ақталатын болса, екінші топтың қаражаты көлденең табыс па деген күмән тудырады. Мысалы, Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбарак, Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи және Сирия президенті Башар Асадтың отбасылары мен жақын-жуығының атына тіркелген оффшорлық компаниялар бар екені анықталды.

Ал посткеңістік кеңістікте Панама дауылының алғашқы құрбандығы Украина президенті Петр Порошенко болуы әбден мүмкін. Донбасста соғыс өрті қаулап тұрғанда ол өзінің бизнес-активтерін қорғау үшін оффшорлық компания құрғаны мәлім болды. Порошенконың билікке келгенге дейін бизнеспен айналысқаны, Украинаның бай адамдарының бірі екені ешкімге жасырын емес. Бірақ президент болып сайланғаннан кейін ол «Рошен» концернін сатуға уәде берген еді. Сөзінде тұрмағаны былай тұрсын, өз қаржысын ел аумағынан шығарып, оффшор арқылы қорғауға тырысуы оның өзі басқарып отырған елдің болашағына күмәнмен қарайтынын білдіреді. Ендеше, Порошенконың бұл әрекетін оған «импичмент» жариялауға лайық деп білетіндер қатары көбейіп жатса, таң қалар түгі жоқ.

Ресей Президенті Владимир Путиннің аты-жөні бұл құжаттарда аталмаса да, оның жақын достары мен серіктестерінің атында 2 миллиард доллар жасырылғаны мәлім болды. Осының өзі Кремльдің қорғанысқа көшуіне себеп: Путин мырза «Бұл – АҚШ-тың тарапынан Ресейге қарсы жасалған әдейі ұйымдастырылған арандатушы шара» деп мәлімдеді. Ал АҚШ-тың The Washington Post газетінің жазуынша, Панама құжаттарының жария болуына Кремль ықпал еткен. (https:// www.washingtonpost. com/ news/ worldviews/ wp/2016/04/09/the-not-completely-crazy-theory-that-russia-leaked-the-panama-papers/)

Осылайша, «Панама құжаттарының» мазмұнынан бұрын олардың жария болу жолы сан-саққа жүгіртілді. Кім қалай және қандай жағдайда жария қылса да, бұл құжаттар «әлемдік журналистикадағы ең ірі әшкерелеуші науқан» ретінде тарихта қалмақ. Сондықтан оның шығу себебінен гөрі оның қандай салдары болары әлдеқайда маңызды.

Панама дауылы халықаралық қауымдастықтың көкейінде өзекті сұрақ туғызды: «Оффшорлық есеп-шоттарды пайдалану дұрыс па? Солай болса, бұған қалай тыйым салуға болады?». Дәл осы сұрақты BBC британдық журналистер Лондон мэріне, басқа да лауазымды тұлғаларға қойып, мардымды жауап ала алмады. Оффшор – дамыған мемлекеттердің либералды экономикасының тиімділігін түбірімен жоққа шығаруға қауқарлы дауылға айналды.

БІРІН-БІРІН КӨЗГЕ ШҰҚЫП…

Қырық жылдан бері консалтингтік жұмыспен айналысып келе жатқан «Mossack Fonseca» фирмасы миллиондаған құжаттардың қалай қолды болғанын білмей, сан соғып қалды. Сонда да болса, ресми түрде мәлімдеме жасап, өздерінің ешқандай заңсыз әрекет жасамағандарын айтып, ақталып жатыр.

Аталмыш фирманың 40 мемлекетте өкілдіктері бар екен. Оның ішінде ең көп кеңсесі Қытайда ашылған: бұл елде сегіз өкілдігі жұмыс істейді. Панамадан басқа бұл фирманың Виргин аралдары мен Багамада тіркелген өкілдіктері бар.

«Mossack Fonseca» фирмасының көмегімен оффшорлық есепшоттар ашты деп айыпталған адамдар ішіндегі 200 америкалық бар екен. Бірақ Панама құжаттарында аты аталған Қытай, Швейцария, Ресей мен Ұлыбритания азаматтарының саны бұдан әлдеқайда көп.

