Белгілі қоғам қайраткері марқұм Мұхтар АРЫН хақында

Белгілі қоғам қайраткері марқұм Мұхтар АРЫН хақында

Белгілі қоғам қайраткері марқұм Мұхтар АРЫН хақында
ашық дереккөзі
Қызмет бабымен Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының екі ортасында талай мәрте сапарлап жүруге тура келді. Сондықтан да  оңтүстік астана мен шығыстың ортасын  жалғаған  күре жолдың әр шұқыры маған етене таныс. Сол жол үстінде мен аялдамай өтпейтін екі бекет бар. Ол жерге арнайы тоқтап, тағзым ету дағдылы қағидат болып қалыптасқалы қашан. Соның біріншісі –  Сарқан ауданына қарасты  Қойлық ауылының Мәдениет сарайы алдындағы  белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевқа орнатылған ескерткіш. Екіншісі – сол ауылдан шыға берістегі Кәкімжан Қазыбай ауылына бұрылатын жол айрығында тұрған  «Мұхтар Арын  кесенесі» деген белгі. Себебі ел таныған екі тұлғаның да орны бөлек адамдар... Ол кезде «Жас алаш» газетінде «құқық және қоғамдық пікір» бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүрген едім. Біздің бөлімнің қосымша атқаратын жұмыстарының бірі – меншікті тілшілердің жұмыс жоспарын бекітіп, оны орындауды қадағалау және тиісті шағым хаттарды тексеруге тапсырма беру болатын. Сондай күндердің бірінде газеттің әр облыстағы меншікті тілшілері кезекті алқа жиналысына шақырылды. Оған  газеттің сол кездегі Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Қадыржан Забих та келген еді. Жиналыс  тамамдалған соң  Қадыржан екеуміз жұмыс барысы бойынша ұзақ әңгімелестік. Сөз арасында «Сіз Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арынды танисыз ба?», – деп сұрады.  Жақсы танитынымды айттым. Сол кезде ол Мұхтар ағаның Ақтөбе облысында жасап жатқан игілікті жұмыстары жөнінде  әңгімелердің тиегін ағытты десеңші. Шынымды айтсам, Мұхтар Арын ағаны жақсы танысам да, басқа облыста жүріп, осыншама қыруар шаруа жасап жүргенінен хабарым аз еді. Мұхтар Арын мен Кәкімжан Қазыбаев аға  бір ауылдың тумалары болып келеді. Қадыржанның әңгімесін зейін сала тыңдап отырғандығым да сондықтан еді. Қадыржан сөз соңында: «Мұхтар аға жөнінде бір материал жазсам ба деген ойым бар», – деді. Мен қуана қоштадым. Көп ұзамай, «Жас алаш» газетінің бетінде (5 желтоқсан, 1992 жыл) «Нар қазақ» деген портреттік очерк жарқ ете түсті. Сол жылдары газет бетінде жарияланатын материалдардың тақырыбына ерекше мән берілетін. Себебі кейіпкерді артық әсірелеп, болмысын қолдан жасауға жол берілмейтін. «Нар», «Нартұлға», «Кемеңгер», «Данышпан»  деген сөздердің орнымен қолданылуына деген талап күшті. Мақаланы оқығанда барып, тақырып пен материалдың бір-бірімен керемет үндесіп тұрғанына көз жеткіздім. Мақала: «Ол сонау сексен үштің жазында осындағы іргелі оқу ордасына басшы болып келген сәтте-ақ, жан дүниесі құлазығандай күй кешкен. Ана тіліміздегі мектеп, балабақшалардың адам ұялғандай сиректігі тұрмақ, айналасына үлгі-өнеге болар осы институттың өзінде бір ғана факультетте қазақ бөлімі болып еді-ау, сонда...