«Тоныкөк жылы» ресми ашық деп жарияланды
«Тоныкөк жылы» ресми ашық деп жарияланды
Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге шешім қабылданған болатын. Осыған орай, бүгін 24 сәуір күні Түркі академиясы «Тоныкөк жылын» ресми ашық деп жариялап, «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мирасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн видеоконференция өткізді.
Алқалы басқосуды жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғашқы сөзді Ахмет Алтай Дженгизер мырзаға берді. Өз сөзінде Білге Тоныкөк мұрасының әлемдік өркениет үшін маңызы зор екенін атап өткен қайраткер осы тұрғыда Академияның бастамаларын жоғары бағалайтынын білдірді.
Сонымен қатар, құттықтау сөз алған халықаралық әріптес ұйымдардың басшылары мен өкілдері Тоныкөк ескерткіші мерейтойының ЮНЕСКО аясында атап өтілуі – бауырлас халықтардың мерейі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалық екенін айтты.
Мәртебелі меймандардың құттықтау сөзінен кейін қатысушыларға Түркі академиясы әзірлеген «Bilge Tonyquq» жинағы таныстырылды. Тоныкөк ескерткіші мәтінінің 12 тілдегі аудармасы топтастырылып, ғылыми транскрипциясы қоса берілген бірегей басылымның лентасын Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық студия-залынан қатысып отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қиып, оқырманға құтты болсын айтты.
Бұдан кейін конференцияның жалпы отырысы басталып, есімі елге белгілі түркологтар мен ғалымдар Осман Фикри Серткая (Түркия), Тимур Коджаоғлу (АҚШ), Иштван Зимони (Мажарстан), Кадыралы Конкабаев (Қырғызстан), Женгиз Айылмаз, Ахмет Ташағыл (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Ирина Невская (Германия), Юлай Шамилоғлу (АҚШ), Эрхан Айдын (Түркия), Ғайболла Бабаяров (Өзбекстан) мағыналы баяндама жасап, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Өз кезегінде Моңғолия Ұлттық музейінің басшысы Д.Сүхбаатар музейдегі Тоныкөкке қатысты экспонаттарды арнайы таныстырды.
Конференцияны қортындылаған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Академияға мүше елдерде биыл жыл бойы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған шаралар өтетінін айтты. Сонымен қатар, ол Моңғолия тарабының бастамасын қолдай отырып, Тоныкөк мұраларын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізуді ұсынды.
Қатысушылар алғаш рет тікелей бейнебайланыс арқылы бірнеше тілде ілеспе аудармамен ұйымдастырылған ауқымды халықаралық конференцияның сәтті өткеніне ризашылығын білдіріп, Академия жұмысына табыс тіледі.