Ақтөбе облысында карантин шектеуі 1 мамырдан бастап алынады
Ақтөбе облысында карантин шектеуі 1 мамырдан бастап алынады
Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы жедел штаб қызметтің жекелеген түрлеріне карантин режимін жеңілдетті. Шектеуді алып тастау 3 кезең бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші кезең 1 мамырда басталады. Алдымен өндірістік кәсіпорындар, құрылыс және жол құрылысы, көлік компаниялары, банктер және қаржы ұйымдары, халыққа және автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары ашылады. Сауда және қызмет көрсету салаларында азық-түлік дүкендері, дәріханалар, оптика, ателье, ломбард, айырбастау пункті, нотариалдық қызметтер, сақтандыру қызметі, фотосалон, киім жуу және химиялық тазалау орындары, кілем тазарту, аяқ киім жөндеу, кеңсе техникаларын жөндеу шеберханалары, техникалық бақылау стансалары, дөңгелек жөндеу, көлік жуу нысандары өз жұмысын бастайды. Талап бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін гүл-көшет сататын, құрылыс дүкендері, автосалондар мен тұрмыстық техника дүкендері халыққа қызмет көрсете алады.
«Өндірістегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған міндетті талаптарды орындаса, нысанның дайындығы туралы акт алса жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Сонымен бірге карантин кезінде жүргізілетін профилактикалық шараларға жауапты тұлғаларды бекітіп, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралымен қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыс орындарында дезинфекция жүргізу міндеттеледі. Нысанға қосалқы аумақтың санитарлық тазалығын үнемі қадағалау қажат. Эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, қалыпты динамика сақталса, екінші кезең – 8 мамырда, үшінші кезең – 15 мамырда енгізіледі», – деп хабарлады облыс әкімі жанындағы жедел штаб.