Әнұран авторына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді

Әнұран авторына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді

Әнұран авторына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді
ашық дереккөзі
Биыл егемен елімізде «Қазақ вальсінің падишасы» атанған көрнекті ком­позитор, Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік Әнұран авторларының бірі Шәмші Қалдаяқовтың тоқсан жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіледі. Шәмші (азан шақырып қойған аты – Жәмшид) 1930 жылы 15 тамызда Шымкент облысының Құзылқұм ауданындағы  «Темір» кеңшарында дүниеге келген. Қазір бұл жер Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шәмші Қалдаяқов ауылы деп аталады. Бір ға­жабы,  Әмір Темір қаза тапқан жерде, атақты қол­басшының құрметіне қойылған Темір деп  аталған ауылда  араға талай жылдар салып қа­зақтың тағы бір танымал тұлғасы, атақты ком­позиторы туған екен. Оның әкесі Домбы (ая­ғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кет­кен) темірден түйін түйген шебер ұста екен. Қолы бос кезде домбыра тартумен қатар өлең, ән де жазған. Анасы да әуелетіп ән салатын. Осындай отбасында өскен Шәмші де кішкентайынан музыкаға айрықша құмар болған.  Шымкент шаһарында  «Шәмші әлемі» деп аталатын  керемет кешен ашылған. Еңселі ескерткіші ор­на­тылған. Музыка жұлдыздарының аллея­сына 48 әнші-сазгердің есімі ай­шық­талып жазылған. Шәмші  шығарған 300-ден ас­там әннің әрқайсысының өзін­­дік тарихы бар. Мәселен,  сөзін Ғафу Қайырбеков жазған «Ана туралы ән» – аналарға арналған әнұран іспет­тес.  «Ақмаңдайлым» әнін Мұхтар Әуе­зов ұнатқан. «Қыз сағынышы» Шәкен Ай­ма­­новтың қызы, Асанәлі Әшімовтің ал­ғашқы әйелі Майра Аймановаға ар­нап жазылған. Қадыр Мырза Әли сөзін жаз­ған «Тамды аруы» өзбекстандық қан­дастарымызға бағышталған. «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жа­ғасында», «Арайлым ақ Келесім» – кең-байтақ  елімізді аралаған кезде дү­ниеге келген әсем әндер. Әрине, композитор  әндерінің арасынан «Менің Қазақ­ста­ным» әнінің шоқтығы биік екені даусыз. Оны білмейтін қандас­тары­мыз­дың өзі  некен-саяқ шығар. Той-жиын­дар, тағы басқа да салтанатты ша­ралар бұл әнсіз  өтпейтін. 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Ал­матының Орталық алаңына шыққан сту­дент жастар да осы әнді хормен шыр­қағаны жадымызда. Шымкент қаласы мен Түр­кі­стан, Ақтөбе  облыста­рын­дағы филармония, мәдениет үйлері, сая­бақтар,  мектептер, көшелер мен ауыл­дарға дейін Шәмші Қалдаяқовтың  есі­мі берілген. Үлкенді-кішілі ескерт­кіш­тері орнатылған. 1991  жылы ре­жис­сер Талғат Ахметов алғаш рет ком­позитор  жайлы деректі фильм тү­сірген. 2017  жылы төрт сериялы «Ән – аға» фильмі экранға шыққан. Сце­на­рий авторлары  – Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбеков. Режиссері – Жасұлан Пошанов. Шәмшінің рөлін Мейірбек Қауымбаев сомдаған. Әке жолын қуған Мұхтар Қал­дая­қов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консер­ва­тория­сын опералық симфония дирижері ма­мандығы бойынша бітірген. Бүгінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық опера және балет теат­ры­ның дирижері болып қызмет істейді. Шәкеңнің үш немересі арнайы музы­ка­лық мектептің скрипка сыныбында тәлім алып жүр. Көрнекті композитордың  биыл­ғы тоқсан жылдық тойына орай бірқатар мәдени-көпшілік шара­ла­рын өткізу жоспарланған. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі өздерінің ке­зекті бір басқосуында  Еңбекші ау­данына оның  есімін беру жөнінде бас­тама көтерген. Несі бар, Қаратауды айт­пағанда, Абай, әл-Фараби аудан­дары­ның қатарына Қалдаяқов ауданы қосылса, несі айып?! Қайта керемет емес пе?!  Басқа жетістігін айтпағанның өзінде, ұлы композитор,  Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі екенінің өзі не тұрады?! Ардақты аталары­мыз­дың, қазыналы қарияларымыздың, зия­лы қауым өкілдерінің игі  бас­та­ма­сы  қалалық мәслихат, ономастика ко­­­миссияларынан қолдау тапса, қане­кей! Бұл  жалғыз  Шәмші Қалдаяқовқа ға­на емес, бүкіл қазақ руханиятына, мә­дениеті мен өнеріне деген зор құр­мет болар еді.  

Әбдісаттар ӘЛІП,

Шымкент қаласы