Мұғалім мәртебесі заңмен қалай қорғалады – министрлік жауабы
Мұғалім мәртебесі заңмен қалай қорғалады – министрлік жауабы
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мектеп мұғалімінің мәртебесі заңмен қалай қорғалатынын айтып берді.
ҚазАқпараттың жазуынша, Білім және ғылым министрлігінің онлайн режимде өткен аппараттық отырысында Шолпан Каринова: «Қазақстанда желтоқсан айында қабылданған «Педагогтар мәртебесі туралы» заң мен әкімшілік рәсімдер туралы кодекске енгізілген өзгерістер негізінде 2020 жылдың 31 наурызында бұйрық қабылданды. Бұл бұйрық білім беру жүйесінде тексеру жүргізу бойынша тәуекел дәрежесін қарап, өлшем шарттары мен тексеру парақтарын бекітуді көздейді. Яғни, мұғалімдерден тиісті емес жұмыстарды талап еткен жағдайда әкімшілік айыппұл салу көзделген», – деді.
Вице-министр бұл ретте аумақтық департаменттер нақты қандай жағдайда мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартқандарға айыппұл салынатынын айтып берді.
«Нақты айтып отырған бұйрыққа байланысты өңірлердегі департаменттерге құзіретіне 1 сәуірден бастап беріліп, жұмыс басталды. Мұның ішіне педагогтардан есептілік немесе өзіне байланыста емес ақпараттарды сұратқандар, мұғалімдерді өзінің, яғни кәсіби мамандығымен байланысты емес жұмыстарға тартқандар, педагогтарды тауарлар мен қызметтерді сатып алуға міндеттеп, мемлекеттік білім мекемелеріндегі қызметкерлерді басқа мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартатындар жауапкершілік арқалайды», – деді вице-министр.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балабақша, мектеп пен колледжде қағазбастылықтан арылатын күн келгенін мәлім еткен болатын.
Министрдің айтуынша, педагогты қосымша құжат толтыруға міндеттегендерге ірі көлемде дейін айыппұл салу көзделген.