«Құрқылтайдың ұясындай» емхана
«Құрқылтайдың ұясындай» емхана
Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ мырзаның назарына!
Елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қабылданып, іске қосылғанда шалғайдағы елді мекен халқы қатты қуанған. Онысы кеңестік кезеңнен бергі тозығы жеткен денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттары жаңаланып, медициналық құралдармен жабдықталады деген көптен бергі арман болатын. Әлі талай кем-кетігіміз бен қисайған жүгіміздің түзетілер тұсы көп. Бірақ оған дейін бірталай адамның зықысы шығатын түрі бар.КҮТУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
Бұл бағдарламаны не үшін тілге тиек етіп отырмыз? Шын мәнінде, қарапайым халық бағдарламаның шарапатын көрді ме? Сол кезде іргетасы қаланып, пайдалануға берілген мемлекеттік кейбір мекемелердің бүгінгі ахуалы сын көтере ме? Осы сауалдар әлі күнге алдымыздан көсе-көлденең шығып жүр. Себебі де түсінікті, бағдарлама діттеген мақсатына қол жеткізе қоймаған сияқты. 2007 жылы қабылданып, 2011 жылы түбегейлі жүзеге асырылуы тиіс «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының соңы неге сиырқұймышақтанып кетті? Осыдан үш жыл бұрын вице-премьер қызметін атқарған Ербол Орынбаев «бағдарламаның аяғына дейін толық орындалмауына дағдарыс әсер етті» деп жауап бергені есте. Ол өз сөзінде: «Бағдарлама бойынша, 100 мектеп жоспарын орындадық. Шын мәнінде, бүгінде үш ауысымда оқыту, апаттық мектептер бойынша мәселелер бар. Бұл мәселелер бюджет мүмкіндігіне сай шешіледі. Біз мұны 2014-2016 жылдарға арналған бюджетті қарастырғанда талқыладық. 100 ауруханаға келетін болсақ, бұл көп шығынды қажет етеді. 64 аурухана салынды, жалпы 100 емес, 98 нысан салынады. Қалғандарын салу үш жылдық бюджетте қарастырылған. Бұл бағдарламаны толық орындамау және қаражатты игермеу дағдарысқа байланысты. Президенттің жаңа нысандарды салуды тоқтату тапсырмасы болды. Стационарларды салу өте қымбат екенін білесіздер», – дей келе, алдағы екі-үш жылда бұл мәселе шешіледі деп сендірген. Бұл 2013 жылғы есеп кезінде айтылған сөз. Демек, аталмыш бағдарламаның толық жүзеге асуына дағдарыстың салқыны тиген. Ал жоспарға ілігіп, іргетасы қалануы тиіс мемлекеттік мекемелердің құрылыс жұмысы жалғасын таба ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. 2011 жылы аяқталуы тиіс «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 18 денсаулық сақтау нысанының 11-і уақытында тапсырылмай қалғанынан да жұрт хабардар. Мерзімді кезекті мәрте кейінге қалдыру бір бөлек, кейбір аймақтарда денсаулық сақтау нысандары аяқталмай қалған. Ал бұл үшін жауапты тұлғаларды анықтау өте қиын. Қолда бар деректерге сүйенсек, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын орындау бойынша іс-шаралар уақтылы орындалмаған. 2007 жылдан бастап алатын болсақ, 99 жоспарланған денсаулық сақтау нысанынан құны 183,4 миллиард теңгені құрайтын жалпы 64 нысан ғана салынған. Қалған – 30-дан астам нысанды – 2016 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланыпты. Әрине, ауылдағылар күтуден жалықпайды, күте береді... Оларға да кезек келер...ЕМХАНАҒА ЖАРЫМАҒАН «ІРГЕЛІ»
Әдетте біз мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың орындалу барысын сөз еткенде, ауылдағы ағайынның жағдайын көз алдымызға әкелеміз. Жол, көлік қатынасы қиын елді мекен тұрғындарының денсаулығы мен білім алуына алаңдайтынымыз заңдылық. Шыны керек, қала орталығынан қашық жатқан шағын бекеттер мен разъездегі жұрттың жай-күйі қалай? Оқыстан денсаулығы сыр бере қалса, кімнен көмек сұрайды? Ал, айы-күні жетіп, толғағы қысқан ананы қала орталығына жеткізу машақатына біреу бас қатыра ма? Міне, бұйығы ауылда өмір сүріп жатқан қарапайым жұрттың көкейіндегі түйткілдер осы. Олар өмір бойы тұрғылықты жердегі емхана немесе медициналық пунктке қаралуды армандап келді. Әрі-бері сандалыстан құтылатындығына сенді де. Бірақ өзгеріс жоқтың қасы. Бүгінде шалғайдағы ауыл халқы мұндай бағдарламалардың өздерін сырт айналып өтетіндігіне еті үйренгені қашан. Иә, ауылдың тұрмысын «жырласақ», жүрек тұсымыз шымырлайды. Қала тұрғындары қол жеткізген игіліктен олар да құр қалмаса дейсің. Бірақ айырмашылық жер мен көктей. Қазір біз ауыл халқының денсаулығын, білім алу мәселесін, елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуын бір шетке ысырып қойып, бар жақсыны қала аумағында жасап жатқан жайымыз бар. Осылай деп, ой түйіп, пікір қорытып отырсақ, қаланың маңайында да қордаланған мәселе көп екен. Бүгінде алып мегаполис – Алматының аумағы кеңейіп, халқы да көбейе бастады. Шаһардың іргесіндегі бірталай елді мекен қаланың аумағына еніп, соңғы жылдары екі бірдей жаңа ауданның ашылуына түрткі болғаны белгілі. Әсіресе, халқы тығыз қоныстанған бұл елді мекендерде емхана тапшылығы сезілді. Қаланың, ауданның әлеуетін көтеру мақсатында әлеуметтік нысандар салынып та, пайдалануға беріліп те жатыр. Өкініштісі сол, Алматының іргесіндегі «Іргелі» елді мекеніне бұл өркениет жете қоймаған сияқты. Аумақтық бөлінісі жағынан Алматы облысына қарайтын, жақындығы жағынан қалаға іркес-тіркес қоныс тепкен елді мекеннің емханасын көріп, әлгі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы тағы еріксіз ойға оралды. Білуімізше, аталмыш бағдарлама аясында тек аурухана емес, емханалар да халық игілігіне берілген. Ал біз қала орталықтарынан жырақта жатқан ауылдың жоқ-жітігін түгендеуге тырысып жүрсек, Алматыға тиіп тұрған елді мекен емханасының сыртқы кейпі, ондағы ақ халаттылардың жыларман күйде жұмыс істеуі ойымызды сан-саққа жүгірткен. Әуелгіде кішкентай ғана қораш үйдің емхана екенін біле алмайсыз. Тек мүйістегі тақтайшадан «Іргелі» ауылдық амбулаториясы» дегенді көзіңіз шалады. Ал емханаға бас сұқсаңыз, иін тірескен жұрт. Кейде «қуықтай» төрт бөлме тұрғындарға лық толып кеткенде, дем алу мүмкін емес. Кішкентай сәбилер де, екіқабат әйелдер де, қариялар да аралас-құралас. Бірі пысылдап ауырып келеді, екіншісі ауру жабыстырып кетеді. Енді ше? Шынтуайтында, жұмысын нәтижелі атқаратын емханалар сәбилерді арнайы бір күні, аяғы ауыр әйелдерді басқа күнге бөліп қарайды. Қазір түрлі жұқпалы дерттің белең алғанын қаперге алсақ, бұл дұрыс та. Ал «Іргелі» елді мекені емханасының бұл «өркениеттен» ауылы