АҚШ иммиграцияны 2 айға тоқтатты

Ақ үй басшысы иммиграцияны 60 күнге тоқтату туралы қаулыға қол қойды. Осылайша Дональд Трамп америкалық жұмыс орындарын сақтап қалмақ.  

Коронавирустың таралуына байланысты жұмысы тоқтап, нәпақасынан  айрылған АҚШ тұрғындары ертеңгі күнге алаңдаулы. Америкалықтардың қорқынышын сейілту үшін АҚШ президенті бос жұмыс орындарына бірінші кезекте жергілікті азаматтарды қабылдауға пәрмен берді. Бұл шектеудің медицина қызметкерлері мен коронавируске қарсы күреске тартылатын өзге мамандарға қатысы жоқ.

Джон Хопкинс университетінің дерегінше, Құрама штаттарда 848 735 адам індет жұқтырған.  Оның 27 мыңнан астамы – соңғы тәулікте анықталғандар. Бір тәулікте 2,1 мың науқас көз жұмып, елдегі вирус құрбандарының жалпы саны 47 мыңнан асып жығылды.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус 2207 адамнан анықталды. Науқастардың 20-сы көз жұмды, 536-сы емделіп шықты.

Back to top button