Ассамблея, ұлттар достығы һәм мемлекеттік тіл
Ассамблея, ұлттар достығы һәм мемлекеттік тіл
«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық әпсанасы. Ежелден бірлікті тірлігінің арқауы еткен қазақ берекенің бастауын ынтымақтан іздеген. Тарихи шегініс жасап, өткенге көз жіберсек, егеменді еліміздің қарышты дамуы, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезе теңестіруі бірліктің, сол бірлік арқылы келген тұрақтылықтың арқасы екенін ұғамыз. Демек, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ерекше көңіл бөлетініміз бекер емес. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы туралы сөз болса, ең әуелі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ойға оралуы да заңдылық. Республикада тұратын барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтау мақсатында құрылған бұл органға биыл 25 жыл толып отыр.
Ширек ғасырға шегініс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында көтерген болатын. Арада үш жыл өткен соң, 1995 жылғы 1 наурызда Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Бір аптадан соң Елбасы өзінің тікелей бастамасымен шақырылған Ассамблеяның бірінші сессиясында тарихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жиындағы үндеуі әлі күнге дейін көптің жадында. Алғашқы құрылтайда жаңа институттың қоғамдағы рөлі мен жұмысының басты бағыт-бағдары белгіленді. «Осыдан бастап қоғамдық мәселелердің барлық қырлары бойынша, әсіресе, ұлттық саясатта мемлекеттік актілер Ассамблеяның пікірлерін ескеріп және оның тікелей қатысуымен қабылдануға тиіс. Ол актілердің әрқайсысы еліміздегі барлық этностардың мүдделеріне қайшы келмеуі қадағаланып, сараптан өткізілуі керек», – деп Нұр-Сұлтан Назарбаев орган қызметінің мән-маңызын айқындап берді. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. Сол уақыттан бастап Ассамблея ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы органның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблеяның құрылымы мен қызметінің, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінде алатын орны мен рөлінің нормативтік-құқықтық реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Ассамблеяның негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттары өмірге келді. Ел ішінде мұқият талқыланып, Елбасы мақұлдаған «Ел бірлігі доктринасы» бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудың «бір ел – бір тағдыр», «тегі басқа – теңдігі бір», «ұлт рухының дамуы» сияқты басты қағидаларын белгілеп берді. Ассамблеяның негізгі міндеті – қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекет құрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсету де осы институтқа жүктелген маңызды міндеттердің бірі.Қордай оқиғасы: Ассамблея түйткілді мәселені қадағалай ала ма?
Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттарда қатталып, ел құлағына жатталған мақсат-міндеттерін жіпке тіздік. Бұл орган өзіне жүктелген сол миссияларды дұрыс орындап жүр ме? Жыл сайын ұйымдастырылатын Ассамблея форумдары мен сессияларының, оларға жұмсалатын қыруар қаржының нәтижесі қандай? Қазақстандағы ұлттар арасында шешілмей жатқан мәселелерді шешуде бұл органның салмағы бар ма? Биылғы жылдың ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған кикілжіңнен кейін көптің көкейін осы сауалдар мазалады. Масанчидегі оқиғадан соң Ассамблеяның соңына шам алып түсушілердің көбеюі қисынды. Өйткені ұлтаралық қатынастар туралы сөз қозғалғанда, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің кепілі ретінде осы орган ойға бірінші оралады. Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде Ассамблеяға үлкен жүк артылатынын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы да қадап тұрып айтты. «Құқық қорғау орындарының да жіберген қателіктері бар. Жергілікті әкімшіліктер, облыс, аудан әкімдіктері қайда болды? Біздің Ассамблеямыз бар. Ассамблеяның ешқандай өкілеттік құқығы жоқ. Дегенмен, сондай мәселелер шығуы мүмкін жерлерді Ассамблея біліп, қадағалап отыруы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, Ассамблея еліміздегі этностардың қарым-қатынасын қадағалап, ши шығатын жерлерді бақылауда ұстап отыруы тиіс. Бұған әлеуеті де, қаражаты да толық жетеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратынша, ҚХА-ның даму тұжырымдамасын іске асыруға 2019 жылы бюджеттен 119 миллион теңге бөлінген. Тағы 15,2 миллион теңге этникалық