«Панама құжаттарында» америкалық шенеу­нік­тердің аты-жөні мүлде аталмауы түрлі жорамалға түрт­кі болды. Біріншіден, АҚШ лауазымды қызмет­кер­лері Панама оффшорынан гөрі Кайман және Мэн аралдары мен Швейцария шоттарын жиірек пай­даланады. Екіншіден, Панама құжаттарында АҚШ белгілі тұлғаларының аты-жөндері болса, бұл деректер күні ертең оларға қоқан-лоққы жасауда пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан олар әзір жарияланбайды. Тағы бір себеп, АҚШ-тың өз ішінде салықтан жалтарудың түрлі жолдары бар. Бұл елде иесі мен табысын көрсетпестен фирма не компания тіркеудің еш қиындығы жоқ. Яғни, табыс көзін жасырып не заңсыз ақша айналымымен айналысатындар алысқа бармай-ақ, Американың кез келген штатында өз ойын жүзеге асыра алады. Британдық «The Guardian» газетінің жазуынша, АҚШ «қаражат жасыруға қолайлы елдер» тізімінде 3-ші орын алса, Панама 13-ші орында екен (http://www.theguardian.com/us-news/2016/apr/06/panama-papers-us-tax-havens-delaware). Бұл дерек расқа шықса, онсыз да бәрі түсінікті емес пе…

Салық төлеуді ауырсынатындар үшін Швейцария мен Гонконг та «Жиделі Байсын» саналады.

«Панама дауылы» қаржылық-экономикалық салада ғана емес, ақпараттық салада майдан туғызды. «Панама құжаттарын» сараптаған басылымдардың бірі британдық «The Guardian» газеті. Бірнеше ай бойы көз майын тауысып, шұқшия зерттеген деректерді біртіндеп жарыққа шығарып келеді. «The Guardian» сәуірдің алғашқы күндерінен бастап осы тақырыпқа орай талдамалы материалдар жариялап, билік басындағы Консерваторлар партиясы мен премьер-министр Дэвид Кэмеронның атына ашық сын айтты. Консерваторлар партиясының лауазымды өкілдерінің салық төлеуден жалтарғанын айғақтайтын қитұрқы жолдарды әшкерелеп берді. Алайда осыдан соң бұл басылымның өзі сын садағының астында қалды. Консерваторлық көзқарастағы «The Spectator» газеті «The Guardian» газетінің өзіне қарсы шықты http://blogs.spectator.co.uk/2016/04/will-the-guardian-now-investigate-its-own-tax-arrangements/. Анығын айтсақ, 2008 жылы Guardian Media Group компаниясы бюджетке салық төлеуден жалтарып, Кайман аралдарындағы жалған фирманың көмегіне жүгінген екен. Сондай-ақ бұл компания жылдар бойы жүздеген миллиондаған қаржыны оффшорлық қорларға құйып келген деседі. Осылайша, «Панама дауылы» кей мемлекеттердегі тұрақтылықты шайқап, кейбір лауазым иелерін биліктен тайдырып, жекелеген корпорациялар мен компаниялардың заңсыз табыстарын әшкерелеуге түрткі болды.

НАРАЗЫЛАР «КЭМЕРОН, КЕТ!» ДЕП ҰРАНДАТУДА

«Панама құжаттары» Ұлыбритания ресми билігінің беделіне көлеңке түсірді. Билік тұтқасын ұстаған Консерваторлар партиясы онсыз да Еуропалық Одақтан шығу-шықпау мәселесіне қатысты екіге жарылудың аз-ақ алдында тұр. Бұған партия жетекшісі Дэвид Кэмеронның Панамада қаржы жасырғаны қосылып, жығылған үстіне жұдырық болды. Дэвид Кэмеронның әкесі құрған Blairmore инвестициялық компаниясы салықтан жалтару үшін қитұрқы әрекеттер жасаған деп айыпталуда. Лондонның көшелеріне мыңдаған адам наразылық шеруіне шығып, «Кэмерон, кет!» деп ұрандатуда. Лондонның бұрынғы мэрі Кен Ливингстон Кэмерон қызметінен кетіп, салықтан жалтарғаны үшін заң алдында жазаға тартылуы керек деп санайды.

