Коронавирус күзде қайта өршуі мүмкін – эпидемиологтар болжамы
Коронавирус күзде қайта өршуі мүмкін – эпидемиологтар болжамы
Қазақстандық эпидемиологтар биыл күзде елімізде коронавирустың қайта өршуі мүмкін екенін болжап отыр, – деп хабарлады «Еуразия» бірінші арнасы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен видеоконференция өткізген эпидемиолог-ғалымдардың пікірінше, коронавирус инфекциясы күзде тұмаумен бірге қайта өршуі ықтимал. Сарапшылар осы себепті халықтың көбіне тұмауға қарсы вакцина жасалуы керегін айтады.
«Маусымдық гипотезаны қазір ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Маусымдық жағдайда тұмау қатты жүрмеуі ықтимал. Бұл эпидемия жазға, одан әрі қарай күзге дейін де жалғасуы мүмкін», – дейді С.Аспендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеу жұмыстары бойынша проректоры Бауыржан Жүсіпов.
COVID-19 ауруын зерттеу үшін қазақстандық ғалымдар биоматериалдар банкін құруды ұсынып отыр.
Телеарнаның хабарлауынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін бүгінде алты бірдей хаттамаға сүйенуде.
Ғалымдармен кездесу барысында министр Ұлттық инфекциялық аурулар орталығын құру туралы сөз қозғаған.