топ өкілдерінің фестивальдерін өткізуге қарастырылған. Ассамблеяның концертін өткізуге 70,9 миллион теңге, ал оның жыл сайынғы сессиясын өткізуге дайындық жүргізу үшін былтыр ел қазынасынан 67,9 миллион теңге жұмсалған. «Биыл да бюджеттен сол мөлшердегі ақша бөлініп отыр» делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарламасында. Жаһанды жайлаған қатерлі вирустың кесірі көп болғанымен, маңызды мен мәнсізді, қымбат пен құнсызды ажыратуға мүмкіндік бергенін, жай күндері аңғарыла бермейтін алаңғасарлығымыз бен даңғазалығымызды әшкерелегенін мойындауға тиіспіз. «Мақтаншақ, бекер мал шашпақтың» арты жақсылыққа апармайтынын ұқтырды бұл індет. Төзіміміз бен жауапкершілігімізді сынаған бұл күндер өтер, алайда одан кейінгі тыныс-тіршілігіміз бұрынғыдай болмасы анық. Өйткені сіз бен біздің пайымымыз өзгерді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне де өзгеріс керегін уақыт дәлелдеп берді. Ынтымақ пен бірліктің босаңсыға-ны – ел тұрақтылығының тұғырдан тайғаны. Ендеше бұл мәселеде ағаттық жіберуге қақымыз жоқ. Сіз не дейсіз? Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:Тілін сыйлағанды қазақ төбесіне көтеріп, төрін ұсынады
– Тәуелсіздік алған жылдары бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттердің көбінде ұлтаралық қатынастар ушығып тұрды. Егемендігін алып, еңсесін енді тіктей бастаған біздің мемлекет өз аумағында мекен ететін барлық этнос өкілдерінің басын біріктіріп, ортақ мүддеге жұмылдырудың жолын іздеді. Түрлі елдердің тәжірибесін саралап, салмақтаудың нәтижесінде Елбасының бастамасымен 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл институт 25 жыл ішінде өзіне жүктелген барлық міндеттерді орындады деуге болады. Еліміздегі болып жатқан маңызды оқиғаларға байланысты ұсыныстар жасап, өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді. Ассамблеяның қызметі арқылы мемлекет бір жағынан елімізде мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениетін дамытуына қолдау көрсетсе, екінші жағынан түрлі этнос өкілдерін мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға ынталандырды. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ассамблея құрылған уақыттағы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның айырмасы жер мен көктей. Елімізде үлкен өзгерістер болды. Халықтың саны, құрамы өзгерді. 2009 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың үлес салмағы 65 пайыз төңірегінде болатын. Биыл күзде, амандық болса, кезекті халық санағын өткіземіз деп отырмыз. Соның нәтижесін қорытып, сараптап, Ассамблеяның функциясын, мақсат-міндетін қайта қарауға болады. 1995 жылы күн тәртібінде тұрған мәселелер қазір өзекті болмауы мүмкін. Десе де, ұлтаралық мәселе, дінаралық қатынас өзектілігін жоймайды. Қоғам дамыған сайын бұл мәселелер түрленіп, өзгеріп, қайта алдымыздан шығып отырады. Алайда оларды шешу жолы, реттеу тетігі заман талабына сай жетілдірілуі қажет. Бүгінде біздің тәжірибемізге әлем елдерінің біразы сүйеніп жүр. Этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі БҰҰ мінберінде талқыланған соң кейбір мемлекеттер оны зерттеп, өзіне қолайлы тұстарып пайдаланып та жатыр. Бұл салада жиған тәжірибеміз жеткілікті, енді оны әрі қарай ұштап, алдымыздан шығатын жаңа мәселелерді шешуге бағыттауымыз керек. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы кикілжіңнен кейін Ассамблея жұмысына біраз сын айтылды. Сол ескертулерді ескеріп, органның 25 жылдағы жұмысына талдау жасап, кем-кетігін анықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жаңаша жандандыруға, заманауи тілмен айтқанда, модернизациялауға күш жұмсалуы тиіс деп ойламын. Ассамблеяны тарату керек деген пікірлерді арагідік естіп қаламын. Меніңше, бұл институт бізге керек. Өйткені Қазақстанда тек қазақ қана өмір сүрмейді. Түрлі себеппен қазақтың жеріне қоныс аударып, осы топыраққа сіңген қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері мекен етуде. Олар – Қазақстанның толыққанды азаматы. Ел өмірінің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекеттің әл-ауқатын, экономикасын, руханиятын дамытуға шама-шарқынша үлес қосуда. Олармен ынтымақтасып өмір сүргенде ғана тірлігіміз алға басатынына уақыт дәлел. Егер Ассамблеяның қызметін бүгінгі күн сұранысына сай жетілдірсек, еліміздің маңызды бастамаларын жүзеге асыруда бұл институттың әлеуетін тиімді пайдалануға болады.