Ақыры Кэмерон Консерваторлардың лондондық конференциясында сахнаға шығып сөз сөйлеп, бар айыбын ашық түрде өз мойнына алуға мәжбүр болды. Ол бір кезде әйелі екеуі әкесінің Панамадағы есеп-шотына ақша салғанын мойындады, бірақ бұл шотты премьерлікке сайланғанға дейін жауып тастағанын айтты. Кэмерон «Blairmore Holdings» компаниясындағы үлесін 2010 жылы 42 мың долларға сатып жібергенін хабарлады. Енді премьер-министр «Мен жасыратын ештеңе жоқ, тиесілі салықтарды түгел төлегенмін» деп ақталуда. Ол өз әкесінің атына айтылған сынды көңіліне ауыр алыпты: «Әкемді мақтан тұтамын, оның жасаған ісі мен бизнесін де мақтан тұтамын… Оның атын қаралап жатқандары жаныма батады», – деді ол. Сондай-ақ ол өз әрекеті үшін қазіргі үкіметті айыптамауды өтінді: «Бұл үшін Даунинг көшесі, 10-үйді (яғни, үкіметті – авт.) немесе қаржылық кеңесшілерді кінәламаңыздар. Бұл толықтай менің кінәм», – деді ол. Осылайша, Кэмерон өзі басқарып отырған партия мен үкіметтің беделіне айтарлықтай нұқсан келтірсе де, шамасы жеткенше дауылға қасқайып жалғыз өзі қарсы тұрмақшы. Бірақ ол өз басы ақталса да, қоғамдағы үкіметке деген сенімнің азаюы хақ.

Ақпарат құралдарының қысымымен және қоғамдық наразылықтың күшімен осы аптада Кэмерон өзінің жеке салық декларациясын жариялауға мәжбүр болды (http://www.ft.com/cms/s/0/aed06912-fece-11e5-ac98-3c15a1aa2e62.html#axzz45QE8WKfb). Британ қоғамы премьерден соң барлық саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар салық декларациясын жариялауы тиіс екендігін айтып, әлі даурығып жатыр.

Осы орайда, консерваторлардан бұрын да премьер-министр болып тұрған кезде қаржылық дауға басы шатылғаны есімізде. Журналистер британ үкіметбасының 3 миллион фунт стерлинг тұратын үй-жай сатып алғанын біліп қалып, оны жалпақ жұртқа жария қылған. Премьер-министрдің жалақысын жылдап жинаса да, мұндай үй сатып ала алмайтын. Блэр сол кезде «үйді ипотекаға сатып алдым» деп сытылып кетіп еді. Кэмерон болса, анау-мынау деп сылтауратпай, «Иә, бұл менің қателігім. Бұл істен нендей сабақ алатынымды білемін. Мен сабақ алдым», – деді тайсалмай. Аристократтар әулетінен шыққан Кэмеронды кедей деп ешкім ойламасы белгілі. Бірақ оффшорға жасыратындай байлығының не құпиясы бар екенін кім білсін. Мұндай әрекетті дамушы елдердің автократты билеушілері ғана істейді деп білетін демократиялық қоғам Кэмеронның бұл қылығын кешіре қоюы екіталай.

ҚЫТАЙ «ПАНАМА» СӨЗІНЕ ЦЕНЗУРА ҚОЙДЫ

«Панама құжаттарын» қолға түсірген «Süddeutsche Zeitung» газеті Қытай басшылығының көлеңкедегі қаржысы туралы көлемді мақала жариялады (http://panamapapers.sueddeutsche.de/articles/57050fd1a1bb8d3c3495b7b1/). «Мұрагерлер» деп аталған материал билік пен байлықты бір уысқа жинақтаған бүгінгі қытайлық элитаны меңзейді. «Mossack Fonseca» құжаттарында сегіз бірдей адамның – Саяси бюроның Тұрақты комитеті мүшелерінің жақын туыстарының есімдері тайға таңба басылғандай жазылған. Оның ішінде, төраға Си Цзиньпин мен бұрынғы премьер-министр Ли Пэннің отбасы мүшелері бар. Атап айтқанда, Ли Пэннің қызы Ли Сяолинь күйеуімен бірге Швейцария мен Виргин аралдарында компаниялар тіркегені анықталды. Ол қазір Қытайдағы ең бай әйелдердің бірі саналады.

Қытай заңдарына сәйкес, бір жылда шетелге 50 мың доллардан артық ақша аударуға болмайды. Алайда АҚШ пен Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттерде талай қытай баласы ақылы білім алып, талай қытай кәсіпкері жылжымалы мүлік сатып алып жатыр. «Mossack Fonseca» сияқты фирмалардың көмегінсіз мұны істеу мүмкін емес еді. Оның үстіне, елден шыққан қаржының бір бөлігі Қытайдың өзіне шетелдік инвестиция түрінде қайтып оралуда. Бірақ мұның астарында «көлеңкелі қаржыны заңдастыру» пиғылы жатпағанына кепіл бере алмас ешкім. Тағы бір жайт, қытайлық кәсіпкерлердің өздері кәсібі мен қаражатын партиядан қорғау үшін шетелде еншілес компания ашуды әдетке айналдырған.

