Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы ұшақ билетінің бағасы бекітілді

ашық дереккөзі

Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы ұшақ билетінің бағасы бекітілді

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осы жылдың 1 мамырынан бастап күніне 4 рейс жиілігімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында әуе рейстерін ашу туралы шешім қабылдады. Сұраныс жоғары бағыт бойынша ұшудың басталуы – саланы қалпына келтірудің алғашқы қадамы болмақ. Әуе рейстері ҚР ДСМ Көліктегі бас санитар дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы орындалады. Қазақстан әуе компаниялары күрделі жағдайды түсіне отырып, билет бағасын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7-ден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіледі», – делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта. Ведомство мәліметінше, алдағы уақытта, жағдай жақсарған кезде ішкі рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылмақ. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуын болдырмау және дер кезінде әрекет ету мақсатында 45 ішкі бағыт бойынша аптасына 540 (100%) тұрақты жолаушылар рейсі және 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 (99%) рейс (442-ден 2 рейске дейін) тоқтатылды. «Төтенше жағдай режиміне және рейстер санының азаюына байланысты азаматтық авиация саласының 20 мың қызметкерінің шамамен 70 пайызы ақысыз демалысқа шықты. Жалпы жыл соңына дейін саладағы шығын көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін», – деп атап өтеді министрліктен.