Халқымыздың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл. Ұлтымыздың ұлы тұлғасының мерейтойын мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде лайықты атап өту үшін елімізде арнайы үкіметтік комиссия құрылып, ауқымды іс-шаралар жоспары түзілгені баршаға аян.
Абай шығармалары арқылы қандастардың қазақ тілі мен әдебиетіне, ұлты мен жұртына, елі мен жеріне құштарлығын арттыра түсу үшін 2020 жылғы 28 сәуір – 28 мамыр аралығында алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ жастары арасында халықаралық байқау ұйымдастырылады. Байқауға 18 жастан бастап 35 жасқа дейінгі жастар қатысып, өзара бақ сынаса алады.
БАЙҚАУ ШАРТТАРЫ:
– Байқауға алыс-жақын ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ этникалық қазақтардың 18 бен 35 жас арасындағы ұл-қыздары – қандас жастар қатыса алады.
– Байқауға қатысушы талапкер ұлтымыздың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбаевтың өзі қалаған кез-келген шығармасынан ҮЗІНДІ жаттап:
– Абай өлеңінің бірінен үзінді оқуы (кемінде екі-үш шумақ)
– Абайдың «Қара сөздерінің» бірінен үзінді оқуы (кемінде бір абзац)
– Абай әндерінің бірінен үзіндіні (кемінде бір шумақ+қайырмасымен) мазмұнына сай мәнерлеп, нақышына келтіре орындауы керек.
– Абайдың өлеңінен, «Қара сөзінен» және әнінен үзінді орындаған талапкер өзінің аты-жөнін, қай елде, қай жерде тұратынын бейнежазбаның (видеоролик) ең басында дауыстап айтып, қоса жазуы керек.
– Байқауға қатысушы Абай шығармаларынан ҮЗІНДІ орындаған өзінің видеожазбасын өз қолайына қарай әлеуметтік желіге (Faсebook, Instagram, Twitter, VKontakte ) #OtandastarAbai175 хэштегімен салып, «Отандастар қорының» парақшасын төменде көрсетілген ресми парақшаларының бірін белгілеуі тиіс:
– Байқауға жолданатын бейнежазбаларды (видеороликтерді) қабылдаудың межелі мерзімі: 28 сәуір – 28 мамыр аралығы, 2020ж;
– Жүлдегерлер 1-маусымда анықталып, үздік үштікке енгендердің есімдері 1 маусым – халықаралық Балаларды қорғау күнінде жария етіледі және «Отандастар қорының» сайты мен әлеуметтік желілерінде жазылады.
– Байқауға жолданған бейнероликтерді білікті мамандардан құрылған қазылар алқасы іріктеп-сұрыптап, ең үздік деп танылған 3 (үш) талантты талапкер ЖҮЛДЕГЕР деп танылады.
– Жүлделі орындар: I орын – біреу; II орын – біреу; III орын – біреу. Жалпы 3 жүлде.
– 3 (үш) жүлдегерге де «Туған елге саяхат» туристік пойызына тегін жолдама беріледі.
«Туған елге саяхат» туристік пойызы кең-байтақ Қазақстанның өңірлеріне саяхат жасатып, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, әрі табиғаты тамаша өлкелермен етене таныстырады.
– Саяхат жасайтын сапар уақыты қосымша хабарланып, жүлдегерлер алдын ала құлағдар етіледі.
– Үздік үштікке енген шетелдік 3 жүлдегер қандастың Қазақстанға келіп-кететін жол шығынын, күтіп алу-шығарып салу және туристік топқа қосу міндетін «Отандастар қоры» КЕАҚ мойнына алады.
– Байқау туралы ақпараттық материалдар «Отандастар қорының» сайты мен әлеуметтік желілерде орналастырылады.
Ұлы ақынның ұлағатын паш етуге арналған байқауда баршаңызға сәттілік тілейміз!