Жаңалықтар

Елеусіз қалған ерлік

ашық дереккөзі

Елеусіз қалған ерлік

Өмір иірімдері сан алуан. Тағдырдың қай ке­зеңде бізді қайда лақтырып, өміріміздің қа­лай өзгерерін біз білмейміз. Бірақ уақыт өте ке­ле оны саралап, қорытынды жасайтын кез­де­ріміз болады. Әсіресе, архив саласында адам­дар­дың сан алуан тағдырлары туралы дерек­тер­ді көп оқисың. Ізденесің. Тіпті, бүгін бұр­ма­лан­ған біраз ақиқатты да кездестіретін кез болады.     Бүгінгі әңгіме – Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан қайтпаған боздақ турасында. Шын мәнінде, 75 жыл өтсе де, сол соғыстың сызы, әлі де сыз­дап тұрған жері, жазылмаған тұ­сы көп екенін аңғарамыз. Жыл сайын соғыс көрген солдаттар қа­тары сирегенімен, соғыстан орал­ма­ған әкесін жоқтаушылар әлі де бар. Менің әкем де солардың қа­та­рын­да. Шүкір, қазіргі ғасыр XXI ғасыр – дамыған технологиялар заманы. Со­ның арқасында сонау Мәскеуге бар­май-ақ, атасының жерленген же­рін анықтап, тіпті картадан кө­ріп, дайын маршрут сызып қи­нал­май барып қайтуға болады. Деген­мен Мәскеудегі әскери архив базасы әлі де толық электронды-сандық түрге көшірілген жоқ. Жоспарлы түр­де мүмкіндіктеріне қарай дерек­те­рін «память народа» сайтына жүк­теуде. Ғаламтор арқылы жыл сайын аталарының жерленген же­рін анықтап, сүйінші сұраған аза­мат­тардың хабарлары жарияланып жатады. Біз де өз кезегімізді күтіп жүрген жайымыз бар. Ал біз сияқты атасы туралы дерек күткен адам қан­шама?! Солардың тілегі қабыл бол­ды ма? 2018 жылы Жамбыл же­рін­де үлкен игі іс атқарылып, «Ер­лік» мемориалдық кешені бой кө­тер­ді. Онда 106 мың жауынгердің есі­мі тақтаға жазылып, тіпті сұрауы жоқ­тардың да әруағы разы болды де­ген үміттеміз. Сол кезеңде тізімді дайын­даушылардың қатарында жү­ріп, көп азаматтардың тағдырына үңіліп, таңырқаған да, жабырқаған да сәттер болды. Біреулерге жоға­ры­да аталған сайт бойынша майдан­гер­дің жерленген жерін тауып бе­ріп, ұрпақтарының шексіз қуаны­шы­на куә болдық. Сондай деректердің біріне 2019 жы­лы тағы да кез болдым. Nur Otan пар­тиясының «Ардагерлерді ардақ­тайық» партиялық жобасы аясында қо­ғам қайраткері Б.Әбдіғалиұлы­ның ізденісімен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ түрлі себептермен осы марапатқа ие болмаған Екінші дүниежүзілік со­ғысқа қатысқан 133 қазақстан­дық майдангердің есімі анықталды. Оның қатарында жамбылдық 8 майдангердің есімі бар. Солардың бірі – Ташан Рамазанов. Ол 1944 жыл­ғы 27 қыркүйек пен 3 қазан ара­лығында Румыния жеріндегі, Орадя-Маре қаласында болған шай­қастағы ерен ерлігі мен қайтпас қай­сарлығы үшін Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынылған. Алай­да түрлі себептерге байланысты май­­дангерге ол марапаттың орнына Қы­зыл Ту ордені беріліпті. Мара­пат­қа ұсыну қағазында майдангердің ерлігі келесідей сипатталған: «Во время ожестаченных боев полка в районе города Орадеа-Маре с 27 сентября по 3-е октября, когда про­тив­ник превосходящими силами пехоты и многочисленных