Ақтөбе облысында ТЖ режимін бұзған 199 адам қамауға алынды
Ақтөбе облысында ТЖ режимін бұзған 199 адам қамауға алынды
Ақтөбе облысында төтенше жағдай кезінде 1 мыңнан астам тәртіп бұзылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге төтенше жағдай режимін бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Осы күнге дейін Ақтөбе облысында тәртіп сақшылары ТЖ режимін бұзған 1021 деректі тіркеді. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 476-бабы (ТЖ режимін бұзу) бойынша 1012 – құқық бұзушылық деп танылып, 199 адам қамауға алынды. 237 адамға айыппұл салынып, 523 ескерту жасалды, 44 материал сотқа жіберілді.
ҚР ӘҚБтК 478-бабы бойынша (ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер) 46 бұзушылық анықталды, оның ішінде 22 адамға айыппұл салынды, 24-і қамауға алынды», - делінген хабарламада.
Мысалы, Рысқұлов көшесінде полиция қызметкерлері 29 жастағы ер адамды тоқтатқан, ол қоғамдық орында мас күйінде карантин режимін бұзған және учаскелік полиция пунктіне жеткізу кезінде заңды талаптарға бағынбады. Ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тұрғындардың блок-бекеттерін заңсыз айналып өту фактілері орын алуда, мұндай бұзушылықтардың саны 73–ке жетті.
Полиция департаменті қала тұрғындарын қабылдап жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды. Осы іс-шаралардың барлығы инфекцияны таратпаудың алдын алу мақсатында өткізіледі. Қауіпсіздік шараларын сақтауды, жеке қорғану құралдарын (маскалар мен медициналық қолғаптар) киіп жүруді, аса қажетсіз далаға шықпауды сұраймыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.