Жаңалықтар

Үкімет тапсырмасы: Өңірлер Түркістан облысындағы қырыққабатты жаппай сатып алуы тиіс

ашық дереккөзі

Үкімет тапсырмасы: Өңірлер Түркістан облысындағы қырыққабатты жаппай сатып алуы тиіс

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жетекешілігімен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мәселесіне қатысты селекторлық жиын өтті. Өңірлердің әкімдіктеріне Түркістан облысындағы қырыққабатты жаппай сатып алу туралы тапсырма берілді. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында хабарланды. Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет резервінен зардап шеккен фермерлерге екінші көктемгі егіс жұмыстары үшін 1,6 млрд теңге несие бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктеріне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар есебінен қаражатты Түркістан облысының фермерлерінен ерте пісетін қырыққабатты сатып алуға жұмсау туралы тапсырма берілді. Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысында 10 сәуірде басталған ерте пісетін қырыққабатты жинау науқаны мамыр бойы жалғасады. Фермерлер егістен 300 мың тонна көлемінде өнім алуды жоспарлап отыр. Төтенше жағдай кезеңінде ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін өткізуде бірқатар проблемаларға тап болды. Олар қырыққабат өнімдерін ТМД елдеріне жөнелтуді жоспарлаған еді, алайда, дүкендер мен базарлардың жабылуына байланысты, аталмыш өнімге деген сұраныс азайды. Осыған орай, Премьер-Министр Асқар Мамин зардап шеккен фермерлерге қолдау көрсетуді тапсырды. 30 сәуірде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен өңірдегі шаруалардың қырыққабатын өткізіп беруге көмек сұрады. Оның айтуынша аймақта қазір сатылмай жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар. Ал Ауылшаруашылық министрлігінің мәлімдеуінше, шет елде қазақстандық қырыққабатқа деген сұраныс төмендеп кеткен.