СOVID-19: әл-Фараби мен Абай мерейтойлары қалай атап өтіледі?
СOVID-19: әл-Фараби мен Абай мерейтойлары қалай атап өтіледі?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында коронавирус пандемиясына байланысты әл-Фараби мен Абай мерейтойлары қалай атап өтілетінін айтты.
«Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу – халқымыздың игі дәстүрі. Біз Әл-Фараби мен Абай мұрасын зерделеу арқылы қазақ даласындағы өркениеттің тамыры терең екенін көрсетеміз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәрімізге үлкен сын. Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, Әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Ұлы ойшылдардың әділдік пен ізгілік жөніндегі ұстанымы баршаға белгілі. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам осы қағидалармен үндеседі», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы аталған мерейтойлар аясында мемлекеттік және өңірлік жоспарлар жасалғанын айтты.
«Бүгінге дейін кейбір жобаларды жүзеге асырып үлгердік. Қазіргі ахуалға байланысты түрлі мерейтойлық шаралар онлайн форматында өткізілуде. Бұл жобалар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда да кеңінен насихатталады», – деп қосты ол.