Жаңалықтар

Қырғызстан үкіметі үмітті ақтамады

ашық дереккөзі

Қырғызстан үкіметі үмітті ақтамады

11 сәуірде Қырғыз үкіметі отставкаға кетті. Премьер-министр Темір Сариев алдына қойған жоспарларын орындай алған жоқ. Тұрмысымыз оңалар ма екен деген елдің үміті де ақталмай қалды. Қырғызстан Жоғарғы Кеңешінің депутаттары 9 сәуірдегі отырысында Т. Сариевті «Балықшы-Шолпаната-Қорымды» автожолын оңдауға байланысты тендерлік комиссияның жұмысына араласып, коррупциялық әрекетке жол берді деп айыптап, 9 сәуірде оның қызметтен кету керектігін айтқан. 11 сәуір күні түстен кейін Темір Сариев Президентке жолдаған отставка жөніндегі арызына қол қойылғанша, үкімет мүшелерін және БАҚ өкілдерін шақырып, соңғы мәслихатын өткізді. «Саяси мәлімдеме» деп аталған жолдауында Темір Сариев өзінің отставкаға кеткенін былайша түсіндірді: «Құрметті отандастар! Кейінгі күндері менің және үкіметтің айналасында жалған мәліметтердің және интригалардың науқаны жүріп жатқанына бәріміз куәміз. Өлкедегі «саяси климат» тез өзгерді. Бұл жағдай үкіметтің жұмысын күрделендірді. Бұған дейін де үкіметтің әртүрлі салалардағы жұмысы бойынша негізсіз құрғақ сөздер айтылып келген. Олардың ішінде «Балықшы – Қорымның» жолын оңдау мәселесі ерекше қойылды. Бұл тендерді өткізуге ешқашан араласпағанымды тағы бір рет мәлімдеймін. Кейбір күштердің қоғамдық пікірді бұрмалап, үкіметтің және премьер-министрдің жұмысына негізсіз киліккеніне жол бермеймін. Жеке өзімнің саяси мақсатымнан өлкемнің және елімнің мүдделерін әрдайым жоғары қойып келгенмін. Сондықтан, мен бүгін премьерлік қызметтен кетемін», – деген Т. Сариев саясатта қала беретінін, алдына қойған жоспарлары көп екенін мәлімдеді. Темір Сариев үкімет басына өткен жылдың сәуір айында келген. Бір жыл ішінде бірқатар елеулі істер жасалды. Үкіметтің қауырт әрекетінің нәтижесінде өткен жылдың мамыр айында Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып кірді. Бұл үрдіске көпшілік тараптан оң баға берілуде, өйткені өлке тығырыққа тірелген болатын. Одаққа кірудің нәтижесінде жарғылық жобасы 1 миллиард доллар болатын Қырғыз-Ресей қоры жұмыс жүргізіп отыр. Қордың арқасында жеке іскерлер қырғыз сомымен 12, доллармен 7 пайыздық несие алып, істерін жандандыруда. «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы түзіліп, пәтер алу үшін ұзақ мерзімдік несие беру басталды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша өлке экономикасы 3,5 пайызға өсіп, инфляция 3,4 пайыз деңгейінде құрықталды. Үкіметтің қарқынды әрекеттерінің арқасында өткен жылғы парламенттік сайлау және биылғы жергілікті кеңештердің сайлауы биометрикалық әдісті қолданылып өткізілді. Президенттің бақылауында болған Датқа – Кемін электр желісі өз уақытында тартылып, Қырғызстан электр қуаты бойынша Өзбекстанға тәуелділіктен құтылды. Бірқатар кен орындарын іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биылғы сәуір айының басында Темір Сариев Өзбекстанның Ыстықкөлдегі төрт пансионатын Қырғызстанның қарамағына алу жөнінде бұйрық шығарды. Бұл саяси шешім Өзбекстан Республикасы әскери күштерін Наурыз мерекесі күндерінде Қырғызстанның шекарасына таяп әкелгеннен кейін орын алды. Енді Қазақстанның Ыстықкөлдегі пансионаттарын қырғыз меншігіне алу мәселесі де көтеріліп қалуы ғажап емес. Сондай-ақ, Темір Сариев үкімет басына келгенде «2015 жылдың аяғына дейін әрбір ауданда 10 кәсіпорын іске қосылсын деген бастама көтеріп, нәтижеде республикада 647 кәсіпорын ашылған. Біз Темір Сариев үкіметінің тұсында жасалған кейбір оң өзгерістерді шолып өттік. Әйтсе де, ел арасында «Егер, үкімет басшысы сүттей ақ, судай таза болса неге отставка сұрады, күреспей ме?» деген пікірлер өршіп тұр. Сонымен, Президент Алмазбек Атамбаев премьердің өтінішін қанағаттандырды. Президенттің құзырындағы әлеуетті органдардың жетекшілерінен басқа үкімет мүшелері отставкаға кетіп, қызметтерін уақытша атқаруда. Жақын арада Жоғарғы Кеңеш жаңа үкімет басшысын және мүшелерін тағайындап, Президент бекітуіне ұсынатын болады.  P.S. 13 cәуірде Жоғарғы Кеңештің жиынында көпшілік дауыспен Сооранбай Жээнбеков Қырғыз Республикасының премьер-министрі болып cайланды. Жоғары Кеңештің төрағасы Асылбек Жээнбеков ағасының үкімет басына келгеніне байланысты өз өтінішімен қызметінен босатылды.  

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі