Мақтааралда 5 мың гектардай ауылшаруашылығы алқабын су шайып кетті

Мақтааралда 5 мың гектардай ауылшаруашылығы алқабын су шайып кетті

Мақтааралда 5 мың гектардай ауылшаруашылығы алқабын су шайып кетті
ашық дереккөзі
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басқан төрт елді мекенде ауыл шаруашылығына келген шығын есептелуде. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, 5 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы алқабы су астында қалған. Оның 3 мың гектарына  егістік дақылдарына егілген. «Ауданда 4 елдімекенде егістік дақылдары егілген 3 мың гектардай жерді су басқан. Ол жерде мақта, жоңышқа, жүгері сияқты дақылдар егілген. Қазіргі таңда төтенше жағдайдан ауылшаруашылығы саласына келтірілген шығындар есептеліп жатыр», - дейді аудан басшысы. Бақыт Асановтың айтуынша, қызыл судың көп алқапқа жайылуына Өзбекстан тарапының апат жайлы дер кезінде ескертпеуі себеп. «Өзбекстанның билік өкілдері ресми түрде хабарласып, қалыптасқан жағдай туралы бізге айтпады. Дамбының бұзылғандығы жөнінде әлеуметтік желіден білдік. Бастапқыда каналған секундына 120 текше метр су келсе, кешке қарай судың деңгейі 180 текше метрге дейін көтеріліп кетті. Сосын жағдайды бақылауға алып, жан-жаққа хабарластық. Өздігімізше әрекет жасай бастадық», - дейді ол. Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылуы салдарынан Мақтаарал ауданының екі елді мекенін су басып қалғанын хабарлағанбыз. Су астында қалған ауылдардан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев аудандағы жағдайды әуеден бақылап, бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың толық мүмкіндігі барын жеткізді.