Кіші Фараби академиясы – ізгілік ұйымы

Кіші Фараби академиясы – ізгілік ұйымы

Кіші Фараби академиясы – ізгілік ұйымы
ашық дереккөзі
Тарихта көптеген келелі істер мен өзекті мәселелер университет жанынан құрылған үйірмелер мен мектептерден бастау алғаны белгілі. Тіпті кейбір ұйымнан бастау алған идеялар үлкен ғылыми бағытқа да ұласып кеткен жаңдайлар көп. Биылға әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойы ауқымында осындай бір университеттік мектеп жайлы айта кеткеніміз жөн болар. «Кіші Фараби академиясы» деп аталатын студенттердің зияткерлік мектебі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Қазақ Ұлттық Университетінің философия және саясаттану факультеті жанынан құрылып отыз жылға жуық уақытта көкейтесті мәселелермен айналысып келеді. Бұл зияткерлік мектеп сол кездегі «қазақ және шетел философиясы тарихы» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Лесхан Әмірханұлы Асқардың жетекшілігімен 1992  жылы құрылған. Сол бір кезеңде  университетімізде әрбір мамандықтар бойынша қазақ бөлімдері көптеп ашыла бастаған еді. Кезінде атышулы ФЭФ болып есептелінгенімен, факультетте білім алу тек орыс тілінде жүргізілді. Ал шынтуайтында, қазақ зиялы қауымы да балаларын орыс мектептерінде оқытуға бейім болып, университеттің орыс бөлімдерінде оқытатын-ды.  Сол бір 1992 жылы алғаш рет философия мамандығы бойынша қазақ бөлімі ашылып, дәрістер қазақ тілінде жүргізіле бастады. Әрбір соны бастаманың қиындықтарға тап болатыны сияқты жаңа ашылған мамандықты да қазақ тілінде оқыту оңайлыққа түскен жоқ болатын. Философия пәні бойынша әдебиеттер жоқтың қасы болатын. Әлемдік классикалық философия өкілдерінің шығармаларын тек орыс тілінен аударып оқытуға тура келді. Оқулықтар мен қазақ тілінде дәріс беретін профессор-оқытушылар құрамының да жетіспеушілігі айқын сезілетін. Ал философия мамандығының қазақ бөліміне оқуға түскендердің дені ауылдан шыққан жастар еді. Алыстан арман қуып, философ болуды аңсаған жастардың білімін шыңдауға, кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталған ниетті басшылыққа  ала отырып «Жас философтар мектебі» ашылған болатын. Әлгінде айтқанымыздай ол кезде қазақ тіліндегі материалдар қоры жоқ, оқулықтар базасы жоқ, бүгінгідей ғаламтор, google, mail ru, yandex портал сервистері мүлдем жоқ-тын. Бұның студенттер үшін қаншалықты қиын екенін айтпаса да түсінікті. Содан мектеп бастапқыда студенттерге философиялық терминдер мен мәтіндерді тереңдетіп түсіндіруге, белгілі бір деңгейде философиялық ой түюге машықтандырумен айналысты. Оқытушылар студенттердің сұрақтарыны бүкіл болмысымен жауап берді,  талмай жалықпай тәптіштеп түсіндірді. Кейінірек, мектеп жұмысы кеңіп, әржақты форматқа көше бастады. Белгілі тұлғаларды шақырып түрлі отырыстар, симпозиумдар т.б. өткізе бастады. «Жас философтар мектебіндегі» сондай басқосудың бірінде 1994 жылы белгілі фарабитанушы-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов мектептің арнайы қонағы ретінде шақырылған еді. Сол басқосуда Қасымжанов ұсынуымен, ортақ келісіммен мектеп «Кіші Фараби Академиясы» деген атауға ие болды. Кейіннен, фарабитанушы-ғалым А.Х Қасымжановтың өзімен талай-талай қызықты кездесулер өткен еді... Сол бір қиын қыстау жылдардан бастау алған «Кіші Фараби Академиясының» жұмысы бірте-бірте жандана түседі. Академия мүшелерінің бас қосуларында олардың негізгі мақсат-мүдделері айқындалып, кодексі қабылданып, жылдық жоспарлары бекітіліп отыратын. «Кіші Фараби Академиясының» негізгі ұстанымы ретінде демократизм принципі, сынау және сынға төзімділігі қағидаты және ғылым этикасын сақтау мен ұлттық бірегейлікті жоғары ұстану идеясы тұрды. Академия студенттер, магистранттар мен докторантардың және де басқа ғылым-білім жолына бет бұрған жастардың ғылыми, қоғамдық-танымдық бағытта біріктіруші ұжым болып табылды. Университет көлемімен шектелмей «Кіші Фараби академиясы» өз қызметін басқа да жоғары оқу орындарындағы жастармен, сондай-ақ, қала, республика ауқымынындағы қоғамдық-танымдық бағыттағы ұйымдармен, клубтармен тығыз байланыста жүргізді. Ширек ғасырдан астам уақыт бойында «Кіші Фараби Академиясы» қоғам өмірінің әртүрлі саласында сан қилы тақырыптарды пікірталастың талқысына салып, оған Қазақстан Республикасындағы танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлерін шақырып,  жастарға ой салатын заманауи өзекті  мәселелер бойынша кездесулер өткізіп отырды. Ислам әлемінде есімі  танымал болған теолог – ойшыл Халифа Алтай, елімізде белгілі арабтанушы ғалым, бұрынғы ҚР бас муфтиі – Әбсаттар қажы Дербісәлі, қазақтың танымал ақиық ақыны – Мұхтар Шаханов, ұлты басқа болғанымен, қазақ тілінің жанашыры болып жүрген Асылы Осман ханыммен және философ-ғалымдар Қ. Рахматуллин, М. Орынбеков, Б. Нұржанов, Ә. Нысанбаев, Ж. Молдабеков, Д. Кішібеков, Т. Ғабитов, М. Сабит, С. Нұрмұратов және басқа ғалымдар мен өнер майталмандарымен өткізген кездесулер «Кіші Фараби Академиясының» атқарған ғибратты  жұмыстарының бір парасы ғана. Мектеп ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталғандықтан,   ұлы ойшылдың тұңғиық мұрасын академия мүшелерімен бірлікте талқылау дәстүрлі үрдіске айналған-ды. Өркениет шырақшысы атанған ойшылдың ұрпағына мұра етіп қалдырған ғылыми-философиялық трактаттарын ой елегінен өткізе отырып, талдап талқылауды, насихаттауды академия жетекшілері мен мүшелері назардан тыс қалдырмады. Осы орайда, Фарабитану саласында іргелі еңбек сіңірген филос.ғ.д., профессор, ҰҒА мүшесі А.Х. Қасымжановпен және танымал математика тарихшысы атанған фарабитанушы А. Көбесовпен өткізген кездесулер оларды тыңдаған оқырманның көкейінде мәңгілік сайрайтындығына күмән жоқ.  Сол бір тәрбиесі мен берері мол дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Әл-Фараби мұрасын шаршамай-талмай зерттеп жүрген К. Таджикова, Г. Құрманғалиева, Ж. Алтаев сынды ғалымдармен «Кіші Фараби академиясының» мүшелері жиі кездесулер өткізіп, кейбір фарабитанудың түйткілді мәселелері төңірегінде сұрақтарын қойып, пікірталастар нәтижесінде өзіндік білімдерін толықтырып,  біліктілігін арттырып келеді. Ұлы ұстаздың философиялық байымдары қазіргі әлемде ізгілік қоғамын қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Білім мен тәрбиені бір бірінен ажырағысыз қараған Фарабидың жолы жастарға білім беріп қана қоймай, олардың жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерін шыңдауды да меңзейді. Бұл реттегі атқарылып отырған істерді де байқап отырмыз. «Университет 4.0» моделі инновациялық-технологиялық қана емес рухани-адамгершілік платформаларының үйлесіміне негізделген жоба ретінде әрбір білім ошағы үшін эталон болуға тиісті. Бұл модельден әл-Фарабидың ізгі қоғам туралы идеяларының мыңдаған жыл өткеніне қарамастан әлі де өміршең екенін аңғарамыз. Өміршең болатыны саламен шектелмегені, жан-жақтылығы, әмбебаптылығы. Ойшылдың ғалам, таным, болмыс, жазмыш, ойлау мен сөйлеу, тіл, адам, жан, қоғам, мемлекет туралы философиялық пайымдауларынан ғұламаның ондаған ғасыр бұрын Адам-Қоғам-Табиғат арақатынасын айшықтап кеткенін аңғарамыз. Ұлы ұстаз адам өмірінің басты мақсаты ретінде бақытқа жетуді, ізгілікті қоғамда өмір сүруді көрсетеді. Онда да бақытқа жеке-дара эгоистік ниетпен жете алмайтынын меңзейді. Сондықтан да бақытқа бірлесе, өзара көмекпен жетуді басымдық санайды. Ендеше осы «Кіші Фараби Академиясы» да игі істердегі өзара көмек пен бірлестікті мақсат тұтып отыр. Рухани қажеттіліктен туындап дүниеге келген, салиқалы да, өнегеік пен білімді негізге ала отырып, еңбек атқарған «Кіші Фараби Академиясы» өз жұмысын жалғастыра береді деп есептейміз. Әл-Фарабидің белгілі қанатты сөзін өзгерте отырып, «өнегелі берілген білім – өмірлік азық болады» демекпіз.

Л.Ә. Асқар Е.Е. Қошқарбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ұстаздары