танков пытался окружить и уничтожить полк, командир батареи 45 пушек стар­ший лейтенант Рамазанов оставшись со своими пушками без должной поддержки пехоты уме­лым и искусным огнем бесстрашно от­бил 12 атак танковых групп про­тивника, численность которых в отдельных случаях доходило до 15 штук. Во время отбития атак ба­тареей товарища Рамазанова под­бито и сожжено 8 танков против­ни­ка, будучи ранен старший лей­те­нант Рамазанов не оставил поле боя до отражения атаки противника. За исключительное упорство и бесстрашие в бою, в следствии чего противник понеся большие потери в технике не сумел осуществить пл­ана разгрома полка. Хода­таис­твую о присвоении товарищу Ра­мазанову звание «Героя Советского Союза» с вручением ордена Ленина и медали «Золотая Звезда». 06 октя­бря 1944 года». Өкінішке қарай, батыр жеңіс кү­нін көре алмады. Ресей Феде­ра­ция­сы Қорғаныс министрлігіне қа­расты Әскери архивтің «Память на­рода» ресми сайтынан Ташан Ра­мазановтың 1944 жылғы 22 жел­тоқ­санда Чехословакия, Словакия жеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқаны көрсетіліпті. Римавска-Собота төңірегіндегі Ширковце се­ло­сында жерленгені туралы құ­жа­тында іздеушісі ретінде әйелі Ра­ма­за­нова Нәйлә жазылған. Бұл дерек­терге қоса облыстық архивтің құ­жат­­тарын іздестіруді жөн көрдім. Он­да Ташанның соғысқа дейінгі же­ке ісі сақталған. 1941 жылға дейін­гі өмір деректері мен суреті де бар екен. Ал ең қызығы Нәйләнің да же­ке ісі архивтен табылды. Ізденіс жұмысы барысында Та­шан мен Нәйләнің өмірі мені ерек­ше қызықтырды. Тіпті, ұрпақтарын да іздестіргім келді. Бірақ табыл­ма­ды. Бірі – майдангер, ал екіншісі – тыл еңбеккері, соғыстың жесірі. Ал оған дейін ше?! Соғысқа дейін екеуі де саяси қуғын-сүргіннің, ашар­шы­лықтың зардабын көрген аза­мат­тар. Тағдыр тепкісінен Жамбыл же­рінде пана тауып, отбасын құр­ған азаматтар. Олардың көрген аза­бын біз білмесек те, құжат толы­ғымен суреттеп сипаттамаса да, де­ректі құжаттар өзі-ақ дәйегін кел­тірді. Сондықтан да құжатта бе­рілген мәліметтер бойынша олар­дың өмірі мен қызмет жолына же­келеп тоқтауды жөн санадым. Ташан Рамазанов 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ау­данының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1917 жылы әкесі­нен, 1919 жылы шешесінен айыры­лып, жетімдіктің азабын шеккен (бұл жылдары елде «кіші жылан» деп аталатын ашаршылық болған). 1924 жылға дейін Теректі ауданы­н­дағы Қыдырбаев деген байдың жал­шысы болды. 1924-1928 жылдары өзі туған ауданда орналасқан ба­ла­лар үйінде тәрбиеленді. 1928-1932 жылдары Омск қаласындағы уни­вер­ситеттің жұмысшы факуль­теті­нің студенті болды. Оқуын та­мам­да­ған Ташан Петропавл қаласын­да­ғы Қарағанды облыстық атқару ко­митетінің кадр бөлімінің мең­герушісі қызметін атқарды. 1934 жылға дейін Жаңаарқа, Қызылту аудандық комсомол ұйымдарының хатшысы болды. 