Тіпті ақсұңқар ақындар, үш алып – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің 90 жылдық торқалы тойларын атап өте алмаған Мұхаңдар. Себебі институт кітапханасында халқымыздың ұлы перзенттерінің бірде-бір шығармасы жоқ екен... Өлшеусіз еңбекпен, там-тұмдап жалғасқан істің бүгінгі нәтижесі де кісі сүйсінерліктей. Қара шаңырақтағы он сегіз факультеттің бәрінде де қазақ бөлімдері ашылды...» деп жалғаса береді. Аталмыш материалдың шығуы  тұғырына қонбаған мемлекеттік тіл мен  ұлтсыздану мәселесінің шегіне жетіп тұрған кезімен тұспа-тұс келді десе де болады. Материалдағы  ұлы тұлғаларымызды ұлықтауға, ұлттық рухқа  және мемлекеттік тілге байланысты Мұхтар ағаның жасап жатқан патриоттық істері талай адамдардың санасына серпіліс берді, жүрегіне қозғау салды. Сондықтан да мақаланы оқырман қауым өте жылы қабылдады. Мақаланы  оқып болған соң, ұзақ ойланып отырып қалдым. Кәкімжан аға сияқты бәйтерегіміз құлап, қара жамылып қалған кезіміз көз алдыма келді. Иә, жайшылықта ештеңені  аңғармайсың,  араласып жүрген адамдарыңның бәрі бірдей сияқты көрінеді. Алайда Кәкімжан ағаның бақилық болуы көзімізді көп нәрсеге ашып кетті. Сол кезде ғана кімнің кім екенін және оңымыз бен солымызды таныдық. Есеппен жүретін талай ағайын да, жора-жолдас та сол кезде сыр білдіріп алды. Дәл сол кезде Мұхтар Арын ағаның нағыз азаматтығының талай мәрте куәсі болдым. Олай дейтінім,  жанұясы жабырқап жүрген  кезде Кәкімжан ағаға нағыз рухани іні, адал жолдас екенін іс жүзінде таныта білді. 1990 жылдың жаз айы. Кәкімжан ағаның қайтыс болғанына бір жылға да жетпеген уақыт болатын. Ал Кәкімжан ағаның жолдасы, есімі республикаға танымал педагог-жазушы Орынша Қарабалина жеңгем болса ауыр қайғыдан есін жинап, енді ғана өз-өзіне келе бастаған кез. Сол күндердің бірінде ағамыздың туған жері – Сарқан ауданының Бақалы совхозына жолға жиналдық. Мақсатымыз – Кәкімжан ағаны мәңгілік есте қалдыру шараларын ойластыру болатын. Шынымды айтсам, іштей жүрексіндім. Ағамыздың көзі тірісінде жалпақтаған талайлардың сырт айналып кеткендігін көргендіктен бе, көңілімде бір күдік тұрды. «Облыс, аудан басшылары оған қалай қарайды екен?» деген секемім де жоқ емес. Орынша тәтем: «Бізді ауылдан Мұхтар Арын ағаң тосып алады. Кеше ғана өзі хабарласты», – деді.  Лезде көңілім жадырап сала берді. Бұл кезде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланған Мұхтар аға беделінің республика бойынша шарықтап тұрған кезі болатын. Көп ұзамай, жолға шықтық.  Ауылға кіре беріс жерден Мұхтар аға мен жолдасы Райхан тәте, ұлы Нұрлан және ауыл басшылары тосып алды. Бұлай болады деп күтпеген Орынша тәтемнің көңілі жадырап сала берді. Дереу халықпен кездесу өткізілді. Жиналған көпшілік Кәкімжан ағаны мәңгілік есте қалдыру мәселесіне байланысты ниетімізді құптап, еш қарсылық білдірмеді. Тіпті, ауылдың кейбір ақсақалдары: «Осы ауылға Кәкімжанның есімін берейік десек, сендер ғой созып жүрген», – деп совхоз директорына тарпа бас салды. Мәселе ушығып кете жаздады. Сол кезде көпті көрген, көп оқыған Мұхтар ағаның парасатты сөзі мен сарабдалдығы бар нәрсенің тігісін жатқызып жіберді. Орынша тәтем де жүректегі сөзін айтып,  халыққа ризашылығын білдіріп, көзіне жас алды. Сөйтіп, Кәкімжан ағаның ізі қалған ауылға барған сапарымыз оңынан болды. Көңіліміз орнына түсіп, еркін тыныстап қалдық. Ауылдағы халықпен кездесу аяқталған соң, шешем марқұм Мұхтар ағаға рахметін айтып, дастарқанға шақырды. «Кәкімжаным  жоқ болса да, өзіңді Кәкенімнің көзіндей көремін. Сондықтан да біздің  шаңырағымыздан дәм татып, балаларыма батаңды беріп шық», – деді. Мұхтар аға қарсы болған жоқ. Уақыты тығыз болса да, еш асығыстық танытпады. Ұзақ отырып, салиқалы әңгімелер айтты. Ата жолымен батасын берді. Сол сәтте біздің шаңыраққа кие кіргендей әсерде болдым.  