Жаңалықтар

Алматы облысында азық-түліктің 193,1 мың тонна қоры бар

ашық дереккөзі

Алматы облысында азық-түліктің 193,1 мың тонна қоры бар

Алматы облысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының ай сайынғы қажеттілігі шамамен 111 мың тонна болса, қазір өңірде 193,1 мың тонна қор бар. Мәселен, тұрақтандыру қорында 26,8 млн. теңге болатын 121,7 тонна тауар бар, атап айтқанда, бидай ұны – 94 тонна, қант – 27,7 тонна, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Азық-түліктің 19 түрінен тұратын әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «Жетісу» ӘКК-мен бірлесіп тұрақтандыру қорында, өндіруші кәсіпорындарда, қоймаларда азық-түлік тауарларының қоры қанша екеніне тұрақты бақылау жасап, мониторин жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге бүгінгі күні «Жетісу» ӘКК «Алель Агро» (құс еті), «Сары-Бұлақ» (тауық жұмыртқасы), «Үштөбе-Айдын» (сүт өнімдері), «Нұр Агро» (пияз) ЖШС-лары мен «MPS» (сиыр еті) мал шаруашылығы кешені сияқты тауар өндірушілермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. Жасалған осы меморандумдарға сәйкес тауар өндірушілер бірінші кезектегі қажетті азық-түлік тауарларымен төмен бағада облыстың сауда нысандарын қамтамасыз етеді. Арзандатылған тауарлар сатылатын сауда нысандарының тізімі жасалды, бүгінгі күні осындай 17 дүкен белгіленді. Жеткізушілердің жоғарыда аталған тауарларды жіберу бағасы нарықтағыдан 10-15% төмен болады.