әзірге алыс. Мұнда қаралып жүрген тұрғындар талай жылдан бері жанайқайын білдіріп келсе де, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәселенің оң шешім табуына күш салмай отырған көрінеді. Неге? Кезек күтіп тұрғандардың бет-жүзінен немқұрайлылық, көңіл толмаушылықты анық байқайсыз. Ал адамды жылы сөзімен-ақ емдеп жіберетін ақ халаттылардың қабағы қатулы, түрі шаршаңқы. Амалдың жоқтығынан жұмыс істеп жүргендей әсер қалдырады. Екі сөзінің бірінен «Бізге қашан ел қатарлы емхана салып береді екен?» дегенді естисіз. Мұндай кезде «Неге ауданға, облысқа шағым айтпайсыздар?» деп кері сұрақ қойсаңыз, жараның бетін тырнағандай боласың. «Біз де, тұрғындар да қашаннан бері айтып келеміз, «болады, боладымен» уақыт зырылдап өтіп жатыр ғой. Ол қашан салынатынын бір Құдай білсін?». Осылайша дәрігерлер құрқылтайдың ұясындай емханада жұмыс істеп жүргендеріне наразылығын тек сөз жүзінде ғана танытып келеді. Ал біз әңгімеге тартқан емхана меңгерушісінің бәріне көңілі тоқ сияқты. Арнайы сұхбат беруден қашқақтаған Қаламқас Аманжолқызынан аз-кем сауалымызға жауап алуға тырысып көрдік. Қаламқас ЖҮНІСОВА, «Іргелі» амбулаториялық емханасының меңгерушісі:АДАМ САНЫ КӨБЕЙСЕ, БІЗДІҢ ЖАЛАҚЫМЫЗ ДА АРТАДЫ
– Амбулаториялық емханаға да, оның қызметіне де көңілі толмайтындар көп. Қазір тіркеуде қанша адам бар? – Адам саны көбейсе, біздің ставкамыз да көбейеді. Осы «Іргеліде» тұратын, яғни біздің санатымызда 10 мың тұрғын бар. Соның 8 мың 500-іне шамамыз келгенше көмектесіп келеміз. – Сіздерге «Іргелі» халқынан бөлек, жаңадан бой көтерген «Асыл арман» тұрғын үй кешені тұрғындары да қарайды екен. Осыншама халықты қабылдап, сапалы медициналық қызмет көрсететін қауқарларыңыз бар ма? – Тұрғындар емхананың осы күйіне қарамастан, тіркеліп жатыр. «Асыл арман» тұрғындары да келіп тіркелуде. Себебі тұрғын үй кешенінің әзірге емханасы салынбаған. Аумақтық жағынан «Іргеліге» қарайды. Дегенмен, сіз айтқан «Асыл арман» тұрғындарының бәрі жаппай мұнда тіркеліп жатқан жоқ. Көбі сыртынан көріп, басқа емханаға кетіп қалған да шығар. Ол жағын өздері шешеді. Ал негізінде осы тұрғын үй кешенінен үй сатып алса, осыған мойынсұнбасқа амалы жоқ. Бұл уақытша мәселе ғой. – Дегенмен, тұрғындар тіркелсе де, медициналық қызмет сапасына разы емес. Олардың шағымын қайда қоясыз? – Неге? Бізде үш участок, үш педиатр бар. 6 дәрігер мен 15 шақты медбике жұмыс істейді. «Жедел-жәрдем» көлігіміз бар. Тұрғындар саны мейлінше көп болса, бізге ставка да қосады. Алдағы уақытта ғимарат та салып береді деп күтудеміз. – Өзіңіз қашаннан бері меңгерушісіз? Бұған дейін емхана басшысы ретінде кеңірек емхана салып беру жөніндегі мәселені көтермедіңіз бе? – 2009 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақыға шағым жоқ. Осы елді мекеннің тұрғынымын, басқа жақтан жұмыс іздеп нем бар?! Айтып отырмын ғой, бұған дейін тұрғындар аз болатын. Бір кездері 2,5 мың ғана халық еді. Азғантай уақытта 10 мыңға жетті. Ал бізге тіркелмегені қаншама? Негізінде біз осы елді мекеннің тұрғылықты адамдарының бәріне қызмет көрсетуге міндеттіміз. – Сонымен, смета бойынша емхана салыну жоспарда бар ма? – «Асыл арманнан» жер бөлінеді деген. Бәлкім, «Асыл арманға» бөлек амбулаториялық емхана салып беретін шығар, кім біледі?! Оны құрылыс компаниясы салуы мүмкін. Бұйырса, біз сонда көшеміз деп отырмыз. Бәрі уақытша құбылыс қой... Ал тұрғындар не дейді? Кезекте тұрғандардың пікірін сұрай қалып едік, бәрінің ішіне шер «толып» қапты. Сұрайтыны – жаңа үлгідегі емхана. «Біздің шағым айтпаған жеріміз қалмады... Бұқараның сөзін тыңдап жатқан кім бар?!» деп кейіді қарт ана. Оның сөзін қостаған көпбалалы ана да: «Бізге емхана салып берген күні, елді мекен халқы ұлан-асыр той жасайтын шығар», – деді әзіл-шыны аралас астарлап сөйлеп. Алмагүл ҚУАНДЫҚОВА, ауыл тұрғыны: – Мына «үйдің» іші дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері адамға лық толады. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Екіқабат әйелдер, балалар бәрі бірге. Жасым 60-тан асты. Анда-санда емдік шара қабылдауға кеп тұрамын. Еденнің жыртығына сүрініп, жығыламыз. Қазір, тіпті «Асыл арманнан» келеді. «Бізге жеке емхана беріңіздер?!» – деп талай айттық, ешкім құлақ аспайды. Міне, система алуға келдім. Мұны жайланып жатып алуым керек еді, көріп отырғаныңдай қақшиып отырмын. Айтыңдаршы, осы дұрыс па? «Іргеліде» 10 мыңға жуық халық тұрады екен. Жер сатылады, үй салынады. Бірақ неге емханасын дұрыстамайды? Алыстағы ауылдан түк те айырмашылығымыз жоқ. Алуа БАЙБАТША, екіқабат келіншек: – Осы ауылдың байырғы тұрғыны ретінде қаралып жүрмін. Бірақ келген сайын ұрыс-жанжалдың үстінен шығам. Кейде дәрігерлерге де жаным ашиды. Адамдар үстінен төніп тұрады. Әсіресе, қыс мезгілінде сыймай қаламыз. Дала суық. Әрі-бері кіріп-шығып, баламызға суық тигізіп те аламыз. Осы ауылдық округтың әкіміне де шағым түсірдік. «Баяғы жартас, сол жартас». Бәрін ауызбен жайғап тастайды. Нәтижесі жоқ. Біз құрғақ уәдеге тойдық. Екіншіден, емханаға тек дәрігерге көрініп қайтамыз. Ал денсаулығыңа байланысты анализ сараптамасын Қаскелеңге барып өткізуге тура келеді. Онда да барсаң бітпейтін кезек. Алматы облысына қарайтын қаншама елді мекен тұрғындары ауданның орталығы – Қаскелеңге барады. Амал жоқ, сосын анализді ақылы тапсыруға мәжбүр боласың. Кейде «ақыры ақылы тапсырдым ғой, неге Алматыдағы бір ақылы медициналық мекемеге бара салмадым?» деп өкінесің. Сондықтан да бәрі бір жерде болса екен дейсің. Қаладағыдай қалаған дәрігеріңе емін-еркін кіріп, бәрін бір жерден анықтап кеткенге не жетсін?! P.S. Медициналық мекеме 2009 жылға дейін фельдшерлік пункт ретінде қызмет көрсеткен. Тек сол жылдан бері қарай амбулаториялық емханаға айналыпты. Кішкентай ғана «көк үйге» кім кіріп, кім шықпайды? Алматының іргесіне келіп, пәтер жалдаған «мигранттар» да осында. Алайда «тіркелген адам санына қарай, жалақы да көбейеді» деген амбулаториялық емхананың меңгерушісінің сөзіне қарағанда, мәселені жоғары жаққа жеткізуге асықпайтын сияқты. Ал дүйім жұрт үміт күткен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының бұл елді мекенге неге мойын бұрмағаны тағы белгісіз.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
Суреттері түсірген Мақсат Құсайынов