Алайда араға 6 жыл салып, сол ауылдың жотасында Мұхтар аға кесенесі тұрады деп ойламаппын.  Осылайша, балалық шақты бірге өткізіп, бір ауылдың ауасымен тыныстаған екі азаматтың біреуіне туған жердің топырағы бұйырса, екіншісінің  есімі туған жеріне ту болып тігілді. Иә, кеше ғана көп ешкім елей  бермейтін шағын ауылдың аты бүгінгі күні  екі адамның есімімен асқақтап тұр. Жол айрығындағы «Кәкімжан Қазыбай ауылы» және «Мұхтар Арын кесенесі» деген белгі де алыстан көзге шалынады. Олай дейтінім, бірде жолдастарыммен, сол жол айрығына жеткенде арнайы тоқтап, іштей дұғамды оқып, зиярат еттім. Сол кезде жанымдағы әріптесім: «Бұрындары осы жерден талай мәрте өтіп жүріп, мынандай кішкентай ғана ауылдан осындай атақты адамдар шығады деп мүлде ойламаппын. Бұндай кісілерді білу  дегеніңіз үлкен мәртебе емес пе?», – деді шынайы көңілін білдіріп. Иә, шынымен де,   осындай таутұлғалы азаматтардың  батасын алып, қолдарына су құю бақытына ие болу еншіме жазылған  үлкен бір несібе шығар. «Жас алаш» газеті мен үшін орны ерекше басылым. Кезінде талай мықтылардың қазақ баспасөзінің осы қарашаңырағынан қанат қаққаны  баршаға мәлім. Сондықтан да бұл газетті әлі күнге дейін үзбей оқуға тырысам. Газеттің 2004 жылғы 2 қарашадағы саны қолыма тиген сәтте ашып қалсам, ішкі бетінен «Арынсыз Ақтөбе» деген Баян Сәрсенбинаның мақаласы көзіме жарқ ете қалды. Айғайлап тұрған тақырыбынан-ақ не туралы екенін бірден түсіндім. Мақаладағы шыңғырған шындықты оқығанда жүрегім мұздап сала берді. Осы орайда мақаладан үзінді келтіре кеткен орынды болар: «Сырттай қарағанда, бұлайша кесіп айтуымыз түсініксіз көрінер. Алайда соңғы кездері Ақтөбенің рухани өмірінде жалтақ тіршілік, жағымпаз сөз, мәнсіз әңгіме, нәтижесіз іс белең алып бара жатқанда, ел-жұрт қажетсінетін ТҰЛҒА туралы еріксіз ойға берілесің. «Ақтөбенің киесі – Мұхтар Арын екен, ол кеткен соң осы өңірдің рухани өмірі мүлде құлдырады» деді Алматыдағы ерекше сыйлайтын әріптес ағайымыз. «Мұхтар Арын тірі болғанда, «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде қыруар жұмыс атқарып тастайтын еді» дейді мәдени саланы басқарып отырған шенеуніктердің ісіне күйінген ақтөбелік ғалым-ақсақал. Айтылған пікірлердің ақиқаттығында дау жоқ. Ақтөбенің рухы әлсіреп тұр. Рухани саланы рухы төмен шенеуніктер басқарған соң да жұрт наразы... Арын кеткелі Ақтөбеден өрген, жан-жақта жүрген зиялы қауым ата-жұртына қайырыла соққан жоқ. Тахауи Ақтановтың мерейтойына арнайы келген зиялылар Ақтөбеге жетпей, Мұғалжар ауданынан Алматыға кері қайтып жатты. Әзірбайжан Мәмбетов те аялдай алмады. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алдынан шығатын адам табылмады. Тізе берсек, жерге қараймыз. Санай бастасақ, есебіне жете алмаймыз.     Соқпаймын дегендері емес, зиялыны бағалайтын, мәдениеттің парқын білетін басшы болмаған соң, қабылдауға құлықсыздықты көрген соң, кідірген жоқ...»  Аталмыш мақаланы оқып болған кезде ойыма ұлы жазушымыз Ғабиден Мұстафиннің: «Біз осы уақытқа дейін ұлтшылдықпен күресіп келдік. Енді ұлтсыздықпен күресуіміз керек» деген дана сөзі оралды. Сонымен қатар «Егемендік алғанымызға 13 жыл болса да, бұл не деген өресіздік?  