Малайзиялық журналист: Қазақтың келіні болу – бір бақыт
Малайзиялық журналист: Қазақтың келіні болу – бір бақыт
Малайзиялық Билкис Бахаридің мамандығы – журналист. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында отандық телеарналардың бірінде продюсер болып қызмет атқарады. Жыл он екі ай жаз болатын елде туған Билкис елорданың қатал климаты мен өзгешелігі көп қазақтың тұрмыс-салтына бой үйретіп те қалғанын айтты. Қазақ тілін үйреніп жүрген малайзиялық әріптесіміз қазақстандық медиа саласын әлемдік деңгейде дамытуды армандайды екен. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Билкис Бахаримен ағылшын тілінде сұхбаттасқан едік. Газетіміздің оқырмандары үшін сол шағын сұхбатымызды қазақшаға тәржімалап ұсынып отырмыз.
– Билкис, Қазақстанға көшіп келгеніңізге төрт жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында көрген-түйгеніңізбен бөлісе отырсаңыз. Тропикалық елдің табиғатына әбден бойы үйренген Билкиске климаты қаталдау Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда тұрған қалай екен?
– Шыны керек, бұған да бойым үйреніп кетті. Негізінен, өзім Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында дүниеге келгенмін. Нұр-Сұлтан құмырсқаның илеуіндей тіршілігі құж-құж қайнаған Куала-Лумпурмен салыстырғанда шағын қала көрінді. Сол себепті мұнда әлдеқайда кең дүниеге тап болғандаймын. Жаныма майдай жағады. Десек те, әу баста ауа райына қатысты таңданысым болғанын жасырмаймын. Қазақстанға келіп төрт мезгілдің қалай болатынын білдім. Өзіңіз білесіз, Малайзияның климаты жыл бойы ылғалды, ыстық, яғни жаз болып тұрады. Нұр-Сұлтанға көшіп келген жылы қысты күнгі температураның -45 градус екенін көріп, қатты таңғалдым. «Қалай болады екен?» деп аздап алаңдағаным да рас. Дегенмен уақыт өте келе мұндағы қыс мезгіліне де үйреніп кеттім, бұрынғыдай қобалжу жоқ, керісінше мұндай климатты ұнататын болыппын. Кейде малайзиялықтар көп тұтынатын теңіз тағамдарын сағынамын. Мұнда ондай тағамдар көп кездесе бермейді ғой. Мұндағы әріптестеріме біз жейтін теңіз шаяны немесе кальмар секілді теңіз тағамдарының суретін көрсетсем, «Мұны қалай жеуге болады?» деп таңырқап жатады (күліп). Есесіне, мұндағы көкөністер мен жемістер Малайзияға қарағанда табиғи. Мәселен, мұнда өсетін қызанақ пен қиярдың дәмі ерекше.
– Мұнда көшіп келуіңізге себеп болған жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?
– Күйеуіммен осыдан он жыл бұрын танысқанмын. Ол екеуміз Куала-Лумпурдағы бір университетте, ол магистратура бөлімінде, ал мен бакалавриатта оқыдым. Айтпақшы, онымен таныспай тұрып-ақ, Қазақстан туралы аз-кем білетінмін. Оқушы кезімде әкемнің жұмыс бабымен Баку қаласында отбасымызбен біраз уақыт тұрғанымыз бар. Бакуге аттанбас бұрын Әзербайжанның қандай ел және қайда екенін білу мақсатында, картаны ашып қарағанмын. Сол кезде Қазақстан және бұл елмен шекаралас елдерді жаттап алдым. Сосын мектеп кезінен Шыңғыс хан туралы көп оқыдым. Жолдасыммен танысып, оның қазақ екенін естіген кезде оған Қазақстан туралы бар білетінімді айттым, ол қатты таңғалды. Негізінен бастапқыда дос ретінде араласып жүрдік, сосын мұның арты үлкен махаббатқа ұласты. Ол 2011 жылы оқуын бітірген соң Қазақстанға оралды, ал мен магистратура оқу үшін Ұлыбританияға аттандым. Әйтсе де, байланысымыз үзілген жоқ. Төрт жылдай уақыт қашықтан араласып жүрдік.
– Бұл уақыт аралығында Қазақстанға саяхаттап келген боларсыз?