1934-1937 жыл­дары Алматы қаласындағы қазақ кавалериялық полкінің қатарында болып, әскери борышын өтеді. Онда кіші курсант дәрежесінен взвод командирі дәрежесіне дейін кө­терілген. 1937 жылдың қазан айында Жамбыл қаласындағы №49 жылқы зауытының директоры бо­лып тағайындалды. Майданға да жылқы зауытының директоры бола тұра, өз еркімен сұранып кеткен. Әйелі Нәйләмен 1938 жылы қо­сылған. Екеуінің ортақ екі баласы бол­ды. Алайда олар 4 баланы тәр­бие­леді. Ол жайында Нәйләнің өмір де­регін оқи отырып анықтадым. Нәйләнің тұрмыс құрғанға дейін­гі тегі – Абдразақова. Ол 1910 жылы Семей облысы, Новопокровка ауданының Жаңаауыл колхозында дүниеге келген. 1926 жылы орта мек­тепті тамамдаған соң екі жыл­дық есепші курсында оқыды. 1928 жылы еңбек жолын өзі туған өл­кеде Жаңасемей қаласында есепші қызметінен бастаған. 1930-1931 жыл­дары Семей қаласындағы уни­верситетте білімін жалғастырыпты. 1931 жылы отбасымен бірге Жам­был жеріне қоныстанып, Жамбыл стан­сасындағы ДН-6 мекемесінің кадр жөніндегі инспекторы қыз­метін атқарады. Мұнда ұзақ бол­май 1932-1938 жылдары Аягөз, Алматы стансаларында партия қатарында түрлі қызметтерді атқара жүрген. Осы кезеңде ол алғашқы күйеуі Қасым Азнабаевпен отбасын құрды. Ол паровоз депосының машинисі еді. 1930 жылы олардың тұңғышы Виссарион өмірге келді. Ал 1936 жы­лы Едіге есімді екінші ұлдары Мер­кі жерінде дүние есігін ашыпты. Ол кейін күллі қазақ еліне есімі белгілі геолог ғалым, Қазақстанның мұнай картасын жасаған Эдуард Азнабаев есімімен танылды. Өкінішке қарай, 1937 жылы Қасым Азнабаев сталиндік қуғын-сүр­гінге ұшырап, Нәйләмен және ұл­­дарымен тағдырлары екі айы­рылған. 1938 жылы Нәйлә екі ұлымен Жам­был жеріне қайта келіп, Ташан Рамазанов директор болған №49 жылқы зауытына хатшы-машинист болып орналасқан. Олар осы жерде тағдырын қосты. 1942 жылы Нәйлә апа­мыз жан жолдасын майданға ат­тан­дырып, өзі де тылда аянбай еңбек етті. Сол үшін де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған екен. 1949 жылға дейін Жамбыл қа­ласында партия қатарында түрлі қыз­меттерді атқарған Нәйлә Ра­мазанова 1 жыл Қордай ауданында аудан­дық партия комитетінің хат­шысы болды. Одан Меркі жеріне қоныс­танып, 1950-1963 жылдары Мер­кі ауданында жинақ кас­сасы­ның меңгерушісі, «Большевик» кол­хозының төрағасы, Меркі аудандық ең­бекші депутаттар советі төраға­сының орынбасары болды. Ал 1963 жылдан бастап Меркі аудандық әлеу­меттік қамсыздандыру бөлі­мі­нің меңгерушісі қызметін атқарған. Соңғы 1964 жылғы жазбадағы қыз­меті де осы. Нәйлә өзі дүниеге әкелген ұл-қыз­дарының Отанына адал перзент болуына барын аямағаны анық. Соның бір мысалы – ұлы Эдуард Азнабаев. Ол 1995 жылға дейін өмір сүрді. Геология ғылымдары инсти­тутының лаборатория меңгерушiсi қыз­метінде болған Эдуард 1993 жы­лы құрылған Әлемдiк Энерге­ти­калық кеңестiң Қазақстан ұлттық комитетiнiң мүшесі болып сайла­нып­ты. Оның тәрбиесінде майдан­гер, ерлігі ескерусіз қалған батыр Ташан Рамазановтың да үлесі бары сөзсіз.

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі