ТЖ кезінде қазақстандықтар төрт мыңнан астам көлікті онлайн тіркеген

ТЖ кезінде қазақстандықтар төрт мыңнан астам көлікті онлайн тіркеген

ТЖ кезінде қазақстандықтар төрт мыңнан астам көлікті онлайн тіркеген
ашық дереккөзі
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғалы бері egov.kz порталы арқылы онлайн түрде 4 306 автомобиль тіркелді. Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автоХҚО-дың жұмысы 26 наурыздан бастап тоқтатылған болатын. Ел тұрғындары мемлекеттік қызметтерді тек электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырды. «Біз мамандандырылған ХҚО-лар жабылғаннан кейін азаматтар арасында портал арқылы көлік құралдарын қайта тіркеу қызметі сұранысқа ие болмайды деп болжадық. Себебі әлі де көбісі көлікті автоХҚО-да тіркеуді жөн көреді. Бірақ статистика көрсеткендей, қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде де көлік сатып алып, оны өздігінен қайта тіркеуге қоя алады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева. Көліктерді қайта тіркеу қызметі egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн режимінде алу үшін сатушы ЭЦҚ-ны пайдаланып, egov.kz порталына кіріп, сатылатын көлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салықтар бойынша берешекті тексеруге сұраныс жіберуі керек. Егер бар болса, электрондық үкімет порталы арқылы төлеп, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қояды. Осыдан кейін сатып алушы электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіндегі өтінішпен таныса алады, онда айыппұлдарды тексеріп болғаннан кейін мемлекеттік нөмір және техпаспорт үшін тиісті алымдар мен тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Сатып алушы мәмілені өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Кейін автоХҚО-ға тек дайын болған нөмір мен техникалық төлқұжатты алып кету үшін барады.