Си Цзиньпин Қытай басшылығына келген 2012 жылдан бері сыбайлас жемқорлықпен жаппай күресті бастап кетті. Жүздеген, мыңдаған шенеуніктер қызметтен қуылып, талай адам түрмеге жабылды. Алайда оффшорлық есепшоттарға қатысты «Панама құжаттары» туралы ақпарат Қытайда цензураның құрығына ілінді. Ақпарат құралдарында «Панама» деген сөз айтылмайды, бұл оқиғаға қатысты қандай да бір деректі жариялауға, талқылауға қатаң тыйым салынған. Барша әлем талқыға салып жатқан мәселені өз елінде «жабық тақырыпқа» айналдырғанына қарағанда, Қытай басшылығының ішіне бүккен құпиясы бар-ау…

ОФФШОР ҚАШАН ЖАБЫЛАР ?

Дамыған қоғамның өзі көлеңкелі келісім-шарттардан, оффшорлық есеп-шоттардан сескенеді. Оффшормен байланысы бар мемлекет қайраткері қарапайым азаматтардың сенімінен біржола айрылады. Бірақ бұл елдердің өздері оффшорлық қулық-сұмдықтардың жолын қалай кесудің амалын тапқан жоқ. «Панама құжаттарындағы» деректерге қарасақ, мұндай қитұрқы әдістермен беделді мемлекет басшылары, ірі корпорациялар, халықаралық консорциумдардың өздері айналысады екен. «Қасқырға қой күзеткендей», халықаралық қаржылық айналымды реттеушілердің өздері оффшорлық жүйенің қызметіне зәру көрінеді. Ендеше, оффшорлық аймақтар мен компаниялар жұмыс істей бермек. Панамалық оффшор – тізбектің басында емес, орта шенінде тұрған жүйе. Оны әшкерелеу – дүние бөлістен қағылған бір топтың ойыны болуы да ғажап емес. Әлемде одан асқан, одан ауқымды талай жүйе бар. Бірі жабылса, орнына екеу не төртеуі құрылады…

Осы орайда, «The Financial Times» газеті «Панама әшкерелеу дерегі оффшорлық жұмақтың түбіне жете ме?» деген сұраққа жауап іздепті. http://www.ft.com/cms/s/0/04e98b0e-fd89-11e5-b5f5-070dca6d0a0d.html#axzz45Ztq4JXO. Сарапшы Джил Уилкс «Егер оффшорларды жабу оңай әрі арзан болса, оны баяғыда жабатын еді. 2009 жылы G-20 саммитінде осы мәселені шешуге қатысты айтылған өткір мәлімдемелер жасалғаны есімде, содан бері бірқатар шаралар қолға алынса да, оффшорларды құрту әзір жүзеге аспайды» дейді. Шындығын айтқанда, батыстық сарапшылардың көбісі бұл мәселеде скептицизмге бой алдырған. Айтылды, болды. Ештеңе өзгерген жоқ.

Екінші жағынан, ақпараттық заманда құпиялық сақтау күннен күнге қиындап барады. Қандай да қауіпсіздік шараларына қарамастан, ақпараттық технологиялардың жетістігі мен ғаламтордың мүмкіндіктері кез келген мәліметтің, кез келген оқиғаның барша әлемге көзді ашып-жұмғанша жария болуына себепші. Сондықтан Себастиан Пэйн атты сарапшы «саясаткерлердің таза өмір сүруден басқа амалы қалмаған сияқты» дейді.

Оффшорда жасырылған есепсіз байлық кейбір мемлекеттердегі экономикалық ахуалды жақсартып қана қоймай, әлемдік қаржылық дағдарысты болдырмауға сеп болуы мүмкін деген пікір бар. Әсіресе, дамушы елдерден ағылған қаражаттың шығу төркіні күмәнді: халқы кедей, экономикасы тұралап жатқан Африка мемлекеттерінің кей азаматтарының жеке байлығы көз тұндырады. Ұлт байлығы жекелеген адамдардың шеңгеліне түскені ешкімнің күмәнін туғызбайды. Оффшорлық есепшоттарды көбіне сыбайлас жемқорлықпен, заңсыз есірткі немесе қару-жарақ саудасымен байланыстыратыны содан. Оффшорлық компания ашқандардың бәрі бірдей заң бұзған, қылмыс жасаған деуге болмас, бірақ мемлекеттік билікке жақын жүретін, ұлт қазынасының кілтін қолына ұстағандар тура жолдан таяр болса, тұтас елдің ырысы сыртқа ауа көшіп, ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында кететіні белгілі. Өкініштісі де сол…

 

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания

Back to top button