Мақтаарал: су басқан аймаққа кіру мүмкін емес – Төтенше жағдай
Мақтаарал: су басқан аймаққа кіру мүмкін емес – Төтенше жағдай
Мақтаарал ауданындағы су тасқыны болған аймақтардағы шығын көлемін нақты анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Төтенше жағдай мамандары су басқан аймаққа кіру мүмкін еместігін айтады.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі 3 елдімекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекені анықталып отыр. Алдын ала болжам бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелген.
Атап айтқанда, 1480 гектар мақта – 148 млн теңгеге, 42 гектар жоңышқа – 2,1 млн, 150 гектар бақша – 30 млн, 10 гектар жүгері – 1 млн теңгелік шығынға ұшарады деп болжануда.
Мамандардың айтуынша, бұзылған дамбадан келіп жатқан қашыртпа судың көлемі азаймай тұр. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары су басқан ауылдардағы су деңгейінің нақты қандай деңгейге көтерілгеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен.
Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған.