Жаңалықтар

Тегеранда 66 маңызды құжатқа қол қойылды

ашық дереккөзі

Тегеранда 66 маңызды құжатқа қол қойылды

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапарын қорытындылады. Елбасының бұл сапарында екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас турасында сөз болды. Тегеран қаласында кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіліп, бірқатар бағыттардағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Иран астанасында екі ел ара­сын­дағы ауыл шаруашылығы, ғы­лым, технология және мәдениет са­лаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы әңгіме болды. Тараптар көлік-логистика, сон­дай-ақ экологияны қорғау, Кас­пийде кеме қатынасы және ту­ризмді дамыту салаларындағы, Каспий теңізінің құқықтық мәр­те­бесі жөніндегі құжаттарға қол қоюдағы өзара іс-қимылды ны­ғайтудың маңыздылығын атап өтті. Екі елдің Мемлекет басшы­лары экстремизммен және тер­ро­­ризммен күресу, Ирак, Ау­ғанстан, Сирия аумағындағы тұрақ­тылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қа­жет­тігін айтты. Мемлекет басшысының осы сапары аясында металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Иранның басшылары да бизнес бастамалардың жүзеге асуына басымдық беріп, оған баса назар аудару қажеттігі жө­нінде уағдаласты. Алдағы бірер жыл­дың ішінде тағы да оншақты жоба жүзеге асуы мүмкін. Тегеран қаласындағы «Espinas» қонақүйінде өткен кездесуге Imidro, Ghadir Investments Group, Sunir Group, IRISL, Jahad-e Sabz сынды әр түрлі саладағы 20-дан астам ірі индустриалдық холдингтердің басшылары және акционерлері қатысып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тілдесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Иран компаниялары арасындағы ынтымақтастық жағдайы, қолға алынған бірлескен жобалар, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар туралы сөз болды. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы­ саяси санкциялардың өткен күннің ен­шісінде қалғанын айта келе, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға кең жол ашылғандығына тоқталды. «Иран үшін жақсы кезең туып, екі ел арасында бизнесті дамытуға жарқын жол ашылды. Ендігі жерде бірлесіп атқаратын жобалар жеткілікті. Ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, тау-кен өнеркәсібі болсын, қай салада да байланысты кеңінен өрістетуге мүмкіндік мол. Әсіресе, азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп келе жатқанда, Қазақстанның жерлерін тиімді пайдалануға болады. Қытайға, Ресейдің Қиыр Шығысына, Парсы шығанағы елдеріне азық-түлік өнімдерін экспорттауға жол ашылады», – деді Елбасы. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев Иран президенті Х.Рухани тікелей атсалысқан Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағытындағы теміржол торабын ирандық компаниялар мен холдингтерді белсенді түрде пайдалануға шақырды. Аталмыш теміржол торабы халықаралық жүк тасымалдау бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазірдің өзінде Қазақстан арқылы Қытайдан Ресей мен Еуропаға жүк тасымалдайтын пойыздар саны едәуір көбейген. Енді Иранның да бұл теміржол торабын пайдалануға мүмкіндігі бар. Таяуда ғана Иранға Тынық мұхиты аймағынан бар-жоғы 12 тәулік ішінде алғашқы контейнерлер келіп жетті. Ал теңіз арқылы тасымалданса, бұл екі есе ұзақ уақытты алар еді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иранның арасын қазіргі уақытта үш бірдей көлік бағыты – теміржол, автомобиль жолы және Каспий теңізі жалғап жатқанын, ал мұның екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұдан ары дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Елбасы ирандық компания бас­шыларымен өткен кездесуде­ Қазақстан мен Иран арасында өза­ра қарым-қатынас орнатудың тиім­ді тұстарын атап өтті. Еліміздің Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше болуы Иранның компанияларына одақ­қа мүше өзге мемлекеттермен кедендік баж салығынсыз сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан біздің елге инвес­тиция құйған ирандық компаниялар Еуразиялық одаққа мүше Ресей, Белорусь, Қырғызстан және Армения елдері аумағында жеңілдіктерге қол жеткізеді. Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болғанын, Еуропа одағымен серіктестікті кеңейту мақсатындағы келісімге қол қойғанын атап өтті. Бизнес­ке қолайлы жағдай туғызған елдер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан 41-орынға жайғасқандығы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы біздің еліміздегі инвесторлар үшін инвестициялық субсидиялар, заңның тұрақтылығы және салықтық жеңілдіктер қарастырылатындығын қадап айтты. Өз сөзінде Қазақстан Президенті «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша, инвестициялық жағ­дайды дамыту мақсатында ат­қа­рылып жатқан шараларды санамалап, елімізде жекешелендірудің жүр­гізіліп жатқанынан ирандық компания басшыларын хабардар етті. Келер жылы еліміздің бас қаласы – Астана шаһарында өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық маман­дандырылған көрмесіне орай баламалы энергетика саласындағы озық үлгідегі технологияларға деген қызығушылықтың мол екендігі де­ айтылды. Сонымен қатар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы, индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларына ирандық компаниялардың қатыса алатындығы сөз болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медицина, ғарыш, биотех­нология салалары бойынша екі ел ара­сындағы байланысты жандандыра түсуге мүдделі екендігін жеткізді. Астанада Халықаралық уни­верситет пен Алматы қала­сын­да Инновациялық тех­ноло­гиялар паркі секілді екі бір­дей инно­вациялық кластердің табыс­ты жұмыс істеп жатқандығын және бұл Иран мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің бір бағыты болуы мүмкін екендігі айтылды. Ал Иран тарапынан кездесуге қатысқандар Қазақстанмен ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екендігін атап өтті. Осыған байланысты олар іскерлік байланыстарды орнатуға қызығушылықтарын білдіріп, жүзеге асып жатқан бірлескен жобалар жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сындарлы ын­тымақтастыққа негізделген иран­дық компаниялардың ұм­ты­лысын жоғары бағалайтындығына баса назар аударды және оларға жұмыс­тарының жемісті болуына тілектестігін білдірді. Иран президенті Х.Рухани екі ел арасында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды рати­фикациялаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар та­риф­тер қалыптастырудың маңыз­дылығын айтты. «Қазақстан әр­да­йым бізге жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді Бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қол ұшын созуда», – деді Иран президенті. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиге алғыс айта отырып, елімізге ресми сапармен келуге шақырды. Осылайша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына жасаған ресми сапары сәтті тәмамдалды. Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Стамбұл қаласына барды. Мемлекет басшысы Түркияға сапары барысында Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының ХІІІ саммитіне қа­ты­сады. Сондай-ақ, Елбасы Стамбұлда Түркия президенті Р.Ердоғанмен, түрік холдингтері мен компанияларының басшыларымен, сондай-ақ, саммит аясында делегация жетекшілерімен кездесу өткізбек.