Біз әлі күнге дейін ұлт болып қалыптасып болмағанбыз ба сонда? Рухымыз қайда? Билік басында мынандай адамдар жүретін болса, ертеңіміз не болады?» деген сауалдар санамды шырмап алды. Көңілім құлазып, кәдімгідей есеңгіреп қалдым. Иә, жаныңды жабырқатып, көңіліңді құлазытып жіберетін шындық. Мақаладан  Мұхтар ағаның  игі істерінің көмескілене бастағанына, жалғасын таппағанына күйінген жандардың жанайқайы байқалады. Жоқ, жанайқай ғана емес, бойларын ұлтсыздық пен құнтсыздық  билеген жергілікті шенеуніктерге деген халық өкпесінің  шегіне жетуі деп бағалар едім. Бұл көрініс арқылы халықтың «Мұхтар Арын сияқты тұлғалар қайда кеткен? Неге оянбай жүрміз?» деген сағынышын  аңғарасың.  Осындай қапаланған шақта  ойыңа  «Жақсы адамдар өмірге табындыру үшін, өлген соң сағындыру үшін келеді» деген қанатты сөз оралады. Бұл әрине, Мұхтар Арын сияқты азаматтардың атына айтылса керек. Мұхтар ағаның өткен өмір жолына көз жібергенде, құрыштың қалай шыныққанымен пара-пар тағдырдың куәсі боласың. Бір жарым жасында әкесінен, он бірге қараған шағында шешесінен айрылған бозбаланы тағдыр маңдайынан сыйпаған жоқ. Талай мәрте тар жол, тайғақ кешудің ащы дәмін татты. «Халық жауының баласы» деген ауыр сөздер де талай жыл еңсесін көтертпеді. Сенетін ешкімі жоқ болғандықтан, өмір оны ерте есейтті. Буыны қатпаған балалық шағында тәлтіреңдеп қапшық арқалап, соғыс сергелдеңін де көппен бірге көтере білді. Өз бетінше тырмысты, талпынды. Сөйтіп жүріп, ел сыйлайтын азамат дәрежесіне көтерілді. Алайда 59 жыл ғана ғұмыр кешті. Себебі балалық шақта қатты жараланған жүрек ержеткен соң да тырнала берді.  Халық алдында  беделі тым асып бара жатқан азаматтың сыртынан тас атушылар,  аяқтан шалушылар да табылмай қалған жоқ. «Өкінішке орай, Мұхаңның елге істеген қызметін, оның беделін көре алмағандар да болды. Әсіресе, жергілікті билік. Арынға ашықтан-ашық қысастық көрсетілмегенімен, оны шеттету шаралары жасалғаны құпия емес...» деп жазды «Жас алаш» газетінде ол туралы. Бұған қоса, талай жыл оқу министрі және Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарған, белгілі қоғам қайраткері  әлі ғалым Көпжасар Нәрібаев  өзінің Кәкімжан Қазыбаев аға жөнінде жазған естелігінде Мұхтар ағаға байланысты былай деп еске алады: «1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Кәкең біраз түрткіге алынды.  Ол кісі тұсында тағайындалған біраз басшылар, әсіресе ректорлар қудалана бастады. Жазықсыздан-жазықсыз Алматы театр және көркемсурет институтының ректоры, профессор С.Дәрженов орнынан алынды. Бар айыбы – туған жері Талдықорған облысы екен. Осыдан барып көрнекті ғалым, қайраткер, қазақ тілі мен мәдениетінің үлкен жанашыры Мұхтар Арыновқа тиісті, т.с.с. Мұның бәрі Кәкеңе оңай тиген жоқ. «Менің оларға ешқандай қатысым жоқ. Өздері өсіп шыққан азаматтар ғой. Обал емес пе, оларға мына істегендері», – деп жүрді ағамыз...»   Осындай әділетсіздіктер мен ақиқатты белден басушылықтар асыл ағаларымыздың жүрегіне салмақ түсіріп, өмірден ерте кетуіне себеп болды. Міне, көріп отырғанымыздай,  бәріне  уақыт төреші. Тарих  пен уақыт өлшемі  ешкімді мансабына қарап бөлмейді. Атқарған игі ісің де, жасаған жамандығыңның бәрі де уақыт таразысына түседі. Таразының қалай тартқанын бақылайтын  халық пен уақыттың әділ шешімі ғана болашаққа өз өрнегін салады. Осылайша, талай нардың жүгін көтерген Мұхтар ағамыздың дана жүрегі  пайғамбар жасына да жетпей тоқтады. Жүрек соғуын тоқтатқанымен, оның жаңғырығы тоқтаған жоқ. Мұхтар аға ілімі талай жүректерді маздатып, талай қазақтың бойына өшпес рухты сіңіріп кетті. Сондықтан да ақиқат пен аңызға  толы айтылар әңгіме тізбегі бұнымен тоқтамасы хақ. Себебі артында  қалдырған мұрасын қадірлейтін, игі істерін бағалайтын халқы бар.  Сонымен қатар, артында өшпес мұра ғана емес, әке жолын жалғастыра білетін тәлімді ұрпақ та қалдыра білді. Өзі жасай алмай кеткен кейбір дүниелерді балаларына аманат етті. Енді соған тоқталайық. Мұхтар ағаның  балалары Ерлан және Нұрлан екеуімен әрдайым ағалы-інідей сыйласып тұрдым. Ал жолдасы Райхан апайды өзімнің шешемнің көзіндей көремін. Бүгінгі күні екеуі де ел танитын азаматтар. Ерлан экономика ғылымдарының докторы, профессор болса, Нұрлан медицина ғылымдарының докторы, профессор. Екеуінің де бойына әкеге тартқан тектілік пен парасаттылық, білімділік пен білгірлік ұя салған. Екеуі де мамандық жағынан әке жолын қумаса да, әкенің адамгершілік  қасиеттерін бойына сіңіре білген. Нұрлан білікті хирург-дәрігер ретінде талай мәрте әкесінің туған жеріне  барып, аудан тұрғындарына тегін қызмет көрсетті, оталар жасады. Таяуда  Нұрлан екеуміз тағы да кездескен едік. Сөз арасында: «Биыл Құдай қаласа әкем 80 жасқа  толар еді. Сондықтан да мерейтой алдында еліміздің облыстарын аралап, халыққа тегін медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отырмын. Диагнозы қиын адамдарға ота да жасаймын. Ниетімді Алла Тағала қабыл етіп, әкемнің әруағы риза болса болды», – деді. Ал енді Ерлан Арын екеуміздің ағалық-інілік сыйластығымыздың орны тіпті бөлек. Маған өмір жолында талай ағалық ақылын айтып, туған бауырындай қамқорлық көрсетті. Аға ретінде  көп нәрсе үйрендім десем де болады. Тіпті, оқу министрінің бірінші орынбасары кезінде менің «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі: Сұрақтар мен жауаптар; Таможенное дело в РК: Вопросы и ответы» атты оқулық кітабыма рецензент болып қана қоймай, министрлік бағдарламасымен жарыққа шығуына да мұрындық болды. Сонымен қатар халқымызға рухани мұра болатын қаншама кітаптар шығарды. Павлодар облысында университет ректоры, облыс әкімі қызметтерін атқарған кезде де ұлт мүддесіне ерекше қызмет етті. Осы орайда, мына бір оқиғаны айта кеткенім орынды шығар деп ойлаймын. Ерекең оқу министрінің бірінші орынбасары кезінде қабылдауына барған едім. Әңгіме арасында он томдық «Қазақтар» деген жинақ шығарғалы жатқанын айтты. Он томдықты екі  күнге қарап шығуға сұрап алдым. Түнімен ерінбей шолып шықтым. Қарасам, ішінде есімдері елге танымал екі-үш адам жөніндегі мәліметтер кіргізілмей қалыпты. Ертесінде Ерекеңе келдім де, өз ойымды айттым. Ол үлкен лауазымына қарамастан  сөзімді құптай кетті де, кітапты дайындап жатқан адамдарға  ұмыт қалған мәліметтерді қосу жөнінде тапсырма берді. Әдебиетке, рухани мұраға немқұрайды қарайтын басқа біреу болатын болса, «Жарайды, онда тұрған ештеңе жоқ. Жасалып қойған дүниені қайта бұзамыз ба?» деп жылы жаба салуы сөзсіз  еді. Бұл әрине, Ерекеңнің әке тәлімі арқылы ұяда қанына сіңіріп, қаперінен шығармайтын  әдеби мұраға деген үлкен жауапкершілігі екені белгілі. Иә, Арындар әулетіне тереңнен көз жібере қарасаң, керемет бір ұқсастықтың, ірі болмыстың куәсі боласың. Бір шаңырақтан  үш тұлға, үш ғалым, үш профессордың  шығуы да тегін емес. Аталары – Арын болса, ұрпақтары – дарын  иесі атанды. Үшеуінің бойында да  ұлттық  рух  ұя салған. Үшеуі де елдің ертеңіне, ұлттың мүддесіне қалтқысыз қызмет ете білді. Бәлкім, тектілік теоремасының  өлшемі осындай болатын шығар.  

     Бекен Нұрахметов, Қазақстан Журналистер одағының

С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты.