Шымкентте тағы 20 мыңға жуық отбасыға 50 мың теңгеден беріледі
Шымкентте тағы 20 мыңға жуық отбасыға 50 мың теңгеден беріледі
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Facebook пен Instagram аккаунты арқылы тікелей эфирге шығып, төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Бұл туралы aikyn.kz жазды.
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты уақытша жұмысы тоқтағандарға, үйінен шыға алмай қалған аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан мейілінше көмек көрсетіліп жатыр.
Соның бірі карантин енгізілген өңірлерде халықтың жекелеген санаттарының коммуналдық шығыны үшін тұтынушылардың дербес шоттарына 15 мың теңгеден аударылатын болғаны белгілі. Ондай көмек әлеуметтік аз қамтылғандарға, көпбалалы аналарға, жалғызбасты зейнеткерлерге тағы басқа азаматтарға көрсетілмек. Алайда, оларға қойылатын талаптың бірі коммуналдық төлем жасайтын дербес шот көмек алатын адамның немесе сол үйде тұратын жанның атында болуы тиіс. Міне, осы тұста түсінбеушілік орын алып, халық арасында тағы дау шыққалы тұр. Яғни тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылардың көбі пәтер жалдап тұратынын ескерсек, дербес шот олардың емес, пәтер иесінің атында болады.
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Facebook пен Instagram аккаунты арқылы тікелей эфирге шықты.
Қатысушылардың басым бөлігінің сұрағы да коммуналдық төлем жайында болды. Бахадыр Мәдәлұлы аталған сұрақтарға толыққанды жауап алу үшін, осы салаға жауапты Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапты маманын тікелей эфирге қосып, тұрғындардың сауалын жолдады.
Б.Нарымбетов коммуналдық төлем үшін берілетін 15000 теңге бойынша қойылатын сұрақтардың 90 пайызы жоғарыда атап өткен мәселеге байланысты болғандықтан тиісті сала басшылығына министрлікке бұл бойынша ұсыныс жолдауын сұрады.
«Шын мәнінде де бұл жүйе әлі де толықтырылуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі еліміздегі анық мұқтаж жандар пәтер жалдап тұратыны жасырын емес. Дербес шот олардың атында болмайтыны да рас. Сондықтан тиісті министрлік бұл жүйені қайта қарау үшін біздің тарапымыздан да ұсыныс берерміз», – деді Б.Нарымбетов қатысушыларға.
Бахадыр Мәдәлұлы тікелей эфир арқылы Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы тарапынан төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Тікелей эфирге қатысып отырған 300-ге жуық қатысушы негізінен «Біз біргеміз!» акциясы аясында беріліп жатқан 50 мың теңге төңірегінде сұрақтарды бірінен соң бірі жолдап жатты. Бұл туралы қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары аталған қаржының мемлекет тарапынан емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Biz Birgemiz» қорына қалталы азаматтардан жиналған қаражаттың қазақстандық халықтың әлеуметтік әлсіз санатына кіретін мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін беріліп жатқанын түсіндірді.
Шымкент қаласында аталған санатқа кіретін 133 мыңға жуық тұрғын бар екен. Алайда, осы уақытқа дейін әкімдік қызметкерлерімен бірге әбден зерделеніп, ең мұқтаж деген 21 864 отбасыға «Biz Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден аударылған. Енді екінші транш бойынша 19 766 отбасыға берілмек. Бұл «50 мың теңгеден берілетін көмек қаржы тағы да беріле ме?» деп сұрағандарға да нақты жауап болды.
Тікелей эфир барысында бұдан бөлек, мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42500 теңге жәрдем ақша туралы да көптеген сұрақтар қойылды. Мұндай сұрақтардың басым бөлігіне Бахадыр Мәдәліұлының өзі жауап берді.
Ал, «42500 теңге атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табыс көзіне кіріп кетпей ме?» деп сұраушыларға қалалық жұмыспен қамту бөліміне тікелей хабарласып, нақты жауап алып берді. Жауапты маман атаулы әлеуметтік көмек үшін 42500 теңгенің дәл қазір табыс көзі болмайтынымен, келесі тоқсанда табыс көзіне кіруі мүмкін екенін жеткізді.
Жалпы, 2 сағатқа созылған тікелей эфир кезінде қатысушылар көптеген сұрақтарға жауап алды.