Түркістан облысының ауруханалары жаңа аппаратпен толықты

Түркістан облысының барлық аудандық, қалалық ауруханалары Германияда өндірілген Jenny маркалы өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Жаңа медициналық аппаратты облыс әкімдігінде арнайы мамандар таныстырды. Өмірзақ Шөкеев COVID-19 инфекциясының таралуына қатысты жағдайдың қатаң бақылауда екенін атап өтті.

Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған 26 өкпені жасанды желдету аппараты ең алдымен Жетісай, Ордабасы, Кентау, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Қарабұлақ, Түлкібас аудандық орталық ауруханалары мен Түркістан қалалық орталық және балалар ауруханасына жеткізілген. Аталған қондырғыларға облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында тапсырыс берген. Сол уақытта белгіленген бағамен әрқайсысы 16 миллион теңгеге сатып алынды.

«Бұл аппараттарды алып келуге жеткізуші компания қолдау көрсетті. Жаңа қондырғылар бұрынғы, яғни қымбаттамай тұрғандағы бағамен сатып алынды. Оның үстіне неміс аппараттары балаларға да, ересектерге де арналған», – деді облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.

Әзірге облыс аумағында өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді ауыр халдегі науқастар жоқ. Алдағы уақытта оған мұқтаждар болса, өңірде аппарат саны жеткілікті. Соңғы үлгіде жабдықталған өкпені жасанды желдету аппараттары бір мезетте қан қысымын, жүрек соғысы мен кардиограммасын экранда көрсетіп тұрады.

Back to top button