– Иә, үш рет келдім. Айта кететін жайт, екеуміз отбасын құруға бірден шешім қабылдаған жоқпыз. Бір-біріміздің қыр-сырымызға әбден қанығып барып, шаңырақ көтеруді ұйғардық. Қыз бен жігіт болып жүрген кезде болашақта Қазақстанда тұрамыз деп ойлайтынбыз. Сөйтіп, 2013 жылы Қазақстанға алғаш рет турист болып келдім. Кейіннен 2015 жылы тағы келдім. Үшінші рет келгенде арнайы бір айға тұрақтадым. Себебі мұнда өмір сүру барысын бақылап, қаланың тынысымен тыныстағым келді. Сол уақыт ішінде астананың күн санап көркейіп, дамып жатқанын әрі мұндағы тұрғындардың ерекше екенін ескере отырып, түбегейлі көшуге бел будым. Оның үстіне, сол уақытта ата-аналарымызды өзара таныстырып қойғанбыз. Осылайша, 2016 жылғы тамызда Алматыда үлкен тойымыз болды. Сосын бұл тойға көптеген туыстарым мен достарым келе алмағандықтан, Малайзияда екінші тойымызды өткіздік.
– Ата-енеңіз сізді қалай қабылдады?
– Қайын атам да, енем де өте ашық, өте мейірбан жандар. Менің басқа елден, басқа мәдениеттен келгенімді жақсы түсініп, келін болып түскен сәтте бір нәрсе жасауға мәжбүрлеп немесе бұйырып, қатты сөйлеп көрген емес. Құдды бір сол отбасында бұрыннан тұрып келе жатқан адам ретінде жылы қабылдады. Мен өз бақытымды осындай жайдары, ақкөңіл, қонақжай қазақ отбасында тапқаныма еш өкінбеймін. Қазақтың келіні болу – бір бақыт! Әуел баста достарымның көпшілігі қазақ келіні ұстануы қажет дәстүрлерді айтып, мені әбден қобалжытқаны бар. Алайда ол айтылғандардың ешбірін де жасатқан жоқ. Бірақ келін ретінде қазақтың барлық салт-жоралғысын орындауға әзірмін. Одан қашпаймын. Себебі өзім өзге елдердің мәдениеті мен дәстүріне бұрыннан қызығамын. Оның үстіне, әкем – малайзиялық, ал анам – Бирма мемлекетінің тумасы. Интернационал отбасымыз. Мұнымен қоса, жоғарыда айтқанымдай, әкемнің жұмыс бабымен Әзербайжан, Австралия, Брунейде тұрдым. Бала күнімнен әр мемлекетке тән мәдениеттің ерекшеліктерін көріп өскен маған қазақы дәстүрге сай бірдеңе жасау мүлде жат емес. Десек те, ата-енем маған қабақ шыта қараған емес. Олармен ағылшынша, қазақша, орысша араластырып сөйлесемін. Екеуі де ағылшын тілін түсінеді, біраз сөздерді жатқа біледі. Қазіргі таңда ол кісілер Орал қаласында тұрады.
– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген жақсы сөз бар. Қазақстан – бейбіт мақсатпен, ізгі ниетпен келген өзге ұлттың қай-қайсысын да жатырқамай бауырына басқан ел. Мереке қарсаңында қазақстандықтарға айтар тілегіңіз бар шығар?
– Әрине, менің түсінгенім – Қазақстанға келіп тұрғысы келетін шетелдіктер ең алдымен ашық болуы керек екен. Әлемде алуан түрлі мәдениет, әрқилы дәстүр бар. Өзге елдің мәдениетіне бойлап, дәстүріне шын қызыға бастаған кезде ғана сол халықтың мінез-құлқын, ұстанымын түсіне бастайсың. Ал мұны түсінгенде сол елде өмір сүру әлдеқайда жеңілдей түседі. Көпшілігі Қазақстанды біз жоғарыда айтып өткендей, біресе қысын, біресе желін айтып, климатын ұнатпай жатады. Десек те, тропикалық елден келген менің өзімнің мұндай қатаң климатты қалайша ұнатып қалғанымды ойлаңызшы. Бүгін сенде Қазақстанда жұмыс істеудің мүмкіндігі бар делік, ал ертең сенде мұның бірі де болмауы мүмкін. Сол себепті Қазақстанда тұрған ортаңды, мұнда өткізіп жатқан әр сәтіңді бағалай білген жөн. Сосын өз ортаңа сыйлы болу үшін бұл елдің мәдениетін, тілін де түсінуге, білуге тиіспіз.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