Мемлекеттік қызметші суға кеткен қызды құтқарып қалды

Мемлекеттік қызметші суға кеткен қызды құтқарып қалды

Мемлекеттік қызметші суға кеткен қызды құтқарып қалды
ашық дереккөзі
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы бойынша карантиндік режим енгізілген болатын. Карантин режимін сақтау бойынша Келес ауданында бақылау бекеттері орнатылып, соның Абай-Біртілек ауылдарының арасындағы бекет маңындағы «Ошақты» каналында 21 сәуірде кешкі сағат 18:00 шамасында оқыс оқиға орын алды. 19 жас шамасындағы қыз бала өзін суға тастап жіберген. Келес аудандық әкімдігінің жетекші маманы Бексұлтан Арапбай қыздың өзін суға тастағанын байқап қалады. Дереу шешім қабылдаған Бексұлтан суға секіріп, ағыспен ағып бара жатқан қызды ажал аузынан аман алып қалады. «Бір Алла сақтады, себебі мен ол қызды құтқармақ болып суға секіріп барғанда, қыз талып канал табанына кетіп бара жатқан еді. Дер кезінде судан шығарып, алғашқы көмек көрсеттік, – дейді Бексұлтан Ғабиддинұлы. Кейіннен мәлім болғандай, суға түскен қыз баланың эпилепсия ауруымен ауыратыны анықталған. Ол өзін жайсыз сезініп, суға секіріп кеткен. Адамдардың қауіпсіздігін сақтауда бақылау жасаған Бексұлтан Арапбай осылайша жас қыздың өмірін сақтап қалды. Арапбай Бексұлтан Ғабиддинұлы Келес ауданы Абай ауылы әкімдігінде жетекші маман болып жұмыс істейді. Отбасында үйдің үлкені, анасы және артынан ерген 2 қарындасы, 1 інісі бар. Өз өмірін қауіпке тігіп, өрімдей қызды ажалдан арашалап қалған азаматқа бойжеткеннің ата-анасы мен ағайын-туыстары алғыс білдіріп, ақ батасын берген.