Алматыда заңсыз жұмыс істеген түнгі клубта туған күн тойлағандар жазаланды (видео)

Алматыда карантинге қарамастан, жұмысын жалғастырған караоке-бар мен түнгі клубта туған күн тойлағандар құрықталды.

Енді мекеме басшылары мен тәртіпке бағынбағандар жазаға тартылады деп хабарлайды  Polisia.kz.

Көңіл көтеру орындары Бостандық және Әуезов аудандарында орналасқан. Полиция мәліметінше, тәртіпке бағынбағандардың арасында туған күнін атап өткендер мен көптен бері кездеспегендер болған. Осыған байланысты Әуезов аудандық полиция департаментінің басшысы Әлішер Тұрсынбетов пікір білдірді. Оның сөзінше, 4-ықшам ауданда түнгі клубтың жұмыс істеп тұрғаны туралы полицияға жергілікті тұрғындар хабарлаған. Тұрсынбетов осы үшін оларға ризашылығын білдіруді ұмытқан жоқ.

«Тексеру нәтижесінде осы ойын-сауық мекемесінен біздің бөлімге 30 адам жеткізілді, олардың алтауы қызмет көрсету персоналы. Клуб қызметкерлерінің айтуынша, мекеме, оның иесі – 1987 жылы туған азаматтың айтуымен жұмыс істеген. Осы барда карантин туралы естімегендей әсер қалдырды: ол жерде алкоголь ішіп, би билеп, кальян шеккен. Айтпақшы, осы факторлардың барлығы инфекцияның таралуының тікелей көзі болып табылады. Өкінішке қарай, мұны барлық азаматтар біле бермейді. Бірақ карантинді сақтау шаралары, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне бағытталған”, – деді ол.

Бостандық ауданының полиция қызметкерлері жұмыс істеп тұрған караокені анықтады. Бұл мекемеге келушілерге ән айтудан бөлек, эротикалық массажға дейін көптеген қызметтер ұсынылғаны белгілі болды. Бостандық аудандық полиция департаментінің басшысы Дәурен Өтебаев та бұл ақпаратты растап отыр.

“Ұсталғандарға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 476 бабы 6 бөлімі бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды. Сот шешімімен олардың 9-ы әкімшілік қамауға алынды, қалғандарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Біз азаматтарды, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілерін төтенше жағдай және карантин ережелерін, сондай-ақ, олардың талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Әйтпесе, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған”, – деді ол.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button