Қазіргі ахуал 2008 жылғы дағдарыстан әлдеқайда күрделі – Путин
Қазіргі ахуал 2008 жылғы дағдарыстан әлдеқайда күрделі – Путин
Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, коронавирустың таралуы салдарынан пайда болған қазіргі дағдарыс 2008 жылғы дағдарыстан әлдеқайда ауыр.
– Қазіргі ахуал 2008–2009 жылдардағы жағдайдан әлдеқайда күрделі. Ол уақытта бүкіләлемдік қаржы дағдарысы болды, ол да шекара сыртынан келген еді. Ал қазір пандемия ел ішіндегі іскерлік белсенділікті шектеп отыр. Мұның салдары тіпті ауыр, – деді В. Путин пандемия жағдайында автоөндірісті дамытуға арналған кеңесте.
Ресей басшысының сөзінше, тұтынушы нарық пен жалпы экономиканың жағдайын көп жағдайда отандық автокөлік өндірісінің көрсеткіштері айқындайды. Сондықтан бұл саланың даму қарқынын сақтау маңызды.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша, Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны 68 622-ге жетті. Соңғы тәулікте індетке шалдығудың 5849 жаңа дерегі анықталған. Сондай-ақ, бір күн ішінде 60 науқас көз жұмған. Елдегі індет құрбандарының жалпы саны 615-ке жетті.
Ал Қазақстанда коронавирус инфекциясын 2376 адам жұқтырды. Олардың 602-сі емделіп шықты. Дерті асқынған 25 науқас қайтыс болды.