Жаңалықтар

Тәртіп пен заң – бәрімізге ортақ

ашық дереккөзі

Тәртіп пен заң – бәрімізге ортақ

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің өзге мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып жасаған болжамы естеріңізде шығар,  сәуірдің ортасына дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 3 500-ге жетуі мүмкін деген еді Елжан Біртанов. Абырой болғанда бұл шынымен де тек болжам ғана болатын. Дәл бүгінгі күні індетті жұқтырғандар саны 2251, жазылып шыққандары 551, қайтыс болғандар 20 адам болып отыр. Наурыз айында елімізге ентелей кірген індеттің бір ай ішінде 3 500-ге жете қоймауының да нақты  себептері бар. Барлығымыз үшін ең басты басымдық азаматтардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі болып табылатынын ескере отырып, мемлекет  – елімізде шұғыл ТЖ режимін жариялады.  Басты мақсат - қоғамдық тәртіпті күшейту арқылы вирустың қарқынды таралуына жол бермеу. Заң мен тәртіп – жалпыға ортақ. Өкініштісі сол, індеттің алдын алуға, өзін де, өзгені де сақтап қалуға атсалысуға бейқамбыз. Тәртіпке бағынғысы келмейтін не бір «батырлардың» бой көрсете беруінен қоғамды індетпен қатар бейберекеттік жайлап барады. АЗАМАТ САДЫҚОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі:

ТӘРТІП БҰЗҒАНДАР ЖАЗАЛАРЫН АЛУДА

– Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 700 адам карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үшеуіне ескерту жасалып, 453-іне  айыппұл салынды. 214-і қамауға алынды. Олардың арасында 10 жағдай полиция қызметкерлеріне қарсыласу бойынша тіркеліп, 1 азаматтың ісі соттың қарауына жіберілді. Қалған 8-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, біреуі айыппұл төледі. Бұлардың басым бөлігі шектеу қойылған жол бекеттеріндегі карантин уақытындағы талап пен тәртіпті орындағысы келмегендер. Сондай-ақ, қала аумағында кіріп-шығу режимін бұзғандар мен қоғамдық тәртіпке мойынсұнбаған азаматтардың барлығы да Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 476-бабының 6-бөлімі бойынша жауапқа тартылатын болады. Елордамыз  Нұр-Сұлтан қаласында  ТЖ жарияланған бірінші күннен-ақ  автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына шектеу енгізілді. Қалаға кіретін барлық жерлер жабылып, 6 арнайы қадағалау бекеті қойылды. Оларда тәулік бойы Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге полиция қызметкерлері жұмыс істеп тұр. Бұған дейін қала аумағынан шығып кетіп, қайта оралған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ғана басымдық берілді. Оның өзі тәртіп сақшыларының арнайы  тіркеу есептері арқылы тексеріліп, егер тіркеу және куәландыратын құжаттар болса ғана,  қалаға кіруге рұқсат берілуі қарастырылған. Бірақ, қынжылтатыны, тәртіптің темірдей қатал екендігін күн сайын азаматтар есіне сала беруіміз керек сияқты. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығын сақтау үшін қажет екендігін бәрі бірдей түсіне бермейді.

Әсел Жақсыбай