Жаңалықтар

Қандастарға арналған білім гранты

ашық дереккөзі

Қандастарға арналған білім гранты

1991 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарына студент қа­был­­да­ған кезде шетелден келген ұлты қазақ жастар­ға да кво­та бөлініп келеді. Тіпті, тәуелсіздіктен де бұрын 70-80-жылдары шетел қазақтары Қазақстанда білім алуы­на мүмкіндік жасалды. Білім іздеген қазақ баласы қай кезде де қазақ топырағынан білім нәрін алуға жол тап­ты. Көшіп келген қан­дас­тары­мыз­дың  арасында жоғары бі­лімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олар­дың әр­қай­­сысы шетелде жиған ілім-бі­лі­мі мен тәжірибесін Қазақстанның өркендеу жолына арнады. Көші-қон туралы заңға (5-тарау 30-33-баптары) сәй­кес, Білім және ғылым ми­нистр­­лігі қандастарға орта кәсіп­тік және жоғары оқу орнына тү­су­ге белгілі мөлшерде квота бөледі. Ми­нистрліктің жергілікті депар­та­менттері мектептерде және ба­ла­бақшаларда қандастарды қа­был­дауға жауапты. Қазақстанға көшіп келген соң қандастар балаларын мектепке орналастыру барысында көптеген кедергілерді кездестіреді. Әсіресе, олар балаларын орыс ті­лін­­де емес, ана тілінде оқытқысы ке­леді. Мұндай проблемалар қазақ мек­тептері аз солтүстік аймақ­тар­д­а жиі ұшырасады. Қытай, Иран, Ауғанстан қа­тарлы елдерден келген қан­дас­тардың дені қазақ тілінде сөй­легенімен, кириллица ғарпі­мен жазып, оқу кезінде қиыншы­лық­қа кез болады. Себебі бұл ел­дер­ден келген қандастар төте жазу үлгісінде жазады. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқытатын мек­теп­терде білім берудің айырма­шы­лы­ғы бұрын көшіп келген елдердің бі­лім беру жүйесінен анағұрлым өз­геше. БҰҰ ХКҚҰ-ның зерт­теу­ле­рі­не сүйенсек, оңтүстік ай­мақ­­тағы мұғалімдер бастапқы кез­де дүниетанымы мен діни наным-сенімдегі ерекшеліктеріне бай­ланысты кейбір қандастар (Ау­ғанс­тан, Иран, Пәкістан қазақ­тары) ер және қыз балалардың бір сыныпта оқуына қарсылық білдір­генін айтады. Зерттеу барысында мектепке бармаудың көптеген се­­­­бептері анықталған, соның ішін­­де денсаулығының болмауы жә­не қаржылық қиындықтар. «Білім-Орталық Азия» білім беру орталығының зерттеулеріне сәй­кес,  мектеп бітіргендердің 46 пайы­зы жоғары білім алуға тал­пы­нады. 40 пайызы әлі шешім қабыл­да­маған. Ал 14 пайызы кәсіптік не­месе техникалық колледждерде оқығысы келетінін айтқан. Ата-ана­лардың ішінде 54 пайызы ба­ла­ларының жоғары білім алғанын қаламайтын көрінеді. Өйткені қар­жы тапшылығы және балала­ры­ның үйден кеткенін дұрыс деп са­намайды. Ал Білім және ғылым ми­нистр­лігі жоғары білім алу­ға ниетті  қандастардың санын кө­бейтуде белгілі жұмыстар атқа­рып келеді. Мемлекеттік грант алу­да жеңілдіктер бар. Атап айт­қан­да, бұрын 2 пайыз болса, соңғы екі жылдан бері 4 пайыз қан­дас­тар­ға арналған мемлекеттік грант қа­растырылған.  2003-2004 жыл­да­ры ел бойынша 183 000 талап­кер ЖОО-ына түсті. Соның ішінде 153 000  ақылы түрде (өз қаржы­сы­мен), 16 000 мемлекеттік білім грант­тары есебінен, 10 000 мем­лекеттік білім кредиттері есебінен бі­лім алған. Мұнда мемлекеттік кө­мек арқылы оқып жатқандар са­ны 26 000 адам болса, оның  520-сы басқа мемлекеттерден келген қан­дастарымыз.

Foundation пайдасы

Тәуелсіздіктен бұрын білім шартымен келген этника­лық қазақ жастары 1991 жылдан бастап ЖОО-ның қабылдау бө­лі­мін­де даярлық курсын оқи бас­та­ды. Жыл сайын қандастарға ар­найы 2 пайыз квота бөлінді. Көші-қон саясатындағы бұл ең тиімді ст­ратегиялық жобаның бірі. Бұл игі бастама екі үлкен нәтиже берді. Ең бірінші, шетелде тұратын қа­зақтар тілін сақтап қалуы және жо­ғары білім алуы. Диплом алып, жұ­мыспен қамтылуы. Екінші пай­дасы, шетелдегі қазақтарды елге тар­туға ең тиімді жолдың бірі осы болды. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұмысқа тұрған соң, ата-ана­сын атажұртқа әкелгендер көп. Жас­тары осы жақтан оқып, тілін, мен­талитетін үйренген соң, өз үй­ле­рін көшіріп әкелгенде, құжат алу кезінде делдалдарға ұрынбай өздері шешті. Мұның тиімді тұсы осы. 2011 жылы Білім және ғы­лым министрлігінің №554 бұйрығымен университеттерде этникалық қазақ жастарын жо­ғары оқуға түсіруге даярлайтын ар­найы дайындық бөлімдері фа­культет болып өзгерді.  Бірақ оған дейін де шағын бөлімдермен қа­тар дайындық факультеті бар уни­верситет те болды. Атап айт­қан­да, Түркістан қаласында Қожа Ах­мет Ясауи атындағы халық­ара­лық қазақ-түрік  университеті жә­не Семейде Шәкәрім атындағы мем­лекеттік университеттің жа­нындағы Еуропа мен Азиядағы қа­зақтардың басын қосқан алғаш­қы халықаралық дайындық фа­культеті. Семейдегі дайындық фа­культетінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осынау жыл­дар­да көптеген қазақ жастарын елге тартты, білім берді. Білім және ғылым министр­лі­гінің 2011 жылы шығар­ған №554 бұйрығы 2014 жылдың қа­зан айында елімізде толық жү­зеге асты. Еліміздің 20-дан астам жо­ғары оқу орындарында шет­ел­дік қазақ жастарын Foundation фа­культеті болып құрылды. Бұл бө­лімнің мақсаты – Қазақстандағы жо­ғары оқу орындарына түсетін та­­­лапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру.  Сонымен қатар Қазақстанда өмір сү­руге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қы­тай, Моңғолия, Өзбекстан, Ре­сей, Иран, Түркіменстан, Ауған­стан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Мәселен, 2013 жылы мем­ле­кеттік гранттың арқа­сын­да әлемнің 9 елінен келген 1 101 ұлты қазақ талапкер емти­хан­нан өтіп, дайындық курстарына түс­ті. Өзбекстаннан – 557, Қы­тай­дан – 282, Моңғолиядан – 186, Түр­кіменстаннан – 17, Қырғыз Рес­публикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иор­да­ниядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға түсіп Қа­зақ­станда тұрақтап қалса, кейін Қа­зақстан азаматтығын алған. – Білім және ғылым министр­лі­гі республика бойынша дайын­дық бөліміне жыл сайын 1 мыңға жуық грант бөліп келеді. Атап айт­сақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқу­ға келген болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 000 орын бөлген еді. Дайындық курсына түсу үшін ар­найы онлайн тіркелген қатысу­шы­лардың саны жылдағыдан әл­деқайда көп болғандықтан, кон­курсқа өтініш білдірген 1 238  қа­­тысушының тек 1 000-ын ғана өт­кізуге тура келді. Конкурстан мүлде өтпеген та­лапкерлердің мәселесі бойын­ша «Отандастар Қоры» аты­нан Білім және ғылым министр­лігі­не хат жолданып, Дүниежүзі қа­зақтарының қауымдастығы тө­рағасының бірінші орынбасары Зауыт­бек Қауысбекұлы Үкімет оты­рысында сол кездегі вице-пре­мьер Бердібек Сапарбаевтың ал­дында қандастардың осы мәс­е­ле­сін көтерді. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің қолдауымен елге келіп, білім аламын деген қандас­тар­дың үміті ақталды. 238 талап­кер­дің барлығы елде қалып, білі­мін тегін жалғастыруға мүмкіндік ту­ды. Бұл «Отандастар Қоры» мен Дү­­ние­жүзі қазақтары қауымдас­ты­ғы­ның қандастар алдындағы сәт­ті ат­қарылған кезекті міндет­терінің бірі деп санаймыз, – дейді «Отан­дас­­тар Қоры» Білім бағыты­ның жауап­­ты қызметкері Нұрым­жан Жұма­ғазиев.

Биылғы білім  жағдайы

Биыл еліміздің 24 жоғары оқу орындарындағы дайын­­­­­дық бөлімінде  қандастары­мыз білім алып жатыр. Барлығы 1 300-дей талапкер. Қазір бұрынғыдай КТА (ке­шен­ді тестілеу) деген жоқ. Талапкерлер каңтар, наурыз, мау­сым және тамыз айларында ҰБТ ғана тапсырады. Соның тек мау­сым айындағы ҰБТ-ның серти­фи­каты ғана мемлекеттік грантпен оқуға түсуге жарайды. Ал қалған айлардағы ҰБТ-ның сертифика­ты­мен тек ақылы бөлімде оқуға бо­лады. Foundation факультетінде оқып жатқан қандастар осы маусымдағы ҰБТ-ға қатыса ала­ды. ҰБТ 20 маусым мен 2 шілде аралығында болады. Өтінішті қа­былдау қазір онлайн түрде баста­лып та кетті. Өтініштер 20 ма­мыр­ға дейін қабылданады. – Мен шетелден келетін қазақ жас­тарын жоғары оқуға дайындап жат­қаныма екі жыл болды. Был­тыр да талапкерлеріміздің 90 пайы­­­зы грантпен еліміздің жо­ғары оқу орындарына түсті. Көбі осы Манаш Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінде қалып оқып жатыр. Шетелден талапкерлерді оқы­тудың жауапкершілігі жоғары. Олардың артында ата-аналары­ның зор үміті бар. Егер осы бала­лар оқуға түссе, ертең солардың кө­бінің ата-анасы елге көшіп ке­леді. Біз осы талапкерлерді шет­ел­ге арнайы барып, ел-елді аралап жү­ріп, аманаттап әкелеміз,  –  дей­ді Манаш Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті Foundation факуль­тетінің деканы Алмагүл Абдолхан.

Бақытбек ҚАДЫР