Жаңалықтар

Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам эвакуацияланды

ашық дереккөзі

Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам эвакуацияланды

Төтенше жағдай қалыптасқан Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам көшірілген. Мырзакентке сарқынды судан қауіп төнгендіктен билік осындай қадамға барып, тұрғындар түнімен Атакент кентіне тасымалданды, – деп жазды ҚазАқпарат. Айта кетейік, кеше түске дейін Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілсе, түстен кейін су басу қаупі басым болған Нұрлы жол мен Фредауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал, түнгі сағат 23:00-де Мырзакент кентінің тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып кетті. Себебі, сарқынды су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалған болатын. «Арнайы штаб келісімімен халықты көшіру туралы шешім қабылданды. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдіктері атсалысып жатыр. Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар да әлі де аз емес. Солардың бірі – Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Фердоуси елдімекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген» делінген хабарламада.