COVID-19: Ресейде бір тәулікте 95 науқас көз жұмды

Ресейде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 10 102 жаңа дерегі тіркелді. Осылайша елдегі індетке шалдыққандардың жалпы саны 155 370-ке жетті. Бұл туралы мемлекететтің коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабы хабарлады.

Штаб мәліметінше, жаңадан  тіркелген науқастардың 49,1 пайызында аурудың ешбір белгілері болмаған.

Сондай-ақ, бір күн ішінде 95 адамның көз жұмғаны, 1770 адамның емделіп шыққаны белгілі болды.

Эпидемияның алғашқы кезеңінен бері Ресейде коронавирустан 19 865 адам айықты. Ал індет құрбандарының жалпы саны 1451 адамға жетті.

Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша, әлемде қатерлі вирусты жұқтырғандар саны 3 598 324 адамға жетті. Індетке шалдыққандардың 252 мыңға жуығы көз жұмды.

Ал Қазақстанда 4160 адам коронавирус жұқтырды. Науқастардың 1264-і емделіп шықты. Дерті асқынған 29 адам қайтыс